• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Қараша, 2023

Тас дәуірін таразылаған

426 рет
көрсетілді

Ел абыройын асқақтатып жүрген тарихшылар арасында есімі алыс-жақын шетел жұртына жақ­сы таныс санаулы ғалым бар. Со­лардың бірі – ҰҒА академигі, Ұлттық музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов.

Бірінші курстан кейін ұстазымыз Ма­дияр Елеуовтің басшылығымен бір жа­рым ай бойы Жамбыл облысы Шу ауда­ны­­ның Баласағұн ауылы (бұрынғы Кали­нин ұжым­шары) жанындағы Ақтөбе қала­шығында археологиялық қазба жұмысы­на экспедиция мүшесі ретінде қатыстым. Одан соң бір ай бойы туған ауылымда болдым да, қол бос кезде ауылдың солтүстік жағындағы құмдардың жылжуынан кейін пайда болған тақырланған жерлерді аралап, әртүрлі тас­тан жасалған садақ, найза ұштарын тауып, оларды университетке алып келдім. Бірден та­рих факультетінің деканы Уахит Шәлеке­нов­ке көрсеттім. Ол кісі тастың бәрін қа­рап шығып, «Бұлармен Жәкен Таймағамбе­тов деген ағайың айналысады, ол тарих институтында істейді, соған алып бар», деді. Содан 2-3 рет тарих институтындағы Ж.Таймағамбетовті кабинетіне барып, таба алмай кеттім. Бірақ тас дәуірінің 50-60-тай ескерткішін студенттік жылдары, одан кейін отбасын құрып, пәтерден-пәтерге, жатақханадан-жатақханаға көшіп жүрген жылдары бірге алып жүрдім. Уақыт солай өтіп жатты. Әлгі ескерткіштер тек Жәкен Таймағамбетов университетке толығымен ауысқан кезде ғана экспонат ретінде қалың көпшіліктің көзайымына айналды.

1999 жылы Ж.Таймағамбетов Әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультеті­не профессор қызметіне тұрақты орналасты. Біз етене араласып кеттік. Бірер жылдан кейін ол ТМД елдері арасында алғаш рет елімізде, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Палеолит музейін ашты. Музей жасақталып жатқанда Жәкеңе, 15-16 жыл сақтап келген тас дәуірі кезеңдерінің ескерткіштері туралы айттым. Бірден әкелуімді өтінді. Осылайша, Арал теңізінің солтүстік-батыс жағалауындағы Ақеспе елді мекенінің жанынан табылған тас дәуірінің жәдігерлері университеттің Палеолит музейінен орын алғаны маған өте зор қуаныш болды.

1953 жылы желтоқсанда Қостанай облы­сының Қарабалық ауданында дүниеге келген Жәкен Қожахметұлы орта мектепті жақсы бітірсе де, жоғары білімге бірден қолы жете қоймады. Өзі оқыған мектепте бастауыш сынып мұға­лімі, көрші аудандағы орта мектепте еңбек пен денешынықтыру пәнінің мұғалімі, КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің тыңдаушысы, көрші аудандағы астық кеңшары құрылыс бөлімінің жұмысшысы, «Алматыкультбытстрой» тресіне қарасты СМУ-18 мекемесінде жұмысшы болып істеді. Ақыры Жәкеңнің табандылығы алға шығып, барлық қиындық артта қалды да, 1974 жылы арман есігі айқара ашы­лып, С.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы уни­верситеттің тарих факультетінің студенті атанды.

1974-1979 жылдары аралығында уни­­верситетте бірінші курстан бастап «Ар­хеолог» атты студенттік ғылыми үйір­ме­нің белсенді мүшесі, келесі курстан бастап оның төрағасы болып көзге түсе баста­ды. Болашақ профессор студенттік жылдары Душанбе, Ашхабад, Самарқанд, Ташкент, Мәскеу қалаларында өткен бүкілодақ­тық ғылыми конференцияларда баяндамалар ­жасайды. Жәкеңнің ғалым ретіндегі тұлғалық болмысы сол кезден бастап-ақ қалыптаса бастайды. Қарап отырсақ, ғылым докторы, профессор болғанның бәрі студент кезінен ғылымға үйірсектеніп, оның бір мәселесі­мен қызығып айналысады. Жәкен Қожахмет­ұлы да студент кезінен археология ғылымы­на, оның ішінде тас дәуірі археологиясы­ның «ауруына» ұшырайды.

Халқымызда «отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмас» деген мақал бар. Бұл сөз жастарды, жігерлендіру үшін саналы түрде бір мақсат пен бір бағдарға бағыт­тауға қатысты айтылған деп ойлаймын. ­ХХ ғасырдың 50-80 жылдары кеңес­тік кезең­де жоғары білім мен ғылым сала­сын­да жұ­мыс істейтіндерге, оның ішінде қоғам­­дық және гуманитарлық ғылымдар саласы ­бойынша еңбек ететіндерге докторлық қорғап, профессор атағына ие болу тек 50-ден асып 60-70-ке таяғанда ғана жүзеге асатын іс деп есептелетін. Ғылым академиясының жүйесіндегі ғылыми-зерттеу институтта­рында жұмыс істейтін, аса талантты, ерек­ше қабілетті мамандар ғана 40 жасқа жет­пей докторлық диссертацияларын қорғай­тын. Ондай тұлғалар, әрине, саусақпен санарлықтай ғана. Олардың бұл ғылыми же­ңістерін нағыз ерлікке балап жатады. Атақ­ты тарихшы Ермұхан Бекмаханов 33 жа­­сында докторлық диссертациясын қор­ғап, 34-інде профессор атанған. Академик­тер Манаш Қозыбаев пен Кеңес Нұрпейісов 38 жасында докторлығын қорғаған.

Соғыстан кейінгі кезеңде дүниеге кел­­ген­дер арасында тарих ғылымының шы­­ңына 40 жасқа дейін көтеріліп, алдың­ғы буын ағаларының ғылымдағы дәс­тү­рін жал­ғастырған ғалымдар: профессор Ә.Тө­леу­­баев – 39 жасында, профес­сор, ака­де­мик Х.Әбжанов – 39 жа­сында, про­фессор Ж.Әбілхожин – 40 жа­сында док­тор­лық диссертация­ла­рын қорғады. Ж.Тай­мағам­бетов те 40 жас­қа толмай, Ресейдің Ново­сі­бір қала­сын­дағы Ресей Ғылым акаде­мия­сы Сібір бөлімі Тарих және этнография инсти­туты­ның диссертациялық кеңесін­де жария­лан­ған ғылыми жұмыстарының негізін­де «Қазақстан палеолиті. Негізгі мә­селе­лері» атты тақырыпта ғылыми баяндама жасап, тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленді. Осылайша, Жәкен Қожахметұлы университетке кеш түскеніне қарамастан, өзінің табандылы­ғы мен еңбекқорлығы, ізденімпаздығы мен өзі қалаған мамандыққа деген сүйіспенші­лігі арқасында қатарының алдына шығып, тарих ғылымының биік шыңына көтерілді. Ол – Қазақстан мен Ресейдің ғылым докторы ғылыми дәрежесін иеленген еліміздегі санаулы тарихшы ғалымдардың бірі.

Белгілі бір тұлға туралы сөз еткенде, оның жүрген жолы мен сіңірген еңбегі со­ның аты-жөнімен қатар тұрады да, оның бәрі ұқсас ұғымдарға айналып кетеді. Археолог Жәкен Таймағамбетов десек, есімізге бір­ден Қазақстанның палеолит дәуірі, тас ес­керткіштері, Новосібір қаласындағы КСРО ҒА СБ тарих, философия және филология институты және бірлескен Халықаралық археологиялық экспедициялар еске түседі. Осы ұғымдардың әрқайсысын археолог Жә­кен Қожахметұлының өмірімен байланыс­тыра отыра, жеке мақалалар жазуға болады.

Жәкен Қожахметұлы студент кезінде-ақ археологиялық экспедицияларға қаты­сып, мамандыққа деген құштарлығын қалып­тастырса, аспирантурада саналы түрде Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі тас дәуірі­нің ерте кезеңі – палеолиттік ескерткіштер, үңгірлер мен ежелгі адамдардың тұрақтары, олардың әртүрлі тастан жасалған еңбек құралдарын зерттейді. Тарих ғылымдары­ның кандидаты ғылыми дәрежесін иеленгеннен кейін оның зерттеу объектісінің аумағы кеңейіп, бүкіл Қазақстан аумағын қамтиды. Оның ғылыми есептеріне көз жүгіртсек, 1984-1992 жылдары аралығында еліміздің Жезқазған, Қарағанды, Маңғыс­тау, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Алматы, Семей, Шығыс Қазақстан, Талдықорған, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары аумақ­тарын­да дербес археологиялық барлаулар мен қазбалар жүргізіп, тас дәуірінің әр­түрлі кезеңіне жататын көптеген ескерт­кішті тауып, зерттеді. Зерттеулер барысында ғалым еліміздің әр­түрлі өңірінен – Қызылтау, Саяқ, Шоқ­тас, Қошқорған, Мұғаджар, Ембі, Өзен, Май­бұлақ, Үшбұлақ, Тәттібұлақ атты палео­литтік тұрақтарды алғаш ашып, олар туралы материалдарды  ғылы­ми айналымдарға енгізді.

1992 жылдан бастап Қазақстан аума­ғын­дағы бес археологиялық отряд пен экс­­­пе­­дицияларға жетекшілік жасай отыра, ше­телдің он шақты елінің археолог маман­дарымен бірлескен 3 ірі халықара­лық архео­логиялық экспедицияға бірлескен жетек­ші болды. Осы жылдардан бастап Ж.Тай­мағамбетов өзінің қалайша еуразия­лық ғалымға айналды. ТМД елдерінен бас­қа ол Еуропа, Азия, Африка, Америка құр­лықтарындағы ғылымы да­мыған елдерде өткен халықаралық ғылыми жиындарда Қазақ елінің жалғыз археолог-маманы ретінде ғылыми баяндамалар жасады.

Академик Ж.Таймағамбетов – еліміздегі археология ғылымының палеолит дәуірін зерттейтін жетекші маманы, ТМД елдеріне танымал археолог, ғалым. Оның негізгі зерт­теу тақырыптары – Қазақстан аумағын алғашқы адамдардың қоныстануы мәсе­лесі, олардың материалдық және рухани мәдениеті, өте ежелгі дәуірлердегі Еура­зия аумағындағы миграциялық үде­ріс­тер мен этникалық байланыстар мәселе­лері. Бұл – қысқа мерзімде және бір елдің мамандары шешетін мәселе емес, керісін­ше, ұзақ мерзімге арналған және алты құрлық­тың жетекші мамандарының бірлесіп қарас­тыратын мәселесі. Қазіргі кезең – сол ұзақ мер­зімнің алғашқы кезеңі және оның ірге­тасының қаланып жатқан кезеңі. Сондай халық­аралық ауқымды жобада еліміздің атынан Жәкен Қожахметұлының болуы бізді қуантады. Сондай-ақ бұл жобаның өміршең екендігі және үлкен нәтижелер беретіндігі сөзсіз.

Ерте көктемнен бастап ол жазғы экспе­дицияларының қамына кірісіп кетеді. Сол кеткеннен күздің соңына таман ғана ол Алматыға бет бұрады. Жолығып әңгімелесе қалсаң, айтатыны – жазғы экспедициясы Қазақстанның қай өңірлерінде өткені, қай жерлерде барлау жұмыстары жүргізіл­гені, қанша шетелдіктің келіп, қатысқаны, қандай жаңалық ашылғаны, тағы сол сияқ­ты игіліктерге толы әңгімелер. Тіпті экспедиция барысында болған тосын, адам кү­лер қызықты әңгімелер де айтылып жатады. Жәкен Қожахметұлының нағыз маман ретіндегі бір ерекшелігі, оның қазба жұмыстары барысындағы әр қадамды, әр жұмысты видео-фотоларға түсіріп отыра­ды. Әр жылдағы қазба жұмыстарының қоры­тындысы не жеке мақала, не экспедиция мүше­лерімен бірлесіп жазған ұжымдық моно­графия ретінде жарық көреді. Міне, мұны нағыз қажырлы еңбек деп айтуға болады.

Жәкен Қожахметұлы ғы­лыми еңбегінің арқасында 2020 жылы ҰҒА-ның толық мүшелігіне (академик) сайланды, 2022 жылы «Парасат» орденімен марапатталды, 2022 жылы Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі болды. Ол – Жапон императорының арнайы орденінің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағының, Білім және ғылым министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері. Мұның бәрін төккен тердің, атқарылған жұмыстардың өтеуі деп білеміз.

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

тарих ғылымдарының докторы