Елімізде адам саудасы бойынша жыл басынан бері 27 факт тіркелген. Ең сорақысы, кәмелетке толмаған 22 бала сатылған. Бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді. Жалпы, елімізде тірі тауар саудасына қашан тосқауыл қойылады?
Бүгінде әлемнің әлеуетті елдері адам ағзасын сатудан бастап мәжбүрлеп еңбекке жегуге дейінгі қылмыспен күресті басты бағдар етіп алған. Еліміз де бұл ұстанымнан айныған емес. Таяуда ғана құқық қорғау органдары Алматы облысында несиесін жабу үшін баласын сатқан 24 жастағы келіншектің қылмысын әшкереледі. Безбүйрек әйел жүктіліктің жетінші айында-ақ «бала сатамын» деп әлеуметтік желіге жарнама беріп, сәбиін бауырына басатын жұпты да тауып, уағдаласып үлгерген. Бірақ пиғылы жүзеге аспады. Қазір бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір күдікті әйел уақытша тергеу изоляторына қамалды. Мұндай факт Шымкентте де тіркелді.
«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 23 жастағы әйелдің баласын сатпақ болып, сатып алушыларды іздеумен айналысқанын анықтады. Ол делдал арқылы басқа облыстың 45 жастағы тұрғынын тапқан. Іс Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша тіркелді, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бала сәбилер үйіне орналастырылып, күдікті қамауға алынды.
Таяуда республикалық «Стоп трафик» жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды. Республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында 39 дерек әшкере болды. Оның ішінде бесеуі адам ағзасын сатуға байланысты. Еңбекті қанау мақсатымен адамды заңсыз бас бостандығынан айырудың 3 фактісі анықталды. Адам саудасына қатысты 7 қылмыс тіркелді. Оның ішінде бесеуі кәмелет жасына толмағандарды саудалаған. Жезөкшелікке итермелеудің 4 фактісі белгілі болды. Оның ішінде үшеуі – кәмелет жасына толмағандар. Оның бірі – Батыс Қазақстан облысынан. 35 жастағы әйел кәмелетке толмаған 2006 жылғы қызды үш ай бойы жыныстық қызмет көрсетуге итермелеген», деді Қ.Нұрмағамбетов.
Қылмысқа баратындар да осал емес. Әккілер көбіне психикалық ауытқуы бар адамдарды құлдыққа салатын көрінеді. Мәселен, павлодарлық полицейлер 2 жыл еңбек қанауында болған 1987 жылғы ер адамды құтқарған. Ал жас қыздарды тән саудасына мәжбүрлейді. Адам саудасына қатысты кең тараған түрі де осы жезөкшелік. Биыл елде притон ұйымдастырып, жеңгетайлықпен айналысудың 24 дерегі тіркеліпті.
Сондай-ақ «Шетелге барып жұмыс істеймін, ақша табамын» деп шекара асқан отандастарымыздың құрыққа түсіп, құлдыққа, жезөкшелікке жегілгендері де аз емес. Әсіресе Қазақстан азаматтары БАӘ, Қатар, Индонезия, Бахрейн, Түркия, Оңтүстік Корея елдеріне тірі тауар болып кетсе, біздің елге Қырғыз Республикасы мен Өзбекстаннан келіп, құлдыққа жегілгендер көп.
«Ауыл, шаруа қожалықтары, құрылыс объектілері, қонақүйлер, монша кешендері тексеріледі. Сондай-ақ интернет желісіне де мониторинг жүргізіледі. Мысалы, жыл басынан полиция органдары осы санаттағы 124 қылмысты тіркеді. Қазақстан адам саудасының құрбандарын шығару, кіргізу және транзитті ел ретінде осы құбылыстарға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық стандарттардың сақталуына кезең-кезеңімен, біртіндеп дәйекті шаралар қабылдайды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін, ең алдымен, қайда жол жүрсеңіз де құжаттарыңызды түгендеп, ешкімге бермей, жақындарыңды ұдайы хабардар етіп отыру қажет», деді ІІМ өкілі.
Үкіметтік емес ұйымдар жариялаған статистикалық деректерді бағдарласақ, өңірлер бойынша адам саудасына қатысты 2019 жылы – 120, 2020 жылы – 141, 2021 жылы – 200, 2022 жылы 193 қылмыс тіркеліпті. Арасында Астана, Алматы, Шымкент, Теміртау, Ақтөбе қалалары көш бастап тұр.
Сондай-ақ адам ағзасын алып-сату бойынша 4 факт анықталған. Ішкі істер министрлігі «бүйрек сатуды ұйымдастырған» қылмыстық топты құрықтаған. Нәтижесінде, 23 адам ұсталып, үшеуі қамауға алыныпты. Айта кетерлігі, жыл сайын 300-ден астам отандасымыз донор тапшылығынан қайтыс болатын көрінеді. Әрі олардың саны өсіп жатыр. Былтыр мысалы 3 мыңға жуық болса, қазір 4 мың адам донорға мұқтаж. Дәл осы күту парағында кезекте тұрған 3 916 науқастың 110-ы бала. Оларға жүрек, бауыр, өкпе және бүйрек қажет.