Халық тарихындағы билер институтын медиация мүмкіндіктері арқылы заманауи жаңғырту – уақыт талабы. Өйткені қазіргі таңда әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам қалыптастырудағы медиацияның рөлін арттыру маңызды сұрақтардың қатарына шығып отыр. Жалпы, сан алуан дау-жанжалдарды, тіпті орта дәрежелі қылмыстық істерді де сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен шешу елімізде кең тараған үрдіс екені анық.
Жақында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Медиация – азаматтық қоғамның жаңа сатысы» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – тәжірибе алмасу, еліміздегі медиация институтын дамытудың жолдарын саралау, медиаторлар арасында кәсіби байланыстарды дамыту және Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация құрылымының мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институтымен өзара іс-қимылының негізгі тетіктерін талқылау.
Медиаторлар бас қосқан кездесуде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, модератор Уәлихан Ибраев өңірдегі бітімгерлік бағытында атқарылған толымды жұмыстарды сөз етті. «Жалпы, бітімгерлік – адамдар арасындағы сыйластықты, татулық пен берекені, елдің тұтастығын сақтаудағы ең ұтымды тәсіл десек, медиатор екі тараптың арасындағы алтын көпір іспетті. Мұндай жандардың қоғамдағы маңызы зор, еңбегі орасан», деді ол.
Жиында жыл көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кабинетінің үйлестірушісі Ш.Абдраманова баяндама жасады. Ал Жаңақорған аудандық қоғамдық медиатор А.Жәнібеков, Облыстық мектептік медиация бағытындағы оқушылар арасындағы ғылыми жоба жетекшісі А.Жанділдаев, облыстық ҚХА жанындағы медиаторлар кеңесінің мүшесі, «Бітім» медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Ж.Мирамбекқызы және «Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кәсіби медиатор М.Нұржанов татулық пен берекені, елдің тұтастығын сақтаудағы ең ұтымды тәсіл – бітімгерлік бағытын дамытып, нығайтуда атқарылып жатқан толымды жұмыстарға тоқталып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Кездесу соңында Қазақстан халқы бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуда қосқан елеулі үлестері үшін бірқатар медиатор облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының алғысхатымен марапатталды.
Бүгінгі күні облыс көлемінде жыл бойы облыстық ҚХА-мен бірлесіп жұмыс атқаратын 45 медиатордың, кеңес құрамында 14 медиатордың тізімі жасақталған.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан мүдделі мемлекеттік құрылымдармен бірлескен түрде өңірде медиация институтын ілгерілетуге және дауларды соттан тыс шешу жолдарын насихаттау бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Есепті мерзімде ҚХА медиаторларына келіп түскен өтініш 92-ден асады, оның ішінде этносаралық даулар орын алған жоқ.
Жыл басынан бері облыс көлемінде медиацияға қатысты 123 түрлі форматты кездесу, жиын, ашық есік пен түсіндіру ұйымдастырылса, бұл іс-шараларға 6 180-нен астам тұрғын қатысқан.