• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Пікір 27 Қараша, 2023

Ел дамуындағы оң өзгерістер

113 рет
көрсетілді

Кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы жалпыұлттық сайлауда жеңіске жетіп, ел Президенті қызметіне ресми түрде кіріскеніне тура бір жыл толды.

Аталған сайлауда Қазақстан халқы­ның басым көпшілігі Мемлекет басшысы ұсынған реформалар бағдар­ла­ма­сын және Әділетті Қазақстан құру бағ­дарын қолдап, дауыс берген еді. Осы уақыт ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өміріне және экономикасына әсер еткен айтарлықтай өзгерістер болды.

Биліктің барлық тармақтары қайта жаң­ғыртылды. Саяси жүйені де­мок­ра­тия­­ландыру жолында маңызды қадам­дар жасалды. Тежемелік пен тепе-теңдік жүйесі күшейе түсті. Өңірлердің дер­бес­тігі де нығайып келеді. Әкімшілік реформа іске асырыла бастады.

Сайлау жүйесі жаңартылып, соның негізінде Мәжіліс және барлық деңгей­де­гі мәслихаттар сайлауы өтті. Аудандар мен ауыл әкімдерінің сайлауы да жаңа та­лаптарға сәйкес өткізіліп жатқаны бел­гі­лі. Жалпы айтқанда, өткен бір жыл­дың ішінде елімізде әділетті, теңге­рімді және де­мократиялық саяси жүйенің негізі қа­ланды.

Халықтың әл-ауқатын жақсарту және өмір сүру сапасын арттыру бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. Әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру үшін арнайы Әлеуметтік кодекс қабылданды. «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақ­тауды жаңғырту», «Ауыл аманаты» сияқты ұлттық жобалар жүйелі түр­де жүзеге асырылып келеді. Келесі жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» президенттік бағдарламасы аясында төлемдер төлене бастайды.

Қазірдің өзінде әділетті экономи­ка­лық жүйе құру бағытындағы жұмыс­тар­дың нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Монополиямен және сыбайлас жемқорлықпен қатаң күрес қарқынды жүр­гізіліп жатыр. Жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын заңсыз иемденілген ак­тивтер және шамамен 8 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қай­тарылды. Шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жүйелі шаралар қолға алынды.

Ел экономикасына шетелдік инвес­ти­ция­лардың салынуы да белсенді жал­ғасып келеді. Сыртқы сауданың өсу қар­қыны көңіл қуантады. Осын­дай ша­ралардың арқасында 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша ел эконо­ми­ка­сы­ның өсуі 5 пайыз көлемінде болады деп болжанып отыр. Мұндай нәтижелер Президентіміздің бастамасымен іске асырылып жатқан реформалардың тиімділігін айқын көрсетеді.

Осылайша, бір жылда көп жұмыс іс­телді. Алда әлі талай ауқымды міндет­тер тұр. Мемлекет басшысы 2029 жыл­ға қарай елдің жалпы ішкі өнімін 2 есе­ге ұлғайтуды, яғни 450 млрд дол­лар­ға жеткізуді міндет етіп белгі­леп берді. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығының өнімділігі мен тиімділігін арттыру, еліміздің бар­лық өңірінде инфрақұрылымды жаң­ғырту және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту сияқты стра­тегиялық межелер бар. Осындай мақсат-міндеттерді нәтижелі іске асыру үшін қазақстандықтардың алдағы уақытта да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдап, Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуы аса маңызды.

«Бірлігі бекем ел биікті бағын­ды­рады» дейді. Шын мәнінде, біз әді­летті, жаңарған, инклюзивті және демократиялық Қазақстан құру жолында жұдырықтай жұмыла білсек, көздеген мақсаттарымызға қол жет­кіземіз.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат төрағасы