• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 30 Қараша, 2023

Жұмыс та бар, ырыс та бар

155 рет
көрсетілді

Ел ішін аралап, егіншімен де, малшымен де кездесер сәтіміз көп. Сондайда байқалатыны – ауыл шаруашылығы саласында жастардың аздығы. Жерге дән сепкен диқан мен түлік түлеткендердің дені – зейнет жасына жақын қалғандар. Бұл саладағы агроном, ветеринар, зоотехник сынды мамандар арасында да егде тартқандарды көбірек көреміз.

Жалпы, ауылда маманға деген зәру­лік – бұрыннан бар мәселе. «Дип­лом­­мен – ауылға!» бағдарламасы ар­қы­лы елді мекендердегі бюджеттен қаржы­лан­ды­рылатын мекемелер қызметкерлері ара­сында жастар көбейді. Бірақ ауыл шаруашылығын таңдағандар санаулы ғана. Солардың бірі – Жаңа­қорған ауда­нындағы Қосүйеңкі ауылының мал дәрі­ге­рі Өткір Әбсадықов. Қызыл­ор­да­да­ғы агроколледжден кейін көрші облыс­тарда оқыған жас маман 2016 жылдан бері бағдарлама арқылы ауылда еңбек етіп келеді.

«Қатарларымның көбі «неше жыл оқығанда біреудің қорасында қи сасып жүрем бе?» деп қалада қалып қой­ды. Бірақ бә­ріне жайлы жұмыс пен жұм­сақ кресло қайдан табыла берсін. Мамандығына деген сүйіспеншілігі болса, адам қайдан да орнын табады. Өзім ауылға келгеніме еш өкінген емеспін. Осы күні қалаға тән тұр­мыстық жағдай ауылда да бар. Құ­дай­ға шүкір, қазір жалақымыз көбейді. Осы салада жұмыс істеуге талаптанып, кә­сіп­керлікпен айналысамын деген жастарға мем­лекет қолдау танытып отыр. Ауылда жұмыс та, ырыс та бар», дейді Өткір.

Аудандардан жиналған деректерді саралап көрдік. Олардың қатарына «Дип­лом­мен – ауылға!» бағдарламасына ең көп үміткер қатысқан өңір Жаңақорған екен. Бюджеттік несие түрінде тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік қолдау шарала­ры­мен қамтылғандардың 73-і – білім, 38-і – денсаулық сақтау саласы мамандары. Агроөнеркәсіп кешені бойынша 9 маманға тұрғын үй сатып алу үшін несие берілген.

Қармақшы ауданы бойынша былтыр 75 маманға 22 млн 972,5 мың теңге көтерме жәрдемақы, 50 жасқа тұрғын үйге 229 млн 725 мың теңге жеңілде­тіл­ген несие қаржысы бөлініпті. Көтерме жәр­дем­ақы мен тұрғын үй алған мамандар қа­та­рында агросала өкілдерінің тым азды­ғы байқалады.

Қазалы ауданында да 2009-2022 жыл­дар аралығында «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасы бойынша көтерме жәр­дем­ақы түріндегі әлеуметтік көмек алған 1 216 маманның төртеуі ғана агро­өнер­кәсіптік кешенде еңбек етеді.

Биыл жазда Қазалыға барған сапарымызда республикаға танымал «РЗА» АҚ негізін қалаған кәсіпкер Самұрат Иман­до­сов басты мәселенің бірі ретінде маман тапшылығын айтқан еді. Дүркін-дүркін ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен де құр қол қай­та­тын кездері көп. Өйткені жұмыссыз жас­тың көпшілігі 8 сағат кабинетте оты­рып, ке­сім­ді айлығын алатын кеңсе тірлігін қолай көріп отыр.

Шиелідегі «Халық» фермерлік қожа­лы­ғы жетекшісі Халықберді Мыха­нов та осы мәселені баса айтады. Шаруа­шы­­лық­тар ақшасын төлеп, болашақ ма­ман­дар­­ды өздері оқытуға да әзір. Бірақ соған талаптылар аз болып тұр.

Сырдария ауданындағы ірі құрылым «Шаған жер» ЖШС өз жұмысшылары арасынан болашақ мамандарды оқытып жатыр. Олардың дені – жастар. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­­­тың Сыр өңіріне жасаған сапарын­дағы кез­десуде осы серіктестіктің жас ме­ха­низа­торы Айбек Уәлиев ауылда еңбек етудің артық­шылықтарын айтты.

Ауыл мәселесін көтеріп жүрген кәсіп­кер Ерұлан Өмірсеріковтің бұл бағытта бір­қатар ұсынысы бар.

«Ауыл шаруашылығы мен ауыл егіз ұғым болғандықтан, ауылға қажетті мамандар мәселесін де екіге бөліп қараған жөн сияқты. Бірінші топқа бюджеттен қаржыландырылатын білім, медицина, мәдениет, спорт саласы мамандарын кіргізейік. Жалпы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына біршама өзгеріс енгізген дұрыс. Бағдарлама бо­йынша бөлінетін қаржыны 15-18 млн теңгеге дейін көтерген жөн. Оның ішінде шамамен 12 млн-ды жаңа типтегі тұрғын үй салуға, 5 млн-ды мал алуға немесе кәсіп ашуға, 3 млн-ды қалаған мақсатына жұмсауға бөлген дұ­рыс. Берілген несие қайтарымын отбасында дүниеге келетін балалардың санымен байланыстыру керек. Мысалы, үш балаңыз болса, несиенің 40 пайызын шегеріп, 4 балаға 70%, ал отбасында бала саны бесеуге жеткенде несиеден мүлде құ­ты­латындай жағдай жасаса, ауылдың демо­графиялық жағдайына да оң әсер етер еді», дейді кәсіпкер.

Көп жылдан бері саланы зерттеп жүр­ген кәсіпкердің пікірінше, мемлекет тара­пынан ауылға маман даярлауға бө­лі­нетін қаржыны жұмыс беруші шаруа­шы­лықтарға тікелей бөлген тиімді. Жұ­мыс беруші өзіне қажетті маманды қайда оқытатынын, қай оқу орнын таң­­дай­ты­нын өзі шешкені жөн. Бұл өз кезе­гін­де оқу орындарының бүгінгінің тала­бына сәйкестігін де айқындап береді. Бе­ріл­ген қара­жаттың қайтарымын бірінші топтағы жүйе­мен сәйкестендіру керек. Мем­ле­­кет қа­ра­жатымен даярланған маман жұмысқа орналаспаса, жұмыс беру­ші­ден де жауапкершілік сұралуы қажет.

«Осы арқылы қоғамда қалыптасқан көптеген мәселені қоса шешуге болады. Еліміздің солтүстігіндегі миграция мәсе­лесі өте күрделі болып тұр ғой. Сол­түс­тіктегі оқу орындарына бөлінетін қар­жының 70 пайызын оңтүстіктен баратын жастарға бөлсе деймін. Мысалы, оңтүстіктен жы­лына 15 мыңдай жас солтүстікке оқуға барар болса, соның кем дегенде 2 мыңы сол жақта тұрақтайтыны анық. Үкімет осындай шешім қабылдаса, ха­­лық­ты солтүстікке қоныстандыру бағ­­­­дар­­ламасының тиімділігі екі-үш есе артар еді. Осы бағдарламаға өзге­ріс­тер енгізу арқылы маман даярлау, демография, ішкі миграция мәселелері шешімін табар еді. Ең бастысы, саяси тұ­рақ­­тылықты сақтауға негіз болады деп санай­мын. Халық санының өсуі мен саяси тұрақтылық ел экономикасын дамытатын факторлардың негізі екенін бәріміз білеміз», дейді Ерұлан Өмірсеріков.

Осындайда Мұқағали ақынның: «Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауыл­дан, осы­нымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау, қауымнан...» деп басталатын өле­ңі еске түсе кетеді. Бақытын шулы ша­һар­дан емес, бұйығы ауылдан ізде­ген­дер қатары көбейсе екен.

 

Қызылорда