• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қараша, 2023

Жаңа мұнай танкерлері келді

240 рет
көрсетілді

Маңғыстаудағы Халықаралық теңіз сауда портында жаңа танкерлердің келуіне байланысты салтанатты іс-шара өтті. Жалпы көлемі 8 мың тонна мұнай құю танкерлері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Abu Dhabi Ports Group (ADP) арасындағы ынтымақтастық шеңберінде сатып алынды.

«Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» (CIMS) бірлескен кәсіпорны, оның акционерлері «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚМГ еншілес кәсіпорны) және International Maritime Investments Ltd (ADP еншілес ком­паниясы) иелігіндегі танкерлер Нидерланд концернінің аумағында құрастырылған. Кеме­лер­дің ұзындығы – 140 метр, ені – 16,7 метр, ал шөгіндісі – 4,2 метр, жылдамдығы – 10 торап. Екі танкер де озық басқару жүйелерімен жабдықталған, олар барлық халықаралық қауіпсіздік стандартымен экологиялық талапқа сәйкес келеді.

Салтанатты іс-шараға Маң­ғыстау облы­сы­ның әкімі Н.Ноғаев, ҚМГ басқарма төрағасы М.Мыр­зағалиев, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Елшісі Мұхаммед Саид Әл-Арики, ADP басқарма төрағасы Мұхаммед Жұма Әл-Шамиси, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС бас директоры А.Оржанов, өзге де қонақтар қатысты.

– Бұл танкерлерді сатып алу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың о­тан­дық көмірсутек экспортының баламалы бағыттарын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды. Біз әрқашан өңірімізді жан-жақты дамытуға бағытталған барлық бастаманы қолдауға да­йынбыз. «Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық тасымалдаушысында іске қосылатын екі мұнай танкері еліміздің экономикасы мен көлік-логис­тика саласының дамуы мен өркендеуіне қызмет етеді, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

Іс-шарада сөз сөйлеген ҚМГ басшысы жаңа танкерлерді сатып алу арқылы Транскаспий бағытын дамытуда маңызды қадам жасалғанын атап өтті.

–Танкерлердің бірі БАӘ-дегі Оазис-Liwa деген мекеннің атымен, ал екінші танкер тарихи қала – Тараздың атымен аталған. Жаңа танкерлерді сатып алу арқылы біз Транскаспий бағытын дамытуда маңызды қадам жасап отырмыз. Осыған байланысты бірлескен жобаны сәтті жүзеге асырғаны үшін стратегиялық серіктесімізге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді, – деді ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев.

Жаңа кемелер биыл желтоқсан айында қол­данысқа беріледі. Алынған екі танкер еліміздің жылына 750 мың тонна мұнай тасымалдау жөніндегі міндеттемені толығымен орындауға мүмкіндік береді.

 

Маңғыстау облысы