Тараз қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту бойынша оңтайлы ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кезде мемлекеттік қордан тұрғын үй кезегінде тұрған I, II топтағы мүгедектігі барлар, көпбалалы отбасы, мүге- дектігі бар бала асыраушы отбасы, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатында тұрған азаматтарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 460 пәтерге 4 млрд теңге бөлінген.
Бүгінгі таңда «Бақытты отбасы» бағдарламасының қатысушыларына 1,5 миллионға дейін тұрғын үй сертификаты беріліп жатыр. Ал «Концепция» бағдарламасы аясында 500 пәтерге 4 млрд теңге қарастырылған. Аталған пәтерлер инженерлік құрылысы аяқталған соң конкурсқа шығарылмақ.
Жергілікті атқарушы билік келтірген дерекке сенсек, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында 523 пәтер рәсімделген. 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінде 3 623 пәтерге сатып алу келісімшарты жасалыпты.
2023 жылға дейін жергілікті атқарушы органдарда баспанаға мұқтаж адам ретінде үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасы іске қосылып, 751 отбасы баспаналы болған. Сонымен қатар 2019 жылдан бастап үй кезегінде «Толық емес отбасы», «Көпбалалы отбасы», «Мүгедектігі бар бала асыраушы отбасы» санатында кезекте тұрған азаматтарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 288 отбасы үйлі болып отыр.
ТАРАЗ