Өткен аптаның соңында елімізге Ресей батыры, Мемлекеттік думаның депутаты, атағы жер жарған жампоз, әйгілі спортшы Александр Карелин келді. Астанада ол Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) штаб-пәтеріне бас сұқты. Сол жеде балғын балуандармен кездесіп, оларға өзінің ақыл-кеңесін берді.
Әлемдік спорт тарихында Александр Карелиннің алатын орны ерекше. 1967 жылдың 19 қыркүйегінде Новосібірде дүниеге келген болашақ жұлдыз 13 жасынан бастап, грек-рим күресіне ден қойды. Жасөспірімдер мен жастардың жарысында қарсылас шақ келтірмеген ол алғаш рет 1987 жылы ересектер дуында тырнақалды табысқа қол жеткізеді. Омбыда ұйымдастырылған КСРО чемпионатының финалында қарағандылық Игорь Ростороцкийге есе жіберген Александр күміс медальды мойнына ілді. Арада бір жыл өткен соң Тбилисиде дәл сол жерлесімізді жеңіп, Одақ біріншілігінің бас жүлдесін олжалады. Сол кезден бері «Орыс аюының» жеңісті жолы басталады. Ұзақ жылдар бойы жер жаһанда техникалық арсеналы мол, қара күшке бай Карелинді тоқтататын бірде-бір адам табылмады. Оны жеңу былай тұрсын, тең дәрежеде тіресудің өзі мүмкін емес еді. Жер жаһанның өзге дүлдүлдері Александрдың «артқы белбеуінен» құтыла алмай қор болды.
Сан Санычтың (достар, әріптестері, бапкерлер мен басқалар Карелинді осылай еркелетеді – ред) 1987-2000 жылдар аралығында бағындырған негізгі белестері мынадай: Олимпия ойындарының 3 дүркін жеңімпазы (1988, 1992, 1996), әлемнің 9 дүркін (1989, 1990, 1991, 1993, 1994, 1995, 1997, 1998, 1999) және Еуропаның 12 дүркін (1988, 1989, 1990, 1991, 1992, 1993, 1994, 1995, 1996, 1998, 1999, 2000) чемпионы және Әлем кубогінің иегері (1987). Сондай-ақ Карелин тағы басқа көптеген халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Бір сөзбен айтсақ, Ресей балуаны жоғары көрсетілген уақыт аралығында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Оған көптеген рекордтық көрсеткіштер тиесілі. Александр өз елі, шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдарының бірқатар ордені және медалімен марапатталды.
Десек те 13 жыл бойы адам баласына бет қаратпаған 33 жастағы Александр Карелин 2000 жылы Сидней Олимпиадасында сәтсіздікке ұшырады. Ақтық айқасқа дейін барлық қарсыласын сыпыра ұтқан «Орыс аюы» финалда 29 жастағы есімі көпшілікке беймәлім АҚШ балуаны Рулон Гарднерге ойда-жоқта ұтылып қалды. Бұл ғасырлар тоғысында алауы тұтанған Олимпия ойындарының басты сенсацияларының бірі болды. Содан кейін дәуірі өтіп, күш-қуаты сарқылғанын сезінген Сан Саныч үлкен спорттан қол үзді.
Атағы жер жарған Александр Карелин қазақтың даңқты балуаны, Алаштың абзал азаматы, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыхановпен жақсы араласады. Екеуі өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысынан бері жақсы араласады. КСРО чемпионаттарында бірге күресті, Сеул, Барселона және Атланта Олимпиадаларында қатар жүрді. Әлем чемпионаттарында бірге болды. Бір сөзбен айтсақ, екеуі сыйлас және сырлас достар. Бұл жолы Карелиннің Қазақстанға келуіне де түрткі болған Тұрлыханов екені сөзсіз. Өйткені 18 қарашада Олимпия ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем мен Еуропа чемпионы, Кеңес одағы біріншілігінде жеті рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген Дәулет ағамыз 60 жасқа толды. Досына құрмет пен ізет көрсету үшін Сан Саныч Астанаға арнайы ат басын бұрды. Бұл да сыйластықтың бір белгісі.