Мың тоғыз жүз тоқсан алтыншы жылдың мамыражай жазы болатын. Ол кезде әлеуметтік желі деген атымен жоқ. Бар қазақ республикалық бірнеше басылымның бетіне қараймыз. Және қай газетте қандай тілші еңбек етіп жатқанын, оның қалам сілтесі қалай екенін назардан тыс қалдырмаймыз. Осы жылдары қазақ баспасөзінің қасқа нары – Марат Қабанбаев еді. Өз басым бұл қаламгердің жазған-сызғанын қалдырмай оқушы едім.
Сонау ит арқасы қиянда жатсам да, «Ана тілі» газетінің сүлейі, жазғанын күллі жұрт тамсана оқитын Маратпен хат жазысып тұрдым. Бірде Мәкең: «Ей, бала, андағы Тарбағатай сен отыратындай оба емес, шамаң келсе ұш», депті. Қалай ұшам, қайда қонам, ол жағын ашып айтпаған. Сөйтіп, ұшар бағытымды анықтап алайын деп, Алматыға тарттым. «Ана тілі» газетінің редакциясын тауып бардым. Мәкең отыр. Үстелі жылан жалағандай тап-таза, үстінде аппақ қос парақ жатыр. Кабинетінен кітап атаулыны көрмейсіз. Тегі барлық ақпарды бұрынғы қазақтар тәрізді жадында сақтайды-ау деймін...
Осы сапарымда редакция қызметкерлері арасынан газет тілшісі Раушан Төленқызын көрдім. Қызметтестеріне дастарқан жайған екен, содан дәм таттық. Раушанның жазған-сызғандарын бұған дейін-ақ оқып-тоқып алғанбыз. Көбінде ақпарат стиліндегі дүниелер, қысқа-нұсқа жазады, сөз саптасы жатық, баяндау қисыны тобылғы сапты қамшының өріміндей сыптығыр, арасына ине өтпейді. Байқаймын қалам сипатында тектілік бар, жылы аяңмен жіктеп-жіліктеп жазады, сөз-сөйлемі қазақы «тілге жеңіл, жүрекке жылы, теп-тегіс жұмыр келген айналасы». Ол кезде Раушан таудың тағы аңындай далада жүрген біз пақырға кәдімгідей – үлгі.
«Ана тілі» газетінде қызмет атқарған һәм ауыздық басып шапқан кезде бәйгенің алдын бермейтін көсемсөзші марқұм Сабыржан Шүкірұлы былай депті: «Раушан Төленқызы – шағын ақпарат жанрын газетке ойнатып беруімен өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Нақтырақ айтар болсам, ресми мәліметті қазақы тілмен ойнатып беру стилін қазақ баспасөзіне енгізді». Бұған ешқандай алып-қосар жоқ, шындық осы.
Кейін білдім, Раушан қазақ журналистикасына мына біз сияқты көлденеңнен қосылғандар сойынан емес екен. Алғашқы қадамын 1980-жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» және «Лениншіл жас» газеттерінде қатардағы корректор болып бастапты. Яғни сөз бен сөйлемнің, үтір мен нүктенің, төл сөз бен төлеу сөздің қолданыс аясын керемет білетіні содан екен. Бәсе деймін: Жазуы өте сауатты, тым жинақы әрі тиянақты, сондай әдепті, атам қазақ көп айтатын «қыздың жиған жүгіндей».
Әріптесі һәм танымал журналист Қали Сәрсенбай: «Раушан Төленқызы – журналистикаға екпіндеп, елпілдеп емес, әдеппен келді» дегеніндей, бұл кісі былайғы өмірде, тіпті журналистік алас-күлес «қан майданның» өзінде Абай атамыз айтқандай, «Жүректен қозғайды, әдептен озбайды». Жалпы, әдеп дегеніміз – адамгершіліктің ұстыны екені анық. Осы әдеп Раушанға отбасылық тәлімнен дарығаны хақ. Бұл қасиеті бар болмысында менмұндалап тұрады. Оны қалай аңғардың десеңіз, 2006-2009 жылдары Раушан Төленқызымен «Астана ақшамы» газетінде бірге қызмет істедік. Бұл кез – елорда бой көтеріп, ұлттың әлсіреген рухына жан бітіп жатқан тұс.
Раушан бұған дейін үлкен мектептен өтіп, күлдің астынан феникс құстай түлеп шыққан, нағыз бұқаралық басылым, ХХ ғасырдағы ұлттық газеттің үлгісі «Ана тілінде» он жылдан аса еңбек етіп, ғасыр басындағы алаштаным идеясын іс жүзінде тірілткен тұлға, жасампаз редактор Жарылқап Бейсенбайұлының шыңдауынан өткен болатын. Яғни суы қанған қанжардай лыпып тұрған-тын.
Есімде қалғаны, бірде қалалық Тілдер басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы әлемде шашырап жүрген талантты қазақтарды жинап, зор мәжіліс өткізді. Оған Ресейден тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов, Моңғолиядан тұңғыш Олимпиадаға қатысқан қазақ қызы Алданыш Рамазан және Мәскеуден кино режиссерлік оқу бітірген сол кездің өзінде қытай кинематографиясы саласынан ойып орын алған талантты режиссер Жанар Сағатқызы қатарлы тұлғалар бас қосты.
Әлі күнге таңмын. Күн жамбасқа ауып кеткен кез. Басқосу өтіп жатқан залдың бір бұрышында Раушан қолына диктофонын ұстап, Жанармен сөйлесіп отырған. Таң атты. Жұмысқа келдік. Раушан газеттің айқарма қос бетін жабатын көлемді сұхбатты солқ еткізіп бас редактор Амантай Шәріптің алдына тастады. Әбекең шап беріп оқып жатыр. Соңғы бетін жапты. – Міне, сұхбатты осылай жасау керек, сұрағы қандай жүйелі, баяндау стиліне қараңыз: бейнелі характер де бар, тіпті детективті сюжеттерді керемет сәтті қолданған, бір түнде бұндай шедевр жасап шығу мүмкін емес сияқты, бірақ Раушан жасады, – деп телегей теңіз тебіренгені есімде.
Көпшілік айтады: «Раушан қазақ баспасөзінде сұхбат жанрын кемелдендірді» деп. Ол рас. Көпшілік ойлайды: сұхбат деген ол сұрақ қойып, айтқан жауабын жаза салу деп. Олай емес. Әрқилы мамандық иелеріне (филолог, соғыс ардагері, әнші, мүсінші, этнограф, жазушы т.б.) сұрақ қою үшін де кемел білімің болуға тиіс. Әйтпесе, сұхбат жанры саған жалын ұстатпайды. Қажет болса, қақ маңдайдан теуіп жібереді. Расын айтсам, осы сұхбат жанрының жалынан жасқанбай ұстаған журналшы Раушан. Сөйтіп, өзінің жолын, өзінің мектебін, өзінің стилін, өзінің тұлғасын қалыптастырды. Жуықта «Мәдениет» атты порталда шағын мақала жарық көріпті. Онда: «Раушан Төленқызы – қазақ журналистикасында сұхбат жанрының виртуозы» деген теңеу жүрсе, танымал журналист-қаламгер, қазіргі белді сенатор Нұртөре Жүсіп: «Раушанның ұлт журналистикасына қосқан үлесі ер-азаматтардан кем емес. Ол сұхбаттасқанда адамның ішкі әлеміне үңіледі, жан дүниесін қозғайды» деп бағалауы кіл ондыққа дәл тиген дөп пайым.
Раушан Төленқызы «Астана ақшамы» газетінде жұмыс атқарған жылдары басылым редакторы Амантай Жарылқасынұлының бастамасымен көзі тірі қайраткердің бәрінен сұхбат алып, ол жазбаларды газет арқылы болашаққа аманаттау ісі қолға алдынды. Бұндай рухани-тарихи жобаны атқарып шығу біздің кейіпкерге жүктелді. Нәтижесін мынау: «Ақселеу Сейдімбек: «Ресейдiң ақпараттық экспансиясына шырмалған бiрден-бiр ел Қазақстан» («Астана ақшамы», 2008), «Сәуле Қабдолова (З.Қабдоловтың жары): «Нардай адам еді – қардай еріп кете барды» («Астана ақшамы», 2008), «Әзілхан Нұршайықов: «Мен – армансыз адаммын» («Астана ақшамы», 2008), «Әмина Міржүсіпқызы (өткір журналшы Жұматай Сабыржанның жары): «Жігіт еді тасқайрақтай шағылмаған» («Астана ақшамы», 2008), «Дәрігер – ғалым Мұхамбедия Ахмет-төре: «Тілді де «емдеу» керек» («Астана ақшамы», 2008), «Берік Әдбіғани: «Мақсатымыз – ұлттық иммунитеті көтеру» («Астана ақшамы», 2008), «Рамазан Стамғазиев: «Хас әншінің міндеті – халық сүйген әнді өлтірмеу» («Астана ақшамы», 2009), «Қуаныш Жиенбай: «Шығармашылық адамның рахатқа кенелгенін көрген жоқпын» («Астана ақшамы», 2010), «Тұрсынбек Кәкішев: «Сын әдебиетке абыройлы дүние әкелгенде өркендейді» («Астана ақшамы», 2010), «Бағыбек Құндақбайұлы: «Кімнің режиссері талантты болса, соның театры мықты» («Астана ақшамы», 2010 ж.), «Бауыржан Ибрагимов: «Сахна сайқымазақтардың төрі емес» («Астана ақшамы», 2010), «Роза Бағланова: «Әнді ауызбен емес жүрекпен айту керек», «Қадыр Мырзаәли: «Жақсы сөздің бәрі найзағай сияқты. Жарқ ете түседі» («Астана ақшамы», 2011) және Кеңес одағының екі дүркін Батыры Талғат Бигелдинов туралы «Аспаннан екі жұлдыз алып түскен ер қазақ» («Астана ақшамы», 2010) және басқа сұхбаттары қазір қазақ баспасөзінің қорында жатыр. Күндердің күнінде бұл дүниелер тарихи дереккөзіне айналары хақ. Өйткені филолог-ғалым Амантай Шәріп айтқандай, Раушанның жоғарыдағы бір-бірінен өткен сырлы сұхбаттары біраз кейіпкердің соңғы сұхбаты болып шықты.
Раушан Төленқызының ел біле бермейтін тағы бір қыры – нағыз қаймағы бұзылмаған қазақылығы. «Қоңыр өмір, қоңыр дала, қоңыр үн, Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім» деп ақын Ж.Нәжімеденов айтқандай, Раушанның табиғаты қарапайым, болмысы «қоңыр» адам. Бұндай қоңыр қасиет отбасынан, ата-ана тәрбиесінен дарығаны анық. Раушан өз әріптестерінен, соңынан келе жатқан журналшы қыз-жігіттерден өз болмысында бар «қоңыр» сипатты іздейді. Ол – қандай сипат? Яғни Раушан әр қазақтың бойынан: тұнық ой, бұла сезім, жылы жүрек, кемел ақыл, ойлы парасат, көркем мінез, мәрт болмыс, мұқалмас жігер, қажымас қайрат іздейді. Осылардың сәл ұшқынын көрсе, жанары жайнап қуанады кеп. Бұл текті тұлғаларға тән қасиет.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсам, биыл даталы алпыс жасқа толып отырған Раушан Төленқызының «Қазақстан пионерінен» басталған журналистік жолы «Жас алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас»), «Ана тілі», «Қазақпарат» агенттігі, «Қазақстан РТРК» АҚ, «Астана» журналы, «Астана ақшамы» сияқты басылымдарда жалғасты. Ерен еңбегінің арқасында Қазақстан Журналистер одағының сыйлығы және Президенттің грантына ие болды. Ең бастысы, қазақ баспасөзінде айтарлықтай ізі бар.