Беларусьтің бас шаһары Минскіге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мүшелері - мемлекеттер қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысына қатысу үшін Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов барды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық офицерлер үйінде екі елдің қорғаныс министрлері генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен генерал-лейтенант Виктор Хрениннің кездесуі өтіп, 2024 жылға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери ынтымақтастық саласындағы Қазақстан-Беларусь қатынастарының деңгейі артып келе жатқанын алға тартты. «Қазақстан тыныштықты жақтайтын мемлекет ретінде бейбітшілікті сақтауға, әрі ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлескен жұмыстарға мүдделі», деп атап өтті.
Қазақстанның Қорғаныс министрі «Жеңіс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Сондай-ақ Беларусь Республикасы әскери академиясының Қарулы Күштері Бас штабының факультетінде брифинг өтті. Онда Қазақстан делегациясы оқу орнының әскери кадрларын даярлау құрылымымен, міндеттерімен, жүйесімен танысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Беларусь әскери академиясында оқитын Қазақстанның әскери қызметшілерімен де кездесті. Ол білім беру бағдарламаларының мазмұнына, оқу процесіне және әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне арналған тұрмыстық жағдайларға да назар аударды.