Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері қаралды. Сондай-ақ бірнеше ратификациялық заң жобасы қабылданды.
Тұрғын үймен қамту жүйеленеді
Күн тәртібінде бірінші оқылымға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат шығарылды. Аталған мәселе бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндама жасады.
Сала басшысының айтуынша, заң жобасы 2021 жылғы 31 желтоқсанда Мәжіліс қарауына енгізілген. Бүгінге дейін депутаттардың, мүдделі мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жұмыс тобының 20 отырысы өтіпті.
«Бүгінгі күні қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйге есепке қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жүзеге асырады. Заң жобасы шеңберінде бұл функцияларды «Отбасы банкіне» беру ұсынылған. Бұл ретте азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асырады. Осыған байланысты «Отбасы банкін» ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр. «Отбасы банк» берілетін функцияларды орталықтандырылған түрде жүзеге асырады. «Отбасы банкіне» аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген. Сәйкесінше, «Отбасы банк» банктік және басқа да операцияларды тиісті лицензиясыз жүзеге асырады», деді Қ.Шарлапаев.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік пен Ұлттық банктің қадағалау функциялары сақталмақ. Яғни қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғайды, валюталық реттеу және бақылау, қаржылық және өзге де есептілікті алады. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асырады. Ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығының статистикасын қалыптастыру үшін есептілік деректерін жинайды. Бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді қабылдайды.
«Отбасы банкін» екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығару қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны депозиттерге кепілдік беру жүйесінен босатуға әкеледі. Осыған байланысты, «Отбасы банкінде» салынған азаматтардың салымдарына мемлекетпен кепілдік беру ұсынылып отыр.
Жаңа механизмдерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдардағы бөлек тізімдер «Отбасы банкіне» өзгеріссіз беріледі. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың базасына есепке қою тоқтатылады. «Отбасы банкі» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Оған қандай да бір санатқа жататынына қарамастан тұрғын үйге мұқтаж барлық азамат тұра алады. Әрбір өтінім үшін кірістерді, мүлік пен активтерді анықтайтын отбасының цифрлық портреті жасалады. Бұл азаматтың отбасылық жағдайының барлық сипаттамасын анықтауға мүмкіндік береді.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы – мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық база. Осы орталықты құру «бір терезе» қағидатын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл қағидат тұрғын үйге мұқтажын растау, кезекке тұру, одан кейін ипотека алу үшін банкке бару сияқты бірнеше инстанцияға жүгінуге қажеттілікті жояды», деді Қ.Шарлапаев.
Баспана бөлудегі әділеттілік
Министрдің сөзіне сүйенсек, ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылмақ. Осылайша, тұрғын үйді, есепке тұрған күніне байланысты бөлу, барлық мұқтаж азаматты әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді.
«Табыс деңгейіне байланысты азаматтардың жалдау ақысын субсидиялау, арендалық тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотекалық қарыздар түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Бұған қоса, азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою кезінде негізгі талаптардың бірі олардың меншігінде баспана болмауы керек.
Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезекке тұру үшін кейінгі 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты, кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұлғайту көзделген.
Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету үшін «Отбасы банкінің» интернет-ресурсында тізімдер жарияланады. Бұған қоса тоқсан сайын бір рет инвентаризация жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес инвентаризация жұмыстарын әкімдіктер жылына бір рет жасайды», деді Қ.Шарлапаев.
Сала басшысы келтірген деректерге сүйенсек, 646 мың кезекте тұрған азаматтан 232 мыңы кезектен шығарылуы мүмкін. Бұл бұрын жергілікті атқарушы органдар осы жұмысты тиімсіз түрде жүргізгенін көрсетеді. Биылғы 1 тамыздан бастап 21 607 кезекте тұрған адам кезектен шығарылыпты.
«Заң жобасымен азаматтардың кейбір санаттары үшін қолданыстағы жеңілдіктер мен басымдықтарды қайта қарау көзделген. Мәселен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтардың белгілі бір санаттарына мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы меншігіне тегін алу құқығы қарастырылған. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үй алу кезінде бірінші кезек құқығы ұсынылады.
Бүгінгі күні кезекте 176 мыңға жуық бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығы бар азамат бар. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үйді бөлу кезінде оның көп бөлігі есепке қою күніне қарамастан осындай басым құқығы бар азаматтарға беріледі. Осылайша, бұл халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа санаттары арасында наразылық пен әлеуметтік шиеленісті тудырады. Осы тәуекелдерді жою мақтасында заң жобасымен көрсетілген басымдықтар қайта қаралады. Бұл тұрғын үйді бөлудің жаңа тәсілмен байланысты. Бұл қағидат халықтық әлеуметтік жағынан осал топтарының барлық санаты арасында тұрғын үйді әділ түрде бөлуге мүмкіндік береді», деді Қ.Шарлапаев.
Сонымен қатар заң жобасында азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында қосымша шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, жетім балалардың, көпбалалы отбасылардың, толық емес отбасылардың, мүгедектігі бар балаларды асырап отырған отбасылардың балаларының кәмелетке толуына не олардың қайтыс болуына байланысты мәртебесі өзгерген жағдайда олардың кезегі сақталады. Мемлекеттік немесе қоғамдық міндетін атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларын жергілікті атқарушы органдардың бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үйді бөлу кезінде қосымша бөлме бөлу қарастырылған.
Сыналған құжат
Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар құжаттың кемшіліктерін сынға алды. Мәселен, Екатерина Смышляева «Отбасы банкін» екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығаруға қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мұндай жағдайда «Отбасы банкі» қазіргі таңда банктерге қойылатын барлық лицензиялық талапты орындауды автоматты түрде тоқтатады.
«Бұл қаржылық ағындарды қадағалау, ақпаратты қорғау талаптары. Сондай-ақ азаматтардың депозиттеріне кепілдік берудің қолданыстағы тексерілген жүйесінен автоматты түрде шығару бар. Жұмыс тобы отырыстарында депутаттар бұл ұстаныммен келіспеді. Өйткені бұл екі тармақ банк белгісі бар мекеменің жұмыс істеуінде маңызға ие. Осыған орай, мынандай сауал туындап отыр. Депутаттардың ұсынысына қаржы реттеуші ұйым және Ұлттық банк қандай пікірде?», деді Е.Смышляева.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Отбасы банкіне» тегін көрсетілетін мемлекеттік қызмет ретінде басымдық берілетінін жеткізді. Тұрғын үй бөлу функциясын беру реттеуші тарапынан реттеу режіміне қайшы келмейтінін атап өтті.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов «Отбасы банкі» мемлекеттік банк екеніне назар аударды. «Банктің активтері 3,8 триллион теңгені құрайды. Банктің несие портфелінің сапасы өте жақсы, жұмыс істемейтін несиелердің үлесі 0,8 пайыз. Жұмыс істемейтін несиелердің үлесі ең төменгі деңгейде. Бұл банктің тұрақтылығын көрсетеді», деді О.Қизатов.
Депутат Мархабат Жайымбетов 232 мың адамның неліктен баспана кезегінен шығарылатынын сұрады. Сауалға жауап берген Қ.Шарлапаев мұның себебін түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі заңнамада баспана кезегінде заңды тұрғанын түгендеу жылына бір рет қана жүргізіледі. Жаңа заң бойынша бұл шара әр үш ай сайын жасалмақ.
«Мен келтіргендер алдын ала мәліметтер. Баспана кезегінде тұрған 646 мың адамның 232 мыңы кезектен шығарылады. Оның көбі – 90 мың адам бұған дейін пәтер иесі болған. Олар заң бойынша баспанадан үмітті бола алмайды. Тіпті бес жылдық мерзім аясында да оларға баспана беруге хақымыз жоқ», деді Қ.Шарлапаев.
Елнұр Бейсенбаев баспана кезегіндегі әлеуметтік тұрғыдан осал топтан шыққан азаматтардың саны артуы мүмкін екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұрынғы министр заң жобасын таныстырған кезде 240 мың адамның кезектен шығарылатынын жеткізген.
«Екі жарым жыл өтті. Сіз оның айтқанын қайталап отырсыз. Бұл азаматтарды кезектен шығару мүмкін емес. Өз басым тұрғын үй басқармасында жұмыс істедім. Баспана кезегінде тұрған адамдардың заңды құқығы бар екенін бәріміз білеміз. Бұл – бір. Екіншіден, 3 жыл ішінде үй кезегінде тұрғандардың саны 480 мыңнан 640 мыңға дейін артты. Яғни 200 мыңға жуық деген сөз. Бұл тұтастай алғанда бір облыстың тұрғыны. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Осы тенденция сақталатын болса, онда бірнеше жылдан кейін бұл көрсеткіш 1 млн адамнан асуы мүмкін», деді Е.Бейсенбаев.
Депутат қазіргі таңда бірде-бір ипотекалық бағдарлама жоқтығына тоқталды. Оның келтірген деректеріне сәйкес, жылдық 2 пайыздық несиемен небәрі 3200 адам ғана қамтылған. Бұл тұрғын үйге мұқтаж адамдардың 1,5 пайызына ғана тең.
Жастарды кім ойлайды?
Дәулет Мұқаев жастардың жалдамалы пәтері мәселесін көтерді. Бұған дейін осыған қатысты депутаттық сауал жолдағанын еске салған депутат пандемия салдарынан жастардың көбі үйде отырып қалғанына назар аударды. Д.Мұқаев бағдарлама алғашында 29 жасқа дейін болғанын, ал қазір жастардың санаты 35 жасқа дейін ұзартылғанына тоқталды. Енді, қазір олар әлі де жастар санатында, алайда келесі жылы үйді босатулары керек.
«Қазір осы жастарымыз әкімдіктің есігін тоздырып жүр. Талай жиын өткізді. Министрліктің өкілдерін шақырды. Бірақ сіздерден ешкім келмеді, түсіндірме жұмыстары жүргізілген жоқ. Барлығы келісімшарт негізінде деп айтады. Бірақ 5 жылдан кейін, келесі жылы жастарымыз қайда барады? «7-20-25»-тің жырын барлығымыз білеміз. Оған қоса 50 пайыз жинау мүмкін емес. Себебі ол жастарға берілетін жалдамалы пәтерге норма қойылған. Ол – айлығы 120 мыңнан асуы керек деген норма. Яғни негізгі санаттың айлығы 120-200 мың теңге арасында. Бірақ Алматы, Астана және Шымкентте 2019 жылдан бері үйдің бағасы екі есеге өскен. Енді осы жалдамалы пәтерді жастар тегін сұрап отырған жоқ», деді Дәулет Мұқаев.
Қ.Шарлапаев бағдарламаның жастарға арналғанын, осы уақыт аралығында олар қаржы жинап, жеке пәтер сатып алуы көзделгенін атап өтті.
«Біріншіден, егер сіздің деніңіз сау әрі жұмыс істеуге мүмкіндігіңіз болса, онда пәтеріңізге деп ақша жинауыңыз керек. Әркімде түрлі жағдайлар болатынын түсінемін. Бірақ мемлекет тұрғысынан қарастыратын болсақ, мүмкіндігі шектеулі балалар немесе жұмыс істеуге қабілетті әрі ақша таба алатын адамдардың біреуіне басымдық беру керек десе, кешірерсіз, онда мен мүгедек балаларды таңдайтын боламын. Бұл позицияны біз қолдауымыз керек деп есептеймін. Сіз тағы да жеке бағдарлама ашу керек деп отырсыз. Ондай бағдарламалардың саны жеткілікті. Бұл мәселедегі ең дұрыс шешім қаржылық тұрғыдан сауатты болып, қаражат жинау қажет. Сонымен қатар қолданыстағы бағдарламалар аясында ипотека алуға тырысу керек», деді Қ.Шарлапаев.
Айтпақшы, Мәжіліс отырысы аяқталғаннан кейін де министрге сын айтылды. Журналистердің сауалына жауап берген депутат Елнұр Бейсенбаев сала басшысының пікірімен келіспейтінін жеткізді.
«Дені сау азаматтарымыз жұмыс істемейді деп кім айтыпты? Олар жұмыс істеп жүр. Отырыста министрге не айтқанымды көрдіңіздер ғой. Мүмкін министр жақсы ақша табатын шығар. Ол отбасылардың күрделі жағдайын білмесе керек. Мен оған тұрмысы төмен отбасылармен кездесуді ұсындым. Өз көзімен көрсін», деді Е.Бейсенбаев.
Жалпы отырысқа қайта оралсақ. Депутаттар Қазақстан мен Франция Үкіметтері арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялады. Келісімнің мақсаты – Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздері, орнықты даму саласындағы ірі жобаларды ілгерілету.
Құжат 2022 жылы қарашада Парижде жасалды. Келісімге сәйкес Жамбыл облысы Мирный кентінің маңында жалпы қуаты 1 ГВт гибридті жел электр стансасы жобасын салу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайынғы көмірқышқыл газының шығарындыларын кемінде 2 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Мирный жобасы аясында 250-ге дейін тұрақты жұмыс орны, 2500 уақытша жұмыс орны құрылады. Шамамен 820 млрд теңге инвестиция тартылып, қосымша 3600 млрд кВт/сағ «жасыл» энергия өндіріледі.
Бұдан бөлек, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразия экономикалық одағы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялайтын құжат қабылданды. Сондай-ақ «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Жиын барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Жиын соңында депутаттар тиісті мекемелер басшыларына депутаттық сауал жолдады.