Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы – С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының «Сырдың сырлы әлемі» атты жылжымалы көрмесі Батыс Қазақстан облысына келді.
«Атамекен» өнер ордасында екі апта тұратын көрменің мақсаты – екі облыс суретшілерін мәдени және рухани байланыстырып, өзара шығармашылық тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау, Қызылорда облысы суретшілерінің туындыларын Орал халқына көрсету. Көрмеде Әбілхан Қастеев, Ольга Кужеленко, В.Кузенков, Гүлфайруз Исмайлова сынды қазақ ұлттық сурет өнері классиктерінің шығармаларынан бастап, отандық жаңа бағыт өкілдері Салихитдин Айтбаев, Әбілқасым Сәрсенбаев, Шәкірбек Саменов, Ясби Ағытаев, Аманкелді Кененбаев, Әбділда Абызбеков, Жаңаберген Осымбетов, Өркен Мамақова, т.б. танымал өнер иелерінің барлығы 73 туындысы қойылды.
Көрменің ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев сөз сөйлеп, Сыр елінен рухани-мәдени істі бастап келген қонақтарға Ақжайық жұртының атынан алғыс білдірді. Ал Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев қонақжайлық танытқан «Атамекен» өнер ордасының директоры Бауыржан Халиоллаға ризашылық білдіріп, көркемсурет қорына картина сыйға тартты.
«Қазіргі таңда С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының қорында 800-ге жуық құнды туынды бар. Біз Оралға жоғарыда аты аталған өнер иелерінің шығармасынан бөлек, галерея қорындағы өзбекстандық суретші Дилором Мамедованың пастоздық техникада орындалған «Арал маңындағы ауыл» картинасы мен қырғыз суретшісі Урмат Сереңовтің «Қорқыт туралы аңыз» картинасын әкелдік. Сыр елінің тарихын шығармашылығына арқау еткен Темірбек Сағымбаев, Нұркен Қалымбетов, Ұлмекен Мауытова, Дәулетбек Тойшыбаевтың жұмыстары да көрерменді бейжай қалдырмас деген ойдамыз», дейді Сапар Әлиасқарұлы.
Батыс Қазақстан облысы