• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Қараша, 2023

Орнықты даму жолында

174 рет
көрсетілді

Астанада «Qazaqstan: орнықты даму жолында» атты сараптамалық материалдар жинағы көпшілікке таныстырылды. Оған еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары бойынша жазылған еңбектер жарияланған. Аталған жинақты Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері «Талдау мектебінің» түлектерімен бірлесіп әзірледі.

Іс-шараға қатысқан Сенат төр­ағасы Мәулен Әшімбаев былтыр­ғы Президент сайлауынан кейін елімізде саяси жүйе кешенді түрде жаң­ғыртылғанын атап өтті. Мем­лекеттік құрылымның барынша демократиялық және орнықты үлгісіне көшу үдерісі басталды. Бұл ретте сапалы сараптама елдің қарқынды дамуының маңызды шарты екені анық.

– Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдар қызметінде талдау жүргізу бағытын күшейту қажет. Прези­денті­міз Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәсе­леге әрдайым баса мән беріп келе­ді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрыл­тайдың екінші отырысында мемле­кеттік басқарудың тиімділігі негізінен талдаумен қамтамасыз етудің сапасына байланысты екенін айтты, – деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ саясаткер бүгінде мемле­кет әлеуметтік мәселелерді шешу үшін кешенді зерттеулер мен ұсы­ныс­­тарды қажет ететініне назар аударды. Палата спикері атап өткендей, бұл орайда сапалы талдау орынды шешімдер қабылдау және белгілі бір саланы дамытудың неғұрлым тиімді жолын таңдау үшін қажет.

Мәулен Әшімбаев Сенат заң шығару қызметі аясында сарапшылармен тығыз байланыста жұмыс істеп отырғанын да тілге тиек етті. Клуб мүшелері Палата комитеттерінің жұ­мыс топтарына қосылып, парла­мент­тік тыңдауларға, Орнықты даму сала­сындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламент­тік комиссияның жұмысына және тағы басқа іс-шараларға жүйелі түрде қатысып келеді.

Айта кетелік, Сенат 2020 жылдан бастап жас сарапшылармен жүйе­лі байланыс орнатып, белсенді жұ­мыс жүргізіп келеді. Әр тоқсан са­йын Жас сарапшылар клубы аясында өзекті мәселелер талқыланып оты­ра­­ды. Соның нәтижесінде, сала­лық мем­лекеттік органдармен және «Тал­дау мектебі» жобасына қатысу­шы­лар­мен бірлесіп, кешенді ұсыным­дар әзірленеді. Бүгінде аталған екі алаң аясында 150 жас маман жұмыл­дырылған. Олар – экономикада және елдің қоғамдық-саяси өмірінің басқа да салаларында белсенділігімен танылған білікті мамандар.

Іс-шара барысында «Qazaqstan: орнықты даму жолында» сараптамалық жинағын құрастыруға атсалысқан жас сарапшылар өз тақырыптары бойынша баяндама жасады. Рустам Бекішев «Инфляцияның негізгі факторларын анықтау және оны төмендету шаралары», Айнұр Әмірбекова «Қазақстан­ның кең көлемді дамуындағы аймақ­тық экономикалық саясат», Тель­ман Шуриев «Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуеті: жаңа қатерлер мен мүмкіндіктер», Аида Ахметжанова «Білім беру проблемаларын шешудегі бизнестің рөлі», Карина Ковязина «Түбіне үңілу немесе қазастан­дық жастарға қалайша дұрыс көмек беруге болады?», Динара Есімова «Инклюзивті қоғам дамуы: білім беру, денсаулық сақтау, мүгедек адамдарды әлеуметтендіру және жұмыспен қам­ту» тақырыптарында сөз сөйлеп, аталған мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. Бұл баяндамалар жарық көріп отырған жинақта толығырақ қамтылған.

Іс-шараға қатысқан Жақсыбек Құлекеев, Әділ Қожықов, т.б. мамандар жас сарапшылардың еңбектеріне баға беріп, артықшылықтары мен кемшіліктері жайында пікір білдірді.