Өзбекстанның бас шаһары Ташкентте бірқатар мемлекет өкілдерінің қатысуымен кәсіпқой бокс кеші өтті. Аталған жарысты тамашалау үшін көптеген атақты спортшылар келді. Солардың қатарында кезінде аса ауыр салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанған даңқты Майк Тайсон мен Эвандер Холифилд те болды.
Сойқан соққылы саңлақтардың өнерін тамашалау үшін жанкүйерлер «Хумо Аренаға» көптеп жиналды. Жарыстың басты жекпе-жегінде ара-тұра кәсіпқой рингте күш сынасып жүрген әуесқой бокстың шоқ жұлдызы Баходир Жалолов пен Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) мықтысы Крис Томпсон жұдырықтасты. 29 жастағы Өзбекстан мақтанышының Олимпия (2021) мен Азия ойындарының (2022) жеңімпазы, әлемнің екі (2019, 2023) және Азияның үш (2017, 2019, 2021) дүркін чемпионы деген атақтары бар. Баходир Жалоловтың біздің Қамшыбек Қоңқабаевты үнемі қапы қалдырып жүргенін жұрт жақсы біледі. Кәсіпқойлар арасында Баходир 13 кездесу өткізіп, барлығында айқын басымдық танытты. Әзірге бірде-бір боксшы оның қарқынына шыдамады. 28 жастағы Томпсон кәсіпқой рингте 2007 жылдан бері бақ сынап келеді. Алты жыл аралығында 18 мәрте шаршы алаңға көтерілген ол 12 рет жеңіске жетіп, 5 рет ұтылды. Тағы бір тартыста тең есеп тіркелді. Крис жеті қарсыласын есінен тандырды. Бірақ бұл бәсекенің басталғанынан аяқталғаны тез болды. Баходир бірінші раундта-ақ ОАР өкілін ауыр соққысымен сұлатып салды.
Жарыстың басты бәсекелерінің бірінде қазақтың ұлы Мейірім Нұрсұлтанов ит арқасы қияндағы сонау Чилиден келген Хулио Аламоспен айқасты. 30 жастағы қандасымыз 20 жекпе-жектің бірде-біреуінде ұтылған емес. 11 қарсыласын ол нокаутқа жіберді. 32 жастағы Сантьягоның тумасы алғашқы 16 кездесуін жеңіспен аяқтап, тоғыз бәсекелесін айқын жеңді. Соңғы рет биыл жазда италиялық Этинос Олихаға ұпай санымен есе жіберді. Соның салдарынан чилилік спортшы IBO нұсқасы бойынша алтын белбеуді иелену мүмкіндігінен айырылды. Ташкенттің төрінде екеуі де аянбай айқасып, бәсекенің басынан аяғына дейін барын салды. Десек те Мейірімнің басымдығы байқалып тұрды. Оның соққылары жойқын болды және дәлірек тиді. 12 раундқа созылған сайыста қандасымыз ұпай санымен жеңіске жетті. Сөйтіп, Мейірім Нұрсұлтанов орта салмақтағы WBC нұсқасының чемпиондық белбеуі үшін таласу мүмкіндігіне ие болады. Ал бұл атақ әлі де жеңілістің кермек дәмін татпаған АҚШ-тың даңқты боксшысы Джермалл Чарлоға тиесілі.
Өкінішке қарай, рейтингтік бәсекелерде өзбек боксшыларына қарсы шыққан үш жерлесіміз оңбай сүрінді. Атап айтсақ, Артем Пчеляков Шухрат Абдуллаевтан, Богдан Өтегенов Комронбек Тұрғынбоевтан нокаутпен жеңілсе, Ходжиакбар Кадирохуновтан ұпай санымен ұтылды. Әйтеуір аса ауыр салмақтағы Мұхитдин Әбдиевтің Шерзод Мамажановқа әлі жеткені көңілге медет болды.