• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Қараша, 2023

Баспана – өзекті мәселе

216 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері қаралды. Сондай-ақ бірнеше ратификациялық заң жобасы қабылданды.

Тұрғын үймен қамту жүйеленеді

Күн тәртібінде бірінші оқылым­ға «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» құжат шығарылды. Аталған мәселе бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндама жасады.

Сала басшысының айтуынша, заң жобасы 2021 жылғы 31 жел­тоқсанда Мәжіліс қарауы­на енгізілген. Бүгінге дейін депу­тат­тардың, мүдделі мемлекеттік орган­­дардың және қоғамдық ұйым­дардың қатысуымен жұмыс тобының 20 отырысы өтіпті.

«Бүгінгі күні қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйге есепке қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функциялар­ды жүзеге асырады. Заң жобасы шең­берін­де бұл функцияларды «Отбасы банкіне» беру ұсы­ныл­ған. Бұл ретте азаматтар­ды тұ­рғын үймен қамтамасыз ету жер­гілікті атқарушы орган­дар­­дың құзыретінде қалады. Оны тұ­рғын үй салу және сатып алу арқылы іске асырады. Осыған байланысты «Отбасы банкін» ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр. «Отбасы банк» берілетін функцияларды орталықтандырылған түрде жүзеге асырады. «Отбасы банкіне» аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген. Сәйкесінше, «Отбасы банк» банктік және басқа да операцияларды тиісті ли­цен­зиясыз жүзеге асырады», деді Қ.Шарлапаев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік пен Ұлттық банк­тің қадағалау функ­­циялары сақталмақ. Яғни қар­жылық қызмет тұтынушы­­л­ары­­ның құқық­тарын қорғай­ды, валю­та­лық реттеу және бақы­лау, қаржылық және өзге де есеп­ті­лікті алады. Қылмыстық жол­мен алынған кірістерді заңдас­тыру­ға және терроризмді қаржы­лан­дыру­ға қарсы іс-қимылды жүзеге асырады. Ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығының статистикасын қалыптастыру үшін есептілік деректерін жинайды. Бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді қабылдайды.

«Отбасы банкін» екінші дең­гей­дегі банктер жүйесінен шы­ғару қолданыс­тағы заңна­маға сәйкес оны депозиттерге кепілдік беру жүйесінен босатуға әкеледі. Осыған байланысты, «Отбасы банкінде» салынған азаматтардың салымдарына мемлекетпен кепіл­дік беру ұсы­нылып отыр.

Жаңа механизмдерге сәйкес, жер­гілікті атқарушы органдар­дағы бөлек тізімдер «Отбасы банкіне» өзгеріссіз беріледі. Осыған байланысты жергілікті ат­қарушы органдардың базасына есепке қою тоқтатылады. «Отбасы банкі» базасында Тұр­ғын үймен қамтамасыз ету ор­талы­ғы құрылады. Оған қандай да бір санатқа жататынына қара­мас­тан тұрғын үйге мұқтаж бар­лық азамат тұра алады. Әрбір өтінім үшін кірістерді, мүлік пен активтерді анықтайтын отбасы­ның цифрлық порт­реті жасалады. Бұл азамат­тың отбасы­лық жағ­дайының барлық сипаттамасын анықтауға мүмкіндік береді.

Тұрғын үймен қамтама­сыз ету орта­лығы – мемлекет­тік дерек­қорлармен интеграция­лан­ған бірыңғай ақпараттық база. Осы орталықты құру «бір терезе» қағидатын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл қағидат тұрғын үйге мұқтажын растау, кезекке тұру, одан кейін ипотека алу үшін банкке бару сияқты бірнеше инс­танцияға жүгінуге қажеттілікті жояды», деді Қ.Шарлапаев.

 

Баспана бөлудегі әділеттілік

Министрдің сөзіне сүйенсек, ұсы­ны­лып отырған жаңа модельге сәйкес тұрғын үйді бөлу аза­маттардың есепке тұрған күні­не және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылмақ. Осылайша, тұрғын үйді, есепке тұрған күніне байланысты бөлу, барлық мұқтаж азаматты әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді.

«Табыс деңгейіне байланысты азаматтардың жалдау ақы­сын субсидиялау, арендалық тұр­ғын үй немесе жеңілдетілген ипо­те­калық қарыздар түрінде мем­ле­кеттік қолдау шаралары көрсе­тіле­ді. Бұған қоса, азаматтарды тұр­ғын үй кезегіне қою кезінде негіз­гі талаптардың бірі олардың мен­ші­гінде бас­пана болмауы керек.

Бүгінгі таңда қолданыстағы заң­намаға сәйкес кезекке тұру үшін кейінгі 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқ­таж азаматтарды тұрғын үймен қам­тама­сыз етудің жаңа тәсілдеріне байла­нысты, кезекке жаңадан тұра­тын азаматтар үшін осы мер­зімді 10 жылға дейін ұлғайту көзделген.

Сондай-ақ ашықтықты қам­тамасыз ету үшін «Отбасы банкі­нің» интернет-ресурсында тізім­дер жарияланады. Бұған қоса тоқ­сан сайын бір рет инвентариза­ция жұмыстары жүргізіледі. Қазір­гі таңда қолданыстағы заңна­маға сәйкес инвентаризация жұмыс­тарын әкімдіктер жылына бір рет жасайды», деді Қ.Шарлапаев.

Сала басшысы келтірген деректерге сүйенсек, 646 мың кезекте тұрған азаматтан 232 мыңы кезек­тен шығарылуы мүмкін. Бұл бұ­рын жергілікті атқарушы орган­дар осы жұмысты тиімсіз түрде жүр­гізгенін көрсетеді. Биылғы 1 та­мыздан бас­тап 21 607 кезек­те тұр­ған адам кезектен шығары­лып­ты.

«Заң жобасымен азаматтар­дың кей­бір санаттары үшін қолда­ныстағы жеңіл­діктер мен басым­дықтарды қайта қарау көзделген. Мәселен, қолда­ныс­тағы заң­намаға сәйкес азамат­тардың белгілі бір санаттарына мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы меншігіне тегін алу құқығы қарастырылған. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үй алу кезінде бірінші кезек құқығы ұсынылады.

Бүгінгі күні кезекте 176 мың­ға жуық бірінші кезекте тұр­ғын үй алу құқығы бар азамат бар. Қолданыстағы заңна­маға сәйкес тұрғын үйді бөлу кезін­де оның көп бөлігі есепке қою күніне қара­мастан осын­дай басым құқығы бар азамат­тарға беріледі. Осылайша, бұл халық­тың әлеуметтік осал топтарының басқа санаттары арасында нара­зы­лық пен әлеуметтік шие­леніс­ті тудырады. Осы тәуе­келдер­ді жою мақтасында заң жоба­сымен көрсетілген басым­дық­тар қайта қаралады. Бұл тұр­ғын үйді бөлудің жаңа тәсілмен бай­ланыс­ты. Бұл қағидат халық­тық әлеуметтік жағынан осал топтарының барлық санаты арасында тұрғын үйді әділ түрде бөлуге мүмкіндік береді», деді Қ.Шарлапаев.

Сонымен қатар заң жобасында аза­мат­тардың тұрғын үй жағ­дайларын жақсарту мақ­сатында қосымша шаралар қарас­тырылған. Атап айтқанда, жетім балалардың, көпбалалы отбасылардың, толық емес отба­сылардың, мүгедектігі бар бала­ларды асырап отырған отбасы­лардың балаларының кәме­летке толуына не олардың қайтыс болуына байланыс­ты мәр­тебесі өзгерген жағдайда олар­­дың кезегі сақталады. Мем­ле­кеттік немесе қоғамдық мінде­тін атқару кезінде қаза тапқан адам­дардың отбасыларын жергілік­ті атқарушы органдардың бір жыл­дан кешік­тірмей тұрғын үймен қам­тамасыз ету көзделген. Мүгедек­тігі бар балаларды тәрбиелеп отыр­ған отбасылар үшін тұрғын үйді бөлу кезінде қосымша бөлме бөлу қарастырылған.

 

Сыналған құжат

Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар құжаттың кемшілік­терін сынға алды. Мәселен, Ека­те­рина Смышляева «Отбасы банкін» екінші деңгейлі банк­тер жүйесінен шығаруға қатысты алаң­даушылық білдірді. Оның айтуынша, мұндай жағдайда «Отбасы банкі» қазіргі таңда банктерге қойылатын барлық лицензиялық талапты орындауды автоматты түрде тоқтатады.

«Бұл қаржылық ағындарды қадағалау, ақпаратты қорғау та­лап­тары. Сондай-ақ аза­мат­тардың депозиттеріне кепіл­дік берудің қолданыстағы тек­серілген жүйе­сінен автоматты түрде шы­ғару бар. Жұмыс то­бы оты­рыс­тарын­да депутаттар бұл ұс­таным­мен келіспеді. Өйт­­кені бұл екі тармақ банк белгі­сі бар мекеменің жұмыс істеуін­де маңызға ие. Осыған орай, мы­нандай сауал туындап отыр. Депу­тат­тардың ұсынысына қаржы рет­теуші ұйым және Ұлттық банк қандай пікірде?», деді Е.Смышляева.

Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрі Қанат Шарлапаев «Отбасы банкіне» тегін көрсеті­летін мем­лекеттік қызмет ретінде басым­дық берілетінін жеткізді. Тұр­­ғын үй бөлу функциясын беру рет­теуші тарапынан реттеу ре­жіміне қайшы келмейтінін атап өтті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов «Отба­сы банкі» мемлекеттік банк еке­ніне назар аударды. «Банк­­тің активтері 3,8 триллион тең­ге­ні құрайды. Банктің несие порт­фелінің сапасы өте жақсы, жұмыс істемейтін несиелердің үлесі 0,8 пайыз. Жұмыс істемей­тін несиелердің үлесі ең төменгі дең­гейде. Бұл банктің тұ­рақ­ты­лы­ғын көрсетеді», деді О.Қизатов.

Депутат Мархабат Жайым­бетов 232 мың адамның нелі­ктен баспана кезегінен шығарыла­тынын сұрады. Сауалға жа­уап берген Қ.Шарлапаев мұның се­бебін түсіндірді. Оның айтуын­ша, қазіргі заңнамада баспана ке­зегінде заңды тұрғанын түгендеу жылына бір рет қана жүргізіледі. Жаңа заң бойынша бұл шара әр үш ай сайын жасалмақ.

«Мен келтіргендер алдын ала мәліметтер. Баспана кезегінде тұрған 646 мың адамның 232 мыңы кезектен шығарылады. Оның көбі – 90 мың адам бұған дейін пәтер иесі болған. Олар заң бойынша баспанадан үмітті бола алмайды. Тіпті бес жылдық мерзім аясында да оларға баспана беруге хақымыз жоқ», деді Қ.Шарлапаев.

Елнұр Бейсенбаев баспана кезегіндегі әлеуметтік тұрғы­дан осал топтан шыққан азамат­тардың саны артуы мүмкін еке­ні­не назар аударды. Оның ай­туынша, бұрын­ғы министр заң жобасын таныстыр­ған кезде 240 мың адамның кезектен шығарылатынын жеткізген.

«Екі жарым жыл өтті. Сіз оның айт­қанын қайталап отырсыз. Бұл азаматтарды кезектен шығару мүмкін емес. Өз басым тұрғын үй басқармасында жұмыс істедім. Баспана кезегінде тұрған адамдардың заңды құқығы бар екенін бәріміз білеміз. Бұл – бір. Екіншіден, 3 жыл ішінде үй кезегінде тұрғандардың саны 480 мыңнан 640 мыңға дейін артты. Яғни 200 мыңға жуық деген сөз. Бұл тұтастай алғанда бір облыстың тұрғыны. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Осы тенденция сақталатын болса, онда бірнеше жылдан кейін бұл көрсеткіш 1 млн адамнан асуы мүмкін», деді Е.Бейсенбаев.

Депутат қазіргі таңда бірде-бір ипотекалық бағдарлама жоқ­тығына тоқталды. Оның келтір­ген деректеріне сәйкес, жыл­дық 2 пайыздық несиемен небәрі 3200 адам ғана қамтылған. Бұл тұрғын үйге мұқтаж адамдардың 1,5 па­йызына ғана тең.

 

Жастарды кім ойлайды?

Дәулет Мұқаев жастардың жалдамалы пәтері мәселесін көтерді. Бұған дейін осыған қатыс­­ты депутаттық сауал жол­да­ғанын еске салған депутат пан­демия салдарынан жастардың көбі үйде отырып қалғанына назар аударды. Д.Мұқаев бағдар­­лама алғашында 29 жасқа дейін болғанын, ал қазір жастар­дың санаты 35 жасқа дейін ұзартыл­ғанына тоқталды. Енді, қазір олар әлі де жастар санатында, алайда келесі жылы үйді босатулары керек.

«Қазір осы жастарымыз әкім­дік­тің есігін тоздырып жүр. Талай жиын өткізді. Министр­ліктің өкілдерін ша­қыр­ды. Бірақ сіздерден ешкім келмеді, түсін­дірме жұмыстары жүргізілген жоқ. Барлығы келісімшарт не­гізін­де деп айтады. Бірақ 5 жыл­дан кейін, келесі жылы жастары­мыз қайда барады? «7-20-25»-тің жырын барлығымыз білеміз. Оған қоса 50 пайыз жинау мүмкін емес. Себебі ол жастарға берілетін жалдамалы пәтерге норма қойылған. Ол – айлығы 120 мыңнан асуы керек деген норма. Яғни негізгі санаттың айлығы 120-200 мың теңге арасында. Бірақ Алматы, Астана және Шымкентте 2019 жылдан бері үйдің бағасы екі есеге өскен. Енді осы жалдамалы пә­терді жастар тегін сұрап отырған жоқ», деді Дәулет Мұқаев.

Қ.Шарлапаев бағдарламаның жас­тарға арналғанын, осы уақыт аралы­ғында олар қаржы жинап, жеке пәтер сатып алуы көздел­генін атап өтті.

«Біріншіден, егер сіздің дені­ңіз сау әрі жұмыс істеуге мүмкіндігіңіз болса, онда пәтері­ңізге деп ақша жинауыңыз керек. Әркімде түрлі жағдайлар болатынын түсінемін. Бірақ мемлекет тұрғысы­нан қарастыратын бол­сақ, мүмкіндігі шектеулі бала­лар немесе жұмыс істеуге қабі­летті әрі ақша таба алатын адам­дар­д­ың біреуіне басымдық беру керек десе, кешірерсіз, онда мен мүге­дек балаларды таң­дай­тын бола­мын. Бұл позиция­ны біз қол­дауымыз керек деп есеп­тей­мін. Сіз тағы да жеке бағ­дар­ла­ма ашу керек деп отырсыз. Он­дай бағдарламалардың са­ны жеткі­лікті. Бұл мәселедегі ең дұрыс шешім қаржылық тұрғы­дан сауатты болып, қаражат жинау қажет. Сонымен қатар қолданыс­тағы бағдарламалар аясында ипотека алуға тырысу керек», деді Қ.Шарлапаев.

Айтпақшы, Мәжіліс отырысы аяқ­талғаннан кейін де ми­нистр­ге сын айтылды. Журналис­тердің сауалына жауап берген депутат Елнұр Бейсенбаев сала бас­шысының пікірімен келіспейтінін жеткізді.

«Дені сау азаматтарымыз жұмыс істемейді деп кім айтыпты? Олар жұмыс істеп жүр. Отырыста ми­нистрге не айтқанымды көрдіңіздер ғой. Мүмкін министр жақсы ақша табатын шығар. Ол отбасылардың күрделі жағдайын білмесе керек. Мен оған тұрмысы төмен отбасылармен кездесуді ұсындым. Өз көзімен көрсін», деді Е.Бейсенбаев.

Жалпы отырысқа қайта орал­сақ. Депутаттар Қазақстан мен Фран­­ция Үкі­меттері арасын­дағы жа­һандық жы­лынуға қарсы кү­рес саласындағы ынтымақтас­тық­ты іске асыру туралы арна­йы ке­лісімді ратификациялады. Келі­сім­нің мақсаты – Қазақстан аума­ғында жаңар­тылатын энергия көздері, орнықты даму сала­­сын­­дағы ірі жобаларды ілгері­лету.

Құжат 2022 жылы қарашада Парижде жасалды. Келісімге сәйкес Жамбыл облысы Мир­ный кентінің маңында жал­пы қуа­ты 1 ГВт гибридті жел электр стан­са­­сы жобасын салу жос­пар­ланып отыр. Бұл жыл сайын­ғы көмірқышқыл газының шығарын­дыларын кемінде 2 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ Мирный жобасы аясын­да 250-ге дейін тұрақты жұ­мыс орны, 2500 уақытша жұ­мыс орны құрылады. Шамамен 820 млрд теңге инвестиция тарты­лып, қосымша 3600 млрд кВт/сағ «жасыл» энергия өндіріледі.

Бұдан бөлек, 2014 жылғы 29 ма­мырдағы Еуразия экономи­ка­­лық одағы туралы шартқа өз­ге­­рістер енгізу туралы хат­т­а­­ма­­ны ратификациялайтын құ­­жат қабылданды. Сондай-ақ «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт Ұйы­мының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Жиын барысында депутаттар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне азаматтық қор­ғау мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толық­тырулар ен­гізу туралы» заң жобасын жұ­мыс­қа алды. Жиын соңында де­пу­­тат­тар тиісті мекемелер бас­шы­­ларына депутаттық сауал жолдады.