• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Желтоқсан, 2023

Президенттік институттың ел дамуындағы маңызы

313 рет
көрсетілді

Елімізде президенттік институттың қалыптасуы әлеуметтік-экономика­лық, қоғамдық-саяси және ұлтаралық дағдарыспен қатар келді. Осы қиын ж­ағ­дайда президенттік инс­титут еліміздің егемендігі мен мемлекеттік басқару жүйесін нығайтудың негізгі стратегиялық бағыттарын анықтауға мұрындық болды. Мұндай саяси институт аз уақытта республикадағы экономикалық тұрақсыз­дықты еңсеріп, халық­тың әлеуметтік жағдайын көтеру, қоғамдық келісім­нің алғышарттарын қалып­тас­тыру үшін қажет еді.

1990 жылдың 24 сәуірінде президент лауазымы бекітіліп, Қазақ Кеңестік Социалистік Респуб­ли­касының Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-ның президентін сайлады. 1990 жылғы 25 қазан­дағы қабылданған егемендік деклара­ция­сы биліктің үш тарма­ғын заңдастырғанына қарамас­тан, 1993 жылғы бірінші Конс­титуцияға дейін президенттік басқару нысаны кеңестік басқару жүйесінің элементтерімен қатар жүргізілді. Демек өтпелі кезеңде күшті мемлекеттік билік құру мәселесі өзекті болып қала берді.

Сөйтіп, республика прези­дентi­­н­iң өз өкiлеттiгiн тиiмдi және дербес жүзеге асыруы және президенттiк басқару нысанын одан әрi нығайту үшiн прези­денттiк билiктi жанама түр­де өкiлдi орган арқылы емес, бү­кіл­­­халықтық сайлау арқы­лы заң­дас­тырудың объективті қа­жет­­тілігі туын­дады. 1991 жылғы 1 жел­­тоқ­санда қазақ халқы тұң­ғыш рет жалпыхалықтық сайлау­да өз прези­дентін сайлап, прези­дент­тік инс­титуттың негізі қал­а­нып, оның дамуында жаңа кезең бастал­ды. 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақ­стан Республикасының Жоғар­ғы Кеңесі қабылдаған Қазақстан Республикасының Конс­титу­ция­сы президенттік би­лік­ті ны­ғайту үрдісін дәйекті түр­де жалғастырып, Қазақстан Рес­пу­бликасының президенті атқару­шы биліктің біртұтас жүйе­сін басқаратынын белгіледі. Осы­дан кейінгі оқиғалардың өрбу бағы­ты қалыптасқан жағдайда Қазақ­станның дербестігін сақ­тап, мем­ле­кет­тілікті нығай­ту үшін би­лік­тің мықты құрылы­мын қа­лып­тас­тырудың дұрыс­ты­ғын көр­сетіп берді. Оны елдің әлеу­меттік-экономикалық, ұлт­тық-де­мографиялық жағдайы мен рес­­пуб­ликалар арасындағы қа­лып­­тасып қалған еңбек бөліні­сі және әскери-өнеркәсіптік кешен­нің еліміздің шикізат көз­де­рін талан-таражға салған өктем сая­­сатына қарсы тұру қажетті­лігі талап етті. Оның үстіне, компар­тия­ның шексіз билігі толыққанды аза­маттық қоғамның дүниеге келіп, белсенді әрекет жасауына кедергі болды.

1995 жылғы Конституцияның қабыл­дан­уы Қазақстан халқының демо­кра­тия­лық қоғам құру жолын таңдаумен бірге елді басқарудың үлгісі ретінде пре­­зи­денттік билікті түпкілікті қолдай­тын­дығын көрсетіп берді. Кейіннен мем­­ле­кеттік билікті бөлу қағидатының дамуы барысында президент қоғамның саяси жүйесінің орталық тұлғасына айна­лып, президенттік басқару нысанының элементтері толыққанды қалыптасты.

Президенттік институт мемлекеттік бас­­қарудың әкімшілік-әміршілдік жүйе­сі­нен жаңа нарық экономикасы мен азамат­тық қоғамға өтіп жатқан кезде өзін-өзі ақтаған қадам болды. Нәтижесінде, елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Еліміздегі  президенттік басқару ны­саны қоғамда бірыңғай мемлекеттік биліктің бөлінуі мен жұмыс істеуінің ерекше жүйесі логикалық тұрғыда аяқ­талған түрге ие болды.

Мемлекет басшысы таңдаған жол де­мо­кратиялық мемлекет қалыптас­ты­ру­дың қажеттілігі, президенттік республика құрудың дұрыстығы мен тиімділігіне назар аударуды талап етті. Құқықтық мемлекетке бет алған жағдайда биліктің үш тар­мағы күшті және өз қызметтерін жүзеге асыра алатындай жағдайда болуы қажет еді. Алайда заң шығарушы және атқа­ру­шы билікті байланыстырушы буын тек Президент қана бола алатындығы күмән келтіруге болмайтын заңдылық ретінде мойындалды.

Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық тату­лық мемлекеттік саясаттың басты қағи­датына айналды. Оның өзегі мемлекет құраушы ретінде қазақ халқының топ­тас­тырушы рөлі жағдайындағы «Бір­лік – алуан түрлілікте» формуласына негіз­делді. Осы жылдар ішінде Қазақстан хал­қы Ассамблеясының инсти­ту­цио­нал­дық құрылымы нығайып, қоғам­ды ұйыс­ты­ру­шы әлеуеті толысты. Ол прези­денттік басқару үлгісінің, халық дипло­ма­тиясының маңызды күретамырына айналды.

Көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан жағдайында көптеген, тың реформалардың батыл жүзеге асырылуы, жаһандық ойыншылардың стратегиялық серіктесі ретінде әрекет етуге қабілетті, күшті және қарқынды даму жолына түскен мемлекет құрылуы президенттік билік үлгісінің нақты жемісі болды.

Осылайша, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында күшті президенттік институт ая­сында либералды қоғамдық құрылыс пен демократиялық саяси жүйе­нің бас­­­ты негіздерін бекіткен ма­ңызды инсти­ту­ционалдық және құры­лымдық қайта құрулар жүзеге асырыл­ды. Сонымен бірге қоғамда туындауы ықтимал қауіпті мәселелер ішкі қай­шылықтарсыз шешілді. Саяси реформаларды біртіндеп жүргізу стратегиясы қоғамға күрделі өтпелі кезең­нің көптеген cын-қатеріне төтеп беруге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысының аса күрделі жағдайда қоғамды терең жаңғырту трансформацияларын бастауы тарихи шешім болды. Президент саяси күресте біржақты позиция ұстанып, Қазақ елін, экономика мен қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртуды жалғастыруды табанды түрде жақтады. Озық қоғамдық сананы жаңғыртуға негізделген ауқымды қайта құрулар жағдайында жаңғырту үдерістерінің айқын мақсаттары мен мін­дет­тері, басымдықтары, табысқа жет­кізе­тін әдістері болады. Ол саяси және эко­но­микалық модернизацияны толық­ты­рып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Еліміз үшін әрқа­шанда ашықтық, инновация және прогреске деген өркениетті және құнды таңдау тән.

Президенттің белсенді сыртқы сая­си қыз­метінің арқасында еліміз ядро­­лық қарудан өз еркімен бас тартты, Се­мей ядролық сынақ полигоны жабылды, Қазақстан өз жерін ядролық қарудан бос деп жариялады, ядролық державалардан кепілдік алды. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту – қазақ халқын ажал құшағынан құтқарып, бейбітсүйгіш ел ретінде халықаралық қоғамдастықта беделін көтерді.

Президенттік институт Қазақ­стан­ның сыртқы саясатын жүргізудің басты құра­лы­на айналды. Алғашында, сыртқы сая­сат бағытында кадрлар тапшы болған кезде бұл жұмыс президенттің мойнына жүктелді. Көпвекторлы, көп бағытты дәйекті де болжамды саясаттың негізін салуда халықаралық деңгейдегі басты тұлға ел президенті болды.

Қазіргі таңда президенттік институт ісін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табысты жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы конституциялық артық­­­шылықтарға сәйкес еліміздің бір­лі­гі мен ілгерілеуін қамтамасыз етіп, Конституцияны, адам және азамат құқық­тары мен бостандықтарын қорғай­ды, қуатты мемлекет және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыратын жүйелі реформаларды жүзеге асырады. Президент сайлауалды бағдарламасында алға қойған мақсаттарға қол жеткізудің кепілі ретін­де Әділетті Қазақстан жағдайында прези­дент­тік инс­титуттың жетекші рөлін сақ­тау­дың маңыз­дылығын атап өтті. Өткен жылғы 26 қарашада өзінің ұлықтау рәсімі кезінде: «Ұлт­тың бостандық жолындағы табанды күресінің арқасында Қазақ елі тәуел­сіз­дігін алды. Егемен мемлекеттің құрылуына, оның іргесін бекіту жолында орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлғаларымызға әділ баға беруіміз керек. Табыс­тарды және олқылықтарды ажырататын бұл – уақыт және тарих. Уақыт – ең әділ қазы, ал тарих – бәріне таразы», деп мәлім­деді.

Соңғы кезеңде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ауқымды конституциялық реформа жасады. Бұл әділетті Қазақстанның құрылысы аясында мемлекеттіліктің институционалдық негіздерін жаңартуға әкелді. Бүгінде демократиялық институттар нығайып келеді. Конституциялық реформа президенттік институтқа да әсер етті. Президент лауазымында болу­дың бір реттік 7 жылдық мерзімін бел­гілеу жөніндегі түзету Республика Пре­зидентінің өз өкілеттігін жүзеге асы­ру кезеңіне партиялық бейтараптық қа­жет­­тілігі туралы қабылданған конс­ти­туциялық түзетулермен сәйкес келеді. Президенттік өкілеттіктердегі өзгерістер әді­летті Қазақстанды құру стратегиясына барынша сай келетін президенттік инсти­тут­тың оңтайлы моделін іздеуді көрсетеді.

Елімізде саяси билік президенттік басқару жүйесіне негізделіп, Ата заңына сәйкес Президент – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сырт­қы саясатының негізгі бағыттарын ай­қын­дайтын ең жоғары лауазымды тұлға ретінде халық пен мемлекеттік билік бір­лігінің, Конституцияның мыз­ғы­мас­тығының, адам және азамат құ­қық­­­тары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі. Демек президенттік институт жаңару, әділетті Қазақстан құру жо­лын­дағы елімізде ешқашан өз ма­ңы­зын жоғалтпайды. Болашақта да халық игілігіне, еліміздің келешегіне жұмыс істей беретін болады.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері