Қазақстандық рэпер Jah Khalib атымен танымал Бақтияр Мамедовтің Өзбекстандағы концертінде жаппай тәртіпсіздік болды. Концерт күні Ташкенттегі Humo Arena спорт кешеніне мыңдаған адам жиналып, ішке кіру қиынға соққан, деп жазады Egemen.kz.
Тәртіпсіздіктің себебі - жалған билеттердің қатар сатылуы. Әншінің тыңдармандары әртүрлі сайттардан арзан билеттер сатып алған. Салдарынан ресми сату орындарынан билет алған тыңдармандар да концертті тамашалай алмады.
Ызалы жанкүйерлер кезек сақтамай, арты дау мен төбелеске ұласқан. Жаппай тәртіпсіздікті тоқтатуға Өзбекстан Ұлттық гвардиясының жауынгерлері тартылды. Өзбекстан Ұлттық гвардиясының мәліметінше, зардап шеккендер жоқ, тәртіпті бұзғандар концерт өтетін маңнан шығарылған.
Енді өзбекстандықтар I Ticket сайтын айыптап, ақшаларын қайтаруды талап етіп жатыр.