• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қараша, 2023

Жаңа нысанға жайғасты

179 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мектепке дейінгі тәрбие жұмысына мән беріп, балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін толыққанды шешуді тапсырған еді. Бүгінде аталған тапсырма аясында Жетісуда жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, жуырда облыс орталығында №6 балабақша іске қосылды. Артынша Сарқан ауданында мектеп ашылып, балдырғандар мәре-сәре болды.

Әуелгі өмірлік танымдар балабақ­шадан басталады. Облыста қазіргі уақыт­та мектепке дейінгі білім беру ұйым­­дары жемісті жұмыс істеп тұр. Бұ­рын жабылған балабақшалар қайта ашы­лып, жаңадан салынғандары іске қосы­лып, балдырғандардың мектепке дейінгі білім алуына септігін тигізіп жатыр. Сондай игілікті іс Талдықорған төрінде орын алды. Қаладағы №6 ба­ла­бақшаның ғимараты күрделі жөн­деуден өтіп, есігін айқара ашты. Тоқы­рау кезінде облыстық архив орнала­сып, кейіннен бос қалған екі блок бал­дырғандарға берілді.

– Балабақша – кішкентай бөбектері­міздің білім сапарына бастайтын ал­ғашқы қадамы. Жаңа ғимарат заманға сай барлық жабдықпен қамтылған. Ма­ңайдағы ата-аналар енді алысқа сабылмай, жаңа нысанға әкеледі, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.

Жөндеу жұмыстарын «Нұр шапа­ғат» құрылыс компаниясы жергілікті бюджет қаржысына жүргізген. Ғимарат 4 блок­тен тұрады. Бүгінде 270 балаға ар­налған 11 топ жұмысын бастады. Бір бө­бекжай тобы ашылып, мекеменің атауы өзгерді. Кадр мәселесі де шешіліп, жұмысқа конкурс арқылы 20 педагог-маман, 21 кіші қызметкер тартылды. Сонымен қатар балабақшаның мате­риалдық базасы жақсартылған.

Айта кетейік, биыл облыста жалпы орын саны 2 260-ты құрайтын мек­­тепке дейінгі ұйымдар ашылды. Оның ішінде 755 орындық 10 же­ке­­меншік балабақша, аудандар бо­йынша 1 505 орындық қосымша топ жұмыс істеп жатыр. Соның ішін­де Талдықорған қаласындағы «Ер­сұлтан», «Монтессори», «Самила», Пан­филов ауданындағы «Дарынды сәби», Кербұлақ ауданындағы «Мирас» балабақшаларын атап өтуге болады. Оған қоса Сарқан ауданында – 75, Ес­келді ауданында 76 орындық қосымша топ ашылған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін елімізде 1 мың мек­теп салу міндетін жүктеген еді. Бұл ба­ғытта елімізде игі қадамдар жа­са­лып жатыр. Осы қатарда Сарқан ауда­нындағы жаңадан пайдалануға беріл­ген Бірлік орта мектебін атап өтуі­міз керек. Бірлік ауылындағы орта мектеп ыңғайластырылған үйде орна­лас­қандықтан, оқу үрдісін жетілдіруге, жыл­дар бойы оқушыларға сапалы білім беруге жан-жақты мүмкіндік болмаға­ны белгілі. Міне, биыл көпшіліктің күткен үміті жанды. Жұртшылық тілегі еске­ріліп, Бірлік орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Мектепті «Құрылысшы-ТБС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, ауқымды құрылысқа бөлінген 1 млрд 300 млн тең­ге толық игерілді. Қарашаның 14-і жаңа мектеп ресми түрде ашылып, ауыл тұрғындары қуаныш көзайымы болды.

Салтанатты іс-шарада Сарқан ауда­нының әкімі Ғалымжан Маманбаев болашаққа қадам басқан шәкірттердің ата-анасын қуантып, жаңа мектепте тек қана жақсы үлгерімге жететініне, мектеп түлектерінің ел үмітін ақтайтынына сенім білдірді. Облыстық білім бас­қармасы басшысының орынбасары Гүл­мира Ахметова, ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлшат Түменбаева, Бірлік орта мектебінің ардагер ұстазы Шара Дүтбаева ұжымға сәттілік тілесе, Сар­қан ауданының құрметті азаматы Тілеулес Досанаманов ақ батасын берді. Жаңа мектептің лентасы қиылып, жұртшылық білім негізін қалайтын алтын ұяны аралап, заманауи кабинеттермен танысты.

 

Жетісу облысы