• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 30 Қараша, 2023

Дархан Нұрпейісов: Қоғам қарыздан сабақ алғаны абзал

197 рет
көрсетілді

Банк келісімшарттарында түрлі өмірлік жағдайларды ескеріп, қамту мүмкін болмағандықтан, банк пен қарыз алушы арасында келіспеушіліктер туындап жатады. Ипотекалық қарыз шарттары бойынша құқықтардың бұзылуына жұртшылық шағымының көбеюіне байланысты кезінде елімізде Банк омбудсмені институты енгізілді. Білікті кеңесші тараптар арасындағы түсініспеушіліктерді реттеу­ге, міндеттемелерді орындау талаптарын өзгертуге қалай ықпал етеді? Бұл төңіректегі сауалдарды Қазақстанның Банк омбудсмені Дархан Нұрпейісовке қойған едік.

‒ Дархан Қадырбайұлы, әрбір қаржылық дағдарыс өзімен бірге сын-соқпағын сүйрей келеді. Оның ізі азаматтардың кірісінің кемуінен, төлеу қабілетінің төмендеуінен байқалады. Білуімізше, Банк омбудсменінің қызметі қарыз алушы жеке тұлғаға кәсіби көмек беруге, банк шарттарындағы қарама-қайшылықтарды түзетуге бағыт­талған. Іс жүзінде бұл тетік қаншалықты тиімді?

‒ Банк омбудсмені институты 2011 жылғы ақпанда «Банктер және банк қызметі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің нәтижесінде пайда болды. Осы арқылы мемлекет қарыз алушыларға қаржы ұйымдарымен келіспеушіліктерді шешуге көмектесетін тәуелсіз ойыншыны енгізіп, оған бір­қатар өкілеттік берді. Оны құрудың шұғыл қажеттілігі ипотекалық несиелеу саласындағы көптеген проблемаға, атап айтқанда несиелерді қайтару жағдайына байланысты. Банк омбудсмені қызметінің 12 жылында ондаған мың азаматқа кәсіби көмек көрсетілді, қарыз алу барысында туындаған түрлі жағдайлар оң шешімін тапты. Азаматтардан түсіп жатқан өтініш­тер Банк омбудсмені қызметінің тиімділігіне, маңыздылығына дәлел.

Бүгінгі таңда республикамызда қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етумен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, банк және сақтандыру омбудсмендері, түрлі құқық қорғау және қоғамдық ұйымдар айналысады. Бірақ Банк омбудсменіне ипотекалық қарыздардан туындайтын дауларды сотқа дейінгі реттеу құқығы заңды түрде берілген. Сондай-ақ оның шешімдері екінші деңгейдегі банктер үшін мін­детті. Бұл ретте Банк омбудсменінің қызметтері тегін ұсынылатынын атап өткім келеді.

‒ Қаржылық қызметті тұты­ну­шы­лар банктермен қарыз шарттарын жасасу кезінде тараптардың теңсіздігіне жиі шағымданады. Бұл банктер алдымен өз пайдасын ойлап, клиенттерінің құқығын екінші орынға қоятынын білдіре ме?

‒ Банк ‒ табыс алу үшін құрылған коммерциялық ұйым. Кез келген бизнес сияқты банктер де өз капиталын, салымдарын барынша қорғауға тырысады. Сонымен қатар тараптардың бірі қажет болған кезде несие алуға ерікті болса, екінші тарап оны белгілі бір шарттармен беруге дайын. Бірақ бұл жерде қаржы ұйымдары біржақты әрекет етіп, қарыз алушыны тұқырта алмайды. Олардың қызметін реттейтін Азаматтық кодекс, «Банктер және банк қызметі туралы», «Микроқаржылық қызмет туралы» заңнамалар, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің нормативтік актілері бар. Олар әр тараптың құқықтары мен міндеттерін реттейді, қарыз шарттарын жасасудың тәртібін белгілейді. Сондықтан келісімшарт жасасу кезінде қарыз алушының құқықтарына нұқсан келтіріледі деу – негізсіз. Ал қарыз алушылар сол қарыз шартының талаптарын мұқият оқи ма, жоқ па, мәселе – сонда.

‒ Банк омбудсмені банкпен келіс­сөздерде қарызды өтеу кестесін қа­рыз алушы пайдасына өзгертуге немесе шартты екі тарап үшін де қо­лайлы етуге қалай көмектеседі? Банк омбудсме­нінің шешімдері қандай мәртебеге ие? Тарап­тардың бірі оның шешімімен келіспеген жағдайда қайта шағымдана ала ма?

‒ Банк омбудсменіне қойылатын талаптарға тоқталсақ, ол қаржы институттарында тәжірибесі бар, экономика, заң салаларының білікті маманы болуы шарт. Яғни бұл қабілеттер банк омбудсменіне қаржы институттарымен дұрыс келіс­сөздер желісін құруға мүмкіндік береді. Тараптар арасындағы түйткіл төлемдер кестесін өзгертуге, кепілдерге, қосалқы қарыз алушыға, өтеу есебіне ақшалай қаражатты уақтылы есептен шығаруға, пайыздарды немесе айыппұл санкцияларын есептеуге қатысты болуы мүмкін. Әр арызданушының өз тарихы бар. Олардың әрқайсысының өтініші жеке-дара қаралып, шешіледі. Банк омбудсмені ‒ қарыз алушы мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды сотқа дейін қарайтын апелляциялық сатының бір түрі. Ол арқылы клиенттер банктің іс-әрекетіне шағымдана алады. Бұл ретте Банк омбудсмені қарыз алушы мен қаржы ұйымы арасындағы таразы секілді екі тараптың да мүддесін қанағаттандыратын бейтарап, әділ шешім іздейді. Нақты өтініштерді қарау барысында оның қызметіне араласуға жол берілмейді. Қарыз алушы Банк омбудсменінің шешімімен келіссе, банктер мен қаржы институттары оны орындауға міндетті. Сондай-ақ банктер омбудсмен шешімін қайта қарауға сотқа шағымдануға құқылы. 12 жылда Банк омбудсмені институтының шешімі екі рет қана қайта қаралды. Екі жағдайда да шешім өзгеріссіз қалды.

‒ Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы қарыз алушы­лардың жалғыз баспанасын­ сақтауға, қарыз жүктемесін азайту­ мен ипотекалық қарыз алушы­лар­дың валюта бағамдарының ауыт­қуына тәуелділігін болдырмауға қан­ша­лық­ты­ ықпал етті? Осы уақытта жеке тұлға­­­лардың проблемалық тұрғын үй қарыз­дары азайды ма?

‒ Қайта қаржыландыру бағдарламасы 2015 жылдың сәуірінде іске қосылып, 8 жылдан аса уақыт бойы сәтті жүзеге асырылып келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған статистикаға сәйкес 2004-2009 жылдары ипотекалық қарыз алғандардың жалғыз тұрғын үйін сақтауға бағытталған бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктер 196,8 млрд теңге сомасына 32,2 мың қарызды қайта қаржыландырды. 2016 жылға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айырбастауға, я қайта қаржыландыруға бағытталған бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 137,1 млрд теңге сомасына 14 мың валюталық ипотекалық қарыздарды айырбастауды, қайта қаржыландыруды жүргізді. Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын 10,6 мың қарыз алушыға 74,7 млрд теңге сомаға қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсетті.

Мемлекет ипотекалық қарыз алу­шы­ларға көмек көрсету үшін орасан зор жұмыс жүргізді, қарыздарды қайта қаржыландыру барысында туындайтын мәселелер статистикасы негізінде бағдарламаға көптеген өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Бағдарламаның әсерін Банк омбудсменіне жүгіну статистикасынан да байқауға болады. Егер бағдарламаны іске қосудың алғашқы кезеңдерінде осы құжаттың, оны іске асырудың шарттары туралы сұрақтар мен өтініштер көптеп ағылса, қазір олардың саны айтарлықтай азайды. Әрине, әлі де бірқатар мәселе бар. Дегенмен бағдарлама операторы, яғни Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен, қоғамдық бірлестіктермен, қарыз алушылармен бірлесіп бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып жатыр.

‒ Мемлекет басшысы азаматтардың шағымдары омбудсмендердің және арнайы мандаты бар уәкілдердің тікелей қаты­­суымен шешілуі қажеттігіне, ол үшін өкілеттілер жүйесі өзін толық ақтауы тиістігіне әрдайым назар аударып келеді. Әділетті қоғамның негізін құрай­­тын бұл бастаманы жүзеге асыруда нендей оң өзгерістерді атап өтер едіңіз?

‒ Қазақстанда банк омбудсменімен қатар адам құқықтары жөніндегі уәкіл, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл, сақтандыру омбудсмені, бизнес омбудс­мені сәтті жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау жөнін­дегі уәкіл де пайда болуы мүмкін. Соңғы үдерістерге сәйкес қар­жы нарығы мен банк омбудсмені өкілеттіктерін кеңей­ту жайы да талқы­лан­бақ. Өйткені қазіргі уақытта ол банк­тер­ үшін тек ипоте­ка­лық несиелер бойынша міндетті шешімдер қабылдай алады.

Мемлекет өмірдің барлық саласында азаматтарды барынша қорғауға маңыз беріп отыр. Азаматтардың құқықтары мен мүдделері тиімдірек қорғалатын қоғам ғана неғұрлым әділ, жауапты және ашық болмақ. Бұл ретте омбудсмендер институты азаматтардың құқықтарын қорғауда, мүдделері мен бостандықтарын қамтамасыз етуде зор рөл атқарады. Мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметінің ашықтығы халықтың сенімін нығайтады.

‒ Президент өз Жолдауында нақты сек­торға берілетін несие азайып жат­қанда банктер тұтыну несиесімен әуес­теніп кеткенін, бұл азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқ­тыр­ғанын сынға алды. «Жеке тұлға­лар­дың банкроттығы тура­лы» заң бұл мәсе­лені реттеуге қан­ша­лықты әсер етті? Ахуалды түбегейлі түзеу үшін нендей шаралар қабылдау қажет?

‒ Несие рәсімдеуде әр тарап осы несиені қайтарумен байланысты өзіне міндеттеме алып, қандайда бір тәуе­кел­дерді қабылдайды. Ел тұрғын­дарының қаржылық, құқықтық сауаты ашылмай, барлық жауапкершілік пен құқықтық салдар ескерілмей, пробле­ма­лардың шешілуі екіталай. Сон­дық­тан арадағы қайшылыққа қаржылық сауаттылық қана қалқан бола алады.

Азаматтардың жүктемесін азайту үшін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң дер кезінде қолға алынған қажетті құрал болғаны сөзсіз. Дегенмен аталған заң болашақта қарыз алушы мен қаржы ұйымы үшін сабақ болуға тиіс. Қарыз алушы үшін заңның бірқатар теріс салдары бар. Оны өмірде қолдану қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетеді.

‒ Әлеуметтік шиеленістер көбіне осы құқықтық сауатсыздық салдарынан туатыны белгілі. Өйткені көпшілік өз мүд­делерін қорғау, қолданыстағы құ­рал­дарды пайдалану туралы біле бермейді. Сондай-ақ шалғай аймақ­тар­да ақпараттық ресурстар мен заң көме­гіне қолжетімділік шектеулі. Осы рет­те өңірлерде омбудсмендер өкілдігі құрыла ма?

‒ Ел тұрғындарының қаржылық және құқықтық сауатын көтеру мемле­кет­тің алдыңғы кезектегі міндеті болуға тиіс. Проблемалық қарыздар аз бол­ға­нын қаласа, банк нарығы да осыған әре­кет­тескені абзал. Қарыз алу мен келісім­шарт жасауда қарыздың бар­лық шарты, сыйақы мөлшері, артық төлем және несиені қайтармаудың сал­дары көр­сетілген негізгі беттің болуы­ міндетті. Алайда бүгін цифрлық техно­ло­гия­лар­дың дамуымен несие алу банк қосым­­шасындағы бір түймені басу арқы­лы­ жүзеге асырылады. Бұл жағдайда қарыз алушыға тәуекелдерді бағалау, шарт­тың талаптарымен, өз құқықтары мен мін­деттерімен жете танысу қиынға соғады.

Қазірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі fingramota.kz жобасымен қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Онда түрлі салалардың мамандарын тартумен тікелей эфирлер, көшпелі дәрістер мен жеке қабылдаулар өткі­зіледі. Пайдалы ақпараттарды Банк омбудсмені сайтының қаржылық сауат­ты­лық бөлімінен де табуға болады. Сонымен қатар Банк омбудсмені сайтында нақты хат алмасу режімінде «Jivo Site» арқылы кеңес алуға, өтінішті электронды пошта арқылы жіберуге болады. Ал Алматы қаласының тұр­ғын­дары жеке қабылдауға жазыла алады. Бүгінде Банк омбудсмені қызметі бүкіл елді қамтып отыр. Сондай-ақ өңірлерде өкілдіктер ашу мәселесі де қаралып отыр.

 

Әңгімелескен –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

«Egemen Qazaqstan»