Баға мен базалық ставканың текетіреске түскеніне жылдан асып барады. Бұрын 9 пайыздық инфляцияның өзін қымбатсынушы едік, қазір соған жету мұң. Әсіресе Ресей-Украина дүрбелеңінен кейін шырқап өскен баға барымызды барымталап кеткендей әсер қалдырды. Баяғы арзан дүние көзден бұл-бұл ұшты. Инфляция 21 пайызға бір-ақ жетті. Енді «базалық ставка» дейтін қаруын іліп, Ұлттық банк кетті бағаның ізінен. Апталап жүріп, айлап жүріп, инфляцияның иығына әрең қол іліктіріп, жылға жуық уақыт дегенде 10,8 пайызға (қазандағы жылдық мән) төмендетіппіз.
Қымбатшылық қысымын азайтудағы біздің еңбек ерен дейді Ұлттық банк. Қатаң ақша-несие саясатын айлар бойы тапжылтпай ұстап тұрдық, нәтижесі міне, асаудай тулаған қымбатшылығыңыз қазір біраз жуасып қалды дейді олар. Онысы рас енді. Аз да болса арзан дүниеге қол жеткізіп жатсақ, ол жоғарғы базаның арқасы шығар дегенді сарапшылар да айтып жүр. Үкімет, әсіресе Әлихан Смайылов мұнымен келіспейді. Үкімет атқарып отырған іс-шаралардың арқасында азық-түлік қоры көбейді, өңір-өңірде бағаға бақылау жасалды, соның көмегімен баға өсімін тежедік дегенді айтады. Тіпті Үкімет отырысында премьер-министр тап осындай уәж айтып, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловпен аздап тартысып та қалды. Былай қарасақ, қымбатшылық дейтін ешкімнің де жеке жауы емес, халыққа төнген ортақ зобалаң, онымен бәріміз бірігіп күресуіміз керек еді. Тиісінше, әркім өз майданындағы күресті міндетсінбесе тіпті абзал. Базардағы картоп, сәбіз, пияз қандай қымбат тұрады. Удай. Бағасын көріп ыршып түсесің. Ал ауызбірліктің бағасы одан өткен қымбат қой. Оны қай инфляцияның көрсеткішімен өлшерсің. Әлде бағаны түсіруде Үкімет пен Ұлттық банк бір-бірімен бәсеке боламын деп, ендігі бірер айда инфляция дегеніңіз тіпті жоғалайын деп тұр ма. Қаржымызды қайда жұмсарымызды білмей қалмасақ игі.
Барымтаға базалық ставкасын алып аттанды дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Ұлттық банктің маңдайына біткен жалғыз құрал, осы – базалық пайыздық мөлшерлеме. Қымбатшылық қытыққа тисе, соны көтереді. Баға өсімі баяуласа, қайта түсіреді. Ол құралдың басқа функциясы жоқ. Базалық ставка көтерілсе, несие қымбаттайды. Сөйтіп, халық несиені азырақ рәсімдейді. Тиісінше, ақшасы азаяды. Ақша азайған соң, тауарды да аз алады, қызметті де аз тұтынады. Міне, сұраныс азайған соң, мұрнын шүйірген баға да төмендей бастайды. Бұл қисын соңғы бірнеше айда расымен жұмыс істеген секілді, әйтеуір баға аздап болсын түсті.
Соны ескерген Ұлттық банк 24 қараша күні базалық ставканы 15,75 пайыз деңгейінде бекітті. Осымен қатарынан үшінші рет төмендеп отыр. Алғаш рет биыл тамызда 16,75 пайыздан 16,50-ге түсті. Одан кейін 16 пайызға төмендетті. Енді міне, 15,75 қылды. Мұнда нендей астар бар? Әрине, пәлендей құпия жоқ. Алдағы бірнеше айда баға өсімінің баяулауы тағы да белсендірек бола түседі дегенді меңзейді, сірә.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, назар аудармаса болмайтын жекелеген тәуекелдер жоқ емес. Олар – азық-түлік бағасының өсуі, негізгі сауда-серіктесіміз РФ-дағы инфляция, өз ішіміздегі инфляциялық күтулердің динамикасы және бюджеттік шығындар.
Сыртқы секторда инфляциялық қысымның төмендегені байқалып отыр. Бұл қатаң монетарлық саясаттың әсерін, азық-түлік бағасының оң динамикасын және энергия бағасының қысқа мерзімге баяулағанын білдіреді. Соған қарамастан, қысқамерзімді келешекте проинфляциялық факторлардың ықпалы біршама күшейеді деп күтеміз. Бұл Ресейдегі инфляция динамикасынан және әлемдік азық-түлік бағасының күтілетін өсуінен туындайды. Бұдан әрі сауда-серіктес елдердегі жағдай тұрақталғанда біз мақсатты мәндерге қол жеткізуді және сыртқы факторлар проинфляциялық қысымды жұмсартады деп күтеміз», дейді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, биыл базалық сценарийде инфляция 9,3-10,3 пайыз шегінде болжанып отыр. Болжамды осы жылға қайта қарау тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының бірқалыпты өсуіне байланысты. Ортамерзімді келешекте сыртқы орта қысымының әлсіреуі және монетарлық саясаттың ұстамды қатаң сипаты инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді. Алдағы жылдарға болжам мынадай: 2024 жылы инфляция 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз деңгейінде сақталды.
2024 жылы инфляция одан әрі баяуласа, Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандыру үшін ортамерзімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтап, мөлшерлемені бірқалыпты төмендетуді қайта қарастырмақ. Бұл ретте деректерді жинақтау және тәуекелдер балансын бақылау үшін базалық мөлшерлемені өзгертуде кідіріс болуы да мүмкін.