Жыл басынан бері елімізде 26 нотариус лицензиясынан айырылған. Ал 86 азаматқа заңды әрекеттер мен құжаттарды куәландыруға уақытша шектеу қойылыпты. Бұған тұлғалардың өмірден өтуінен бөлек, көмекшісінің мөрді пайдалануы және нотариаттық актіге қол қою фактісі түрткі болған көрінеді. Сондай-ақ борышкерден қарыз соманы өндіруге арналған атқарушылық жазба жасақтаудағы олқылықтар да нотариустардың уәкілеттілігін тоқтатуға негіз болып отыр. Осыған қатысты нотариустар да өз уәждерін жеткізді.
Қазір елімізде 4700-ден аса нотариус заңды жұмыс істеп тұр. Қыркүйек айында өткен брифингте Әділет министрі Азамат Есқараев заңды әрекеттер мен құжаттарды куәландыратын тұлғалардың 67-сі – тәртіптік, 28-і әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтқан еді.
«128 нотариусқа лицензия берілді. Әртүрлі негіздер бойынша 16-сының лицензия қолданысы тоқтатылды, 42 лицензия уақытша тоқтатылды, 9-ы лицензиясынан айырылды. Адвокаттардың жалпы саны – 5 963, 189 лицензия берілді, әртүрлі негіз бойынша 13 лицензия тоқтатылды, 15 лицензия уақытша тоқтатылды, 1 адам лицензиясынан айырылды. 28 адвокат тәртіптік жауапкершілікке тартылды», деді министр.
Ал министрліктің бізге жолдаған соңғы дерегіне сүйенсек, лицензиясынан мүлдем айырылған тұлғалар санының өскенін байқаймыз. Мәселенің мәнісін анықтау үшін уәкілеттілігін тоқтатқан тұлғалардың біразына хабарласып көрдік. Бірі уақытының тығыздығын айтты, енді бірі мүлде телефонын көтермеді. Кейбірі сұрағымызға жауап беруден бас тартты. Сұрақты елеусіз қалдырмағандар бірауыздан әлі де «Нотариат туралы» заңға өзгерістер керек дегенді алға тартты.
«Нотариат туралы» заңға қандай да бір өзгерістер енгізу керек. Нотариат – түрлі заңды әрекеттер мен құжаттарды куәландыратын мекеме. Сәйкесінше заң аясында ғана жұмыс істейді. Әр нотариусқа халық заңгерге, жол нұсқайтын адамға келдім деп жүгінеді. Көп нотариус атқарушылық жазба бойынша заңды бұзады. Бұл жазба сот шешімімен бірдей, бірақ оны сот шығарса, ешкімді жұмысынан айырмайды», дейді бұрын нотариус болып жұмыс істеген Айжан Жанабаева.
Оның айтуынша, нотариустар бір рет лицензиясынан айырылса, белгілі бір мерзімнен кейін адвокат секілді қайта жұмысын жалғастыра алмайды. «Сондықтан құжат негізінде нотариустың қажет екенін және халыққа қандай көмек әкелетінін ескеріп, мүлдем лицензиясынан айыру деген бөлігін қайта қарау қажет. Өз басымнан өткен жағдайды айтып берейін. Мен екі компанияның арасындағы мәселеге байланысты атқарушылық жазба жасақтағанмын. Яғни нотариус ретінде борышкерден өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы өкімін жасап бердім. Кейін үшінші тарап, сол компания өзіне қарыз болғаны үшін атқарушылық жазбаны қайтару туралы сотқа жүгінеді. Айта кетерлігі, жасақталған жазба бойынша компанияларға ешқандай зиян келмеді. Әділет уәкілдері нотариустардың жұмысын тұрақты тексеріп отырады. Осы кезде менде ешқандай заң бұзушылық анықталмады. Бірақ уәкілеттілігімді тоқтатты. Кәмелетке толмаған төрт балам бар. Лицензиядан айыру туралы шешімге сәйкес, бір жыл болды, жұмыссыз отырмын», деді көпбалалы ана Айжан Жанабаева.
Әр оқиғаның өзіне тән ерекшелігі бар. Кейде борышкердің құқықтары бұзылатын жағдайлар да кездеседі. Мұндай кезде заңға сәйкес, тиісті іс-әрекеттер жүргізіледі. Яғни атқарушылық жазбаға тараптардың келіспеушілігінің болуы заңды. Бірақ бұл лицензиясынан айырылғандардың проблемасын жоққа шығармайды.
«Нотариат – нотариаттық iс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететін білікті заң көмегін көрсету жөніндегі құқықтық институт. Борышкерлерден микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың микрокредит беру туралы шарттар негізінде берешекті өндіріп алу туралы өтініштері бойынша жасалған атқарушылық жазбаға қатысты шағымдар көп түседі. Республикалық нотариаттық палата Әділет министрлігіне осы талап түрі бойынша атқарушылық жазбаның күшін жоюға қатысты «Нотариат туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасады. Заңның 11-бабы 3) тармақшасына сәйкес, прокуратура органдарының, не Әдiлет министрлiгiнiң, не Республикалық нотариаттық палатаның талап қоюы бойынша сот шешiмiмен нотариус нотариаттық iс-әрекеттер жасаған кезде заңдарды бiрнеше мәрте бұзғанда не мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiне зиян келтiрiп, заңдарды бұзғанда лицензиясы кері қайтарылып алынады», деді Республикалық нотариаттық палатаның атқарушы директоры Гүлнар Рыспекова.
Кейінгі жылдары өкілдердің азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеудегі рөлі, атап айтқанда, міндетті нотариаттық куәландыруға жататын мәмілелер тізбесі кеңейді. Сондықтан заң жобалау жұмысын үйлестіру, Қазақстан Республикасының заңнамасын талдау, жетілдіру, жүйелеу міндеті жүктелген Әділет органдары талаптардың құқықтық жолмен тиімді шешілуін қамтамасыз ету үшін «Нотариат туралы» заңның атқарушылық жазбаға қатысты бөлігін қайта қарап жатыр.
«Атқарушылық жазбаларға қатысты заңда өзгертулер енгізу жоспарланып, қазіргі таңда талқылану сатысында. Жалпы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен «Нотариат туралы» заңның 92-1-бабына сәйкес 2022 жылы келесідей өзгертумен толықтырылды: атқарушылық жазбаның борышкердің (жеке тұлғаның) тіркелген жері не тұрғылықты жері бойынша не жылжымайтын мүлкінің орналасқан жері бойынша, егер заңды тұлға борышкер болса, онда оның тіркелген жері не оның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері бойынша не жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша жасалады. Атап өту қажет, нотариат саласындағы үлкен бетбұрыс 2003 жылы Парламент заңға түзетулер енгізгенде, қазақстандық нотариаттың экономикалық негізі халықаралық нотариат одағының стандарттарына бейімделді. Дәл осы уақытта нотариаттық қызмет кәсіпкерлік емес деп танылды, бірыңғай нотариаттық тарифтер және жаңа салық жүйесі енгізілді. Республикалық нотариаттық палата 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Халықаралық нотариат одағының мүшесі атанды. Бүгінде Республикалық нотариаттық палатамен халықаралық нотариаттық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның ұсынымдарына сәйкес нотариат жүйесін жетілдіру жөніндегі мақсаттарды іске асырып келеді», деді Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті Заң қызметтерін ұйымдастыру және лицензиялау басқармасының сарапшысы Әсем Рахымжан.