Ұлттық қор – майлы шелпек, қалаған жеріңнен үзіп ала бер. Үкіметтің бұл ұстанымын біраз сарапшы сынға алып жүр. Өзіміз жарытып өндіріс ашпадық. Ашуға да, өркендетуге де аса құлқымыз жоқ екені айра-жайра анық болды қазір. Ең рақаты, маңдайға біткен жалғыз байлық – мұнайдың табысы жиналған мол қазынаның шетінен кертіп алып, азық қыла берген. Бірақ үңги берсең, мұнайдың өзі сарқылар. Біз болсақ мұнайдың ақшасын мұнайдың өзінен бұрын сарқып бітірер түріміз бар.
Бірер күн бұрын Сенат Ұлттық қордан трансферт алуды мақұлдады. Заң жобасында көрсетілгендей, Үкімет 2024 жылы мұнайдың минималды бағасы барреліне 43,4 доллар деп белгілеп отыр. Тиісінше, 2025 жылы – 40,2 доллар, 2026 жылы – 41,8 доллар. Бұл бойынша Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт биылғы 2,2 трлн теңгеден 2 трлн теңгеге дейін түседі, 2026 жылға дейін осы көлемде алынып отырады. Сонымен қатар келер жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге нысаналы трансферт алу көзделеді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қаражат ұлттық ауқымдағы әлеуметтік және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ. iKapitalist телеграм арнасының авторы Нұрбек Раевтың айтуынша, қазір мемлекеттің шығыны кірістен асып түсіп тұр.
«Денсаулық, білім, инфрақұрылым салаларын қаржыландыруға ақша жоқ. Біз мемлекет ретінде тапқан табысымыздан тым көп жұмсаймыз. Егер ештеңе өндірмей, бірақ тым көп ақшаны нарыққа әкелсек, онда сұраныс күрт өседі. Жергілікті өндіріс мұндай сұраныстың қажетін өтеп үлгермейді. Демек, ұсынысты шетелдік тауарлар қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, елімізге қосымша баға ағыны келеді, сол арқылы шетелдік бизнеске қолдау көрсетеміз. Егер біз мемлекеттік аппарат шығынын азайтсақ, әлеуметтік шығындар өсімін тоқтатсақ, өндірісті қана жеңілдетілген пайызбен қаржыландырып, экспортқа шығару кезінде мөлшерлемені алып тастасақ қана Ұлттық қорға деген зәруліктен арылар едік», дейді Н.Раев.
Ұлттық қорға қатысты түсініспеушілік көп. Жақында Сенат депутаттары «Самұрық-Қазынаның» тиімсіз облигацияларын Ұлттық қор қаражаты есебінен сатып алуға қатысты реніш білдірген. Сенатор Сергей Карплюктің айтуынша, 2022 жылы Ұлттық қор «Самұрық-Қазынаның» облигацияларын алып, 60,8 млрд теңге шығынға батқан. Ұлттық қор қаражаты инфрақұрылым жобаларына Үкімет шешімімен инвестицияланып жатыр, дейді депутат. Қарашаның басында Ұлттық қор есебінен «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алу үшін 1,3 трлн теңгенің бөлінуі де біржақты, яғни Үкімет шешімімен қабылданғаны белгілі болды. Осының бәрін қоса алғанда, биылдыққа қордан алған ақша көлемі 5,3 трлн теңгеге бір-ақ жеткен. Бұл – Ұлттық қордың арғы-бергі тарихындағы рекордты ақша алу көрінісі.
«ҚазМұнайГаз» акциясын оның нарықтық құнынан арзанға сатып алу ел бюджетін қаржыландыру үшін» деп көрсетілген. Тиісті түзету «2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына» енгізілген. Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, бюджеттік ережелердің өзгерісінде республикалық бюджет туралы айтылғанына қарамастан, бұл әлі де бюджеттік саясаттың контрциклдік сипатын бұзады.
«Аталған операция Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансфертті ұлғайта береді, ал ҚМГ-ға тікелей бақылау жасау құқығы Үкіметте қала береді. Тұжырымдама былтыр желтоқсанда ауысқан еді. Ол кезде Ұлттық қор қаражатын «Самұрық-Қазына» облигацияларын нарықтық құннан төмен бағаға сатып алып пайдалануға рұқсат етілген. Жалпы, Ұлттық қорды стандартты бюджеттік үдерістен тыс пайдалану елімізде толыққанды, ашық және тиімді бюджет саясатын құру тұрғысынан қолайсыз. Үкіметтің мұндай нарықтық емес операциялары қаржы нарығында да, бүкіл экономикада да нарықтық механизмдерді тым қатты бұрмалайды», дейді сарапшылар.
Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, 2022 жылдың желтоқсанында Президент Жарлығымен «2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына» өзгеріс енгізілген. Өзгеріске сәйкес «Самұрық-Қазынаны» Ұлттық қордан тікелей несиелеу (бұрынғыдай алдымен бюджетке түсіріп емес) мүмкіндігі туындаған. Енді сол тұжырымдама биыл қыркүйекте тағы өзгеріп, ҚМГ акцияларын сатып алуға мүмкіндік берілді.
«Ұлттық қорды дұрыс контрциклді пайдалансақ, экономикалық өсімді, бюджеттік шығыстарды, инфляцияны және ұлттық валюта бағамын тұрақтандыру есебінен елде макроэкономикалық тұрақтылық пайда болады. Мұнай бағасына тәуелділіктен арылу нәтижесінде жеке бизнесті дамытуға қолайлы орта пайда болып, экономика әртараптанады. Қазақстан сияқты әртараптанбаған елде контрциклдік бюджет ережесі инфляция мен ұлттық валюта бағамына қаттырақ (ақша-несие саясатымен салыстырғанда) әсер етеді», дейді Halyk Finance.
Экономист Мұрат Темірхановтың сөзінше, Ұлттық қордан мұндай көлемде көп қаражат алу макроэкономикалық саясатқа зиянын тигізіп, экономикаға ұзақмерзімді залал әкеледі.
«Аталған тәжірибе Қазақстан республикасының «Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» көрсетілгендей, еліміздің мемлекеттік қаржысының есептілігі, ашықтығы қағидаттарын өрескел бұзады. Мысалы, Парламентте республикалық бюджетті бекіту кезінде Ұлттық қордан бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферт мөлшерінің негізділігі Парламент пен Үкімет арасында егжей-тегжей талқыланады. Бұл Ұлттық қордың қаражатын бүкіл қоғам үшін пайдаланудың есептілігі мен бақылануын қамтамасыз етеді. Алайда 2022 жылғы желтоқсанда ел экономикасын Ұлттық қордан бюджеттен тыс қаржыландыру мүмкіндігі пайда болған кезде, Ұлттық қордан осындай бюджеттен тыс қаржыландыру бойынша шешімді жоспарлау, қабылдау және орындау үдерісі Парламент үшін де, бүкіл жұртшылық үшін де ашық болмады. Тиісінше, осыдан кейін Парламентке, бүкіл қоғамға есеп бермейтін мемлекеттік қаржының үлесі күрт кеңейді. Қазір Парламент МӘСҚ, ӘМСҚ, ПНҚ, «Қазақстан Халқына», активтерді қайтару қоры сияқты мемлекеттік бюджеттен тыс қорларды бақыламайды. Сондай-ақ Үкіметтің ұлттық холдингтер квазифискалдық операцияларын, Ұлттық банк қаржыландыратын мемлекеттік шығыстарды қалай жоспарлап, бекітетінін ешкім бақылап отырған жоқ», дейді М.Темірханов.
Сарапшы Асан Құрманбековтің айтуынша, қажетті процедураны сақтамай, Ұлттық қор қаржысын пайдалана берудің соңы мемлекеттік қаржының тепе-теңдігін бұзуға әкеліп соғады.
«Үшінші тоқсанда мемлекеттік бюджет кірісі өткен тоқсанмен салыстырғанда 2 пайызға азайды. 2023 жылдың 9 айында кірістің ұлғаюы жылдық мәнде 15,5 пайызды құраған. Қаржы министрлігінің мәліметінше, жоспар 97 пайызға орындалды. Өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда биыл 9 айда мемлекеттік бюджеттің шығыны 24 пайызға артты. Шығыс бөлігі өсімінің артуы мемлекеттік бюджеттің тапшылық мөлшерін жарты жылда 1,6 трлн теңгеден 2,22 трлн теңгеге бір-ақ өсірді. Бюджеттік көрсеткіштердің нашарлауына жылдың екінші жартыжылдығынан бастап экономикалық өсудің жалпы баяулауы – елдің энергетикалық секторындағы дағдарыс, мұнай-газ кешенінің инфрақұрылымын ауқымды жөндеу жұмыстары, тамызға дейін созылған айтарлықтай күшті теңге бағамы әсер етті», дейді ол.
Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қорды Ұлттық банк басқарады, бірақ ол заң бойынша Үкіметке тиесілі. Сарапшы Нұрлан Жұмағұлов бұл орайда ҰБ басшысының пікірін қостайды. Рас, Ұлттық банк Ұлттық қорға қатысты пәлендей құзыретке ие емес. Өйткені Ұлттық қор дегеніңіздің өзі – жоқ құрылым.
«Ешқандай қор жоқ, тек Үкіметтің банктік шоты бар. Мұнай сатудан түскен табыс сол шотқа түседі. Яғни Ұлттық қор деген құрылым қағаз жүзінде ғана. Оның заңдық мәртебесі бекітілмеген. Осының салдарынан Стати ісі кезінде қордың шоты оп-оңай бұғатталып қалды. Ең абзалы – Ұлттық қор мен БЖЗҚ-ны біріктіріп, оларға заңдық мәртебе беру және жаңа қордың активтерін басқару бойынша халықаралық тендер жариялау (Норвегия мысалы бойынша)», дейді сарапшы.