• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қараша, 2023

Жол апаты азаймай тұр

215 рет
көрсетілді

Жыл сайын елімізде мыңдаған адам жол апатынан қаза табады. Бұл мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде құқық қорғау органдарына жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруды тапсырған еді. Кейінгі үш жылда жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өскенін, салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алғанын атап өтті.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде 30 жыл ішінде жол-көлік апатынан 83 мыңнан астам адам қаза тапқан. Кейінгі үш жылда Қазақстан жолдарындағы жол-көлік оқиғалары жыл сайын 6 пайызға өсіп келеді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай апаттардың 87 пайызға жуығы жүргізушілердің кінәсінен болады.

Жол-көлік апаты депутаттардың да назарында. Мәжілістің кейінгі бірнеше отырысында осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолданды. Мәселен Ерболат Сауры­қов­тың келтірген деректеріне сай, 2023 жыл­дың он айында елімізде 11мың 618 жол көлік оқиғасы болған. Салдарынан 1942 адамның өмірі қиылған. Жан тапсырған жасөспірімдер мен балалар саны да аз емес. Ал әртүрлі деңгейдегі дене жарақатымен түс­кендердің саны 14 мың 456 адамды құрап отыр.

Ал депутат Наурыз Сайлаубай бұған жүргізушілерді даярлау деңгейінің төмен­ді­гі, қарапайым жол қозғалысы ереже­лерін білмеу және жүргізуші куәлігін алу орын­да­рын­дағы сыбайлас жемқорлық себеп болып отырғанын алға тартады.

«Бірнеше рет емтихан тапсыра алмаған азаматтар амал жоқтан мәселені жеңіл шешудің жолдарын іздейді. Заңды айналып өтуге тырысады. Әлбетте мұның салдары сыбайлас жемқорлыққа алып келеді. Көлік жүргізу куәлігін алу қиындап кеткені де халық арасында наразылық туғызып отыр. Биыл Ішкі істер министрінің 20 шілдедегі бұйрығымен жүргізуші куәліктерін беру қағидаларына өзгерістер енгізілгенімен, сыбайлас жемқорлық дерегін азайту мәселесі әлі шешім таппағанын көріп отырмыз», дейді Н.Сайлаубай.