• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 29 Қараша, 2023

Отандық технология – үздік ондықта

190 рет
көрсетілді

Отандық TrustMe стартапы Кремний алқабындағы Astana Hub-тың Hero Training бағдарламасы аясында өткен Demo Day нәтижесі бойынша үздік технологиялық компаниялардың ондығына енді. Венчурлық каиталист Тим Дрейпер жобаға инвестиция салуға қызығушылық танытты.

DraperU акселерация бағдарла­масына 35 елден 100-ден астам жоба қатысқан. 129 өтінім ішінен Орталық Азиядан 12 стартап іріктеліп, АҚШ-тағы Кремний алқабына жол тартты. Отандастарымыз белгілі венчурлық инвестор Тим Дрейпер ұйымдастырған ауқымды бизнес тренингтен өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлер төрт апта бойы жаһандық технология мамандарынан сабақ алды. Сондай-ақ бағдарлама аясында кәсіпкерлер өркениеттен жырақ өмір сүріп, төмен температурада шатырда түнеп, батпақты көлде, суы суық Тынық мұхитында жүзіп, түрлі қару-жарақтан оқ атып, азық іздеді. Бағдарлама Demo Day іс-шарасымен аяқталды. Онда TrustMe командасы бағдарламаға қатысқан 100 стартап ішінен инвестициялық тартымды шешім ретінде танылды. Стартаптың бас директоры Шыңғыс Дәулетбаевтың айтуынша, миллиардер Тим Дрейпер TrustMe-ге инвестиция салуға қызығушылық танытқан.

«Біз оған презентация жібердік. Тим Дрейпер біздің инвесторымыз болады деп үміттенеміз. Өйткені біздің құндылықтарымыз ұқсас», дейді TrustMe бас директоры Шыңғыс Дәулетбаев.

Сондай-ақ үздік 10 стартап қата­рына Үндістандағы қатерлі ісікті диаг­ностикалау жобасы, ортодонтия саласында төңкеріс жасайтын ливандық жоба, Канада мен Кариб бассейні елдерінің медициналық жобалары, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея және Аргентинадағы жобалар кірді.

Отандық стартап DocuSign, Adobe­Sign және DropboxSign сияқты жа­һандық алпауыттардың технология­ларынан түбегейлі өзгеше, келісім­шартқа қол қоюға арналған инно­вациялық шешімді ұсынады. Ком­панияның негізін қалаушы Шың­ғыс Дәулетбаевтың айтуынша, TrustMe келісімшарттардың шартын өзі бағдарламалайды және адами факторды жояды. Қазіргі уақытта TrustContract қызметін Қазақстандағы 800-ден астам компания пайдаланады. Стартап-компания Өзбекстан мен АҚШ-та өкілдіктерін ашып, алғашқы шетелдік клиенттеріне де қызмет көрсете бас­тады. Бұған дейін TrustMe стартапы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жобалар арасынан Пәкістандағы жасанды интеллект жобасынан кейін екінші орын алған болатын.