Әзербайжан Президенті СПЕКА саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ильхам Әлиев Қазақстан Президентін келесі жылы Әзербайжанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары Каспий теңізінің табанымен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ энергетика мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы перспективті жобаларды жүзеге асыру сияқты маңызды бағыттарда бірлескен жұмыстарды жандандыру мүмкіндіктерін талқылады.
Бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға баса мән берілді. Жуық арада Қазақстанда Әзербайжанның, ал Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады.