Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалында Қазақстан мен Ресейдің іргелес өңірлері арасындағы ынтымақтастық мәселесіне арналған «Еуразия қақпасы» халықаралық форумы өтті. Жиында қазіргі қоғам беталысындағы өзекті мәселелер мен екі ел арасындағы интеграциялық үдерістер талқыға түсті.
Форум жұмысы «Сөз жолы», «Нан жолы», «Жібек жолы», «Су жолы» деп аталған төрт бағытта өрбіді. Алғашқысында дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың жұмысы, екінші секцияда Қостанай және Челябі облыстарындағы шығармашылық бірлестіктердің дамуы, музейлер мен галереялардың, көрме орталықтарының жай-күйі сөз болды. Ал «Нан жолы» секциясына жиналғандар түрлі халықтардың танымы мен мәдениетінде нанның алатын орны, нан пісірудің дәстүрлі әдістері талқыланды. Аталған секция жұмысы аясында Қостанай мен Челябі наубайханаларында пісірілген нан өнімдері көрмесі ашылды. Жиынның «Жібек жолы» атты бөлімінде кәсіпкерлер мен салалық мекемелердің өкілдері іргелес екі өңір арасындағы экономикалық байланысты нығайту, кәсіпкерлікті дамытуда тәжірибе алмасу мәселесін талқылады. Сондай-ақ шалғай өңірлерді тастап кетіп жатқан халықты қалай тоқтатуға болады деген сауал төңірегінде пікір алысты. Мысалы, Челябі мемлекеттік университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Дмитрий Плетнев шет өңірлерден көбіне 20-24 жас аралығындағы тұрғындар көшіп жатқанын айтады.
«Негізінен жастар кетіп жатыр. Мәскеу немесе Санкт-Петербург секілді ірі қалаларға білім алуға немесе табысы жоғары жұмыс іздеп кетеді. Мұндай жағдай Қазақстанда да бар деп ойлаймын. Сондықтан мемлекет жергілікті жастардың бастамасына барынша қаржылай қолдау жасап отыру керек», деді Д.Плетнев.
«Су жолы» секциясына экологтер мен экологиялық жауапкершілігін арттыру мақсатында ізденіс жасап жатқан кәсіпорын басшылары жиналды. Бұл жерде өзен-көлдерді сақтау, қорғау, сауықтыру, су тазарту нысандарын салу, экология саласына маман даярлау мәселелері көтерілді.
Форум аясында қазақ, орыс, татар, башқұрт халықтарының фольклорлық әндері шырқалды. Көршілес екі өңірді мекендеген халықтардың тұрмыс-мәдениетінен сыр шертетін көрме ашылды. Көрмеге қойылған жәдігерлердің ішінде татар-башқұрт халқының ағартушысы, кезінде Троицк қаласында медресе ұстаған Зейнолла Расуловтың таяғын, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардан жеткен ұлттық киім үлгілерін көруге болады.
Қостанай облысы