Өткен аптада Нижнекамскінің «Неф-техимигін» овертаймда 4:3 есебімен жеңіп, жергілікті көрермендердің көңілін сәл болса да серпілтіп тастаған «Барыс» келесі турда қайта таз қалпына түсті.
Дүйсенбіде Подольскінің «Витязь» клубын қабылдады. Бәсеке басталған бетте Кирилл Савицкий әдемі гол соғып, айдын иелерін алға шығарғанда кәдімгідей шаттанып, алақанымызды ысқылап отырған едік. Бірақ бұл қуанышымыз көп ұзамай су сепкендей басылды. Одан кейін ойын қонақтардың айқын басымдығымен өтті. «Витязьдің» ойыншылары «Барыстың» қақпасын бес рет дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Иван Савчик (4-минут), Дерек Барак (11-минут), Александр Дарьин (27-минут), Скотт Уилсон (47-минут) және Александр Яремчук (48-минут). Тек кездесу аяқталар тұста Аркадий Шестаков есеп айырмашылығын қысқартты – 2:5.
Сөйтіп, Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күллі Қазақстанның намысын қорғап жүрген жалғыз клубымыздың жағдайы күн өткен сайын нашарлап барады. Қазіргі кезде жерлестеріміз артынан санағанда екінші орында келеді.