Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста талайдан бері қоғамда қызу талқыға түскен заң жобасы қаралды. Сондай-ақ депутаттар қарауына бірқатар заң жобасы ұсынылды.
Гранттық жүйе енгізіледі
Атап айтқанда, жалпы отырыста «Масс-медиа туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндама жасады. Оның айтуынша, негізгі заң жобасы мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
«Қолданыстағы заң бүгінгі ақпараттық саланың даму жылдамдығына ілесе алмай отырғаны анық. Сондықтан заманның өзі концептуалдық тұрғыдан мүлдем жаңа заң қабылдауды талап етті. Бұдан бөлек, «Масс-медиа» ұғымы, онлайн-платформалардан басқа, барлық интернет-ресурсты қамтып отыр. Ең бастысы, заң жобасы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби мәртебесін көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешеді. Сонымен назарларыңызға ұсынылған заңнаманың ең маңызды жаңалықтарын атап өтейін.
Бірінші, қолданыстағы заң ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға шағым түсіру кезеңіне шек қоймайды. Дегенмен БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау барысында азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіткен дұрыс деген шешім қабылданды», деді А.Балаева.
Министрдің сөзіне сәйкес, заңда журналистер жолдайтын сауалдарға жауап берілу мерзімі нақты көрсетілмек. Сондай-ақ ауызша, жазбаша не түсініктеме ретінде жауап беру тәртібі қарастырылған. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 күнге қысқартылды.
«Үшінші, еліміздегі заңсыз спутниктік ақпарат құрылғыларымен күресу мақсатында өзіміздің ресми отандық құрылғылар орнатуға арнайы субсидия қарастырылады. Яғни бұл норма жазалау қағидатынан бас тартып, керісінше, осы бағыттағы отандық кәсіпкерлікке жағдай жасау арқылы жүзеге асады.
Төртінші, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесі енгізіледі. Ол ең бірінші кезекте жобалардың шығармашылық әлеуетіне бағытталады.
Бесінші, журналистерді түрлі іс-шараға қатысуға аккредиттеуді автоматты түрде жасау үшін арнайы баспасөз картасын енгізу ұсынылады. Жалпы, жоғарыда аталған әрбір жаңалықтың түбінде тиянақты сарап пен мұқият еңбек жатыр. Заң жобасы Парламентке енген 5 айдың ішінде 20-дан аса отырыс өтіп, министрліктің, үкіметтік емес ұйымдар мен медиа-сарапшылардың қатысуымен 200-ден аса толықтырулар енгізілді», деді А.Балаева.
Бұдан бөлек, жыл сайын журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуына талдау, олардың жағдайын бағалау және тиісті ұсынымдары бар Ұлттық баяндама дайындалады. 2025 жылдан бастап мемлекеттік емес БАҚ республикалық деңгейде гранттық қаржыландыруға көшеді. Отандық телерадио хабарларын таратуды дамыту мақсатымен спутниктік телерадио хабарларын тарату операторлары шығындарының бір бөлігі субсидияланатын болады. Сонымен қатар журналистерді аккредиттеудің бірыңғай жүйесін енгізу мәселесі қарастырылады.
Даудың басы – «баспасөз картасы»
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар көкейіндегі сауалдарын қарша боратты. Мәселен, Айдос Сарым «баспасөз картасына» қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, «Amanat» фракциясы бұл нормаға үзілді-кесілді қарсы.
«Мұндай қитұрқы форматты шектеу нормаларын енгізуді қою керек деп есептейміз. Осыған орай, Мәжілістегі «Amanat» фракциясы өз алаңдаушылығын білдіріп, салыстырмалы кестеден ол норманы алып тастауды ұсынған. Нақты сұрағым, осы нормаға салалық министр ретінде көзқарасыңыз қандай? Журналистер қауымы мен «Amanat» депутаттарының ұстанымын қолдайсыз ба?», деді А.Сарым.
Министрдің айтуынша, бұл норманы заң жобасында қалдыру немесе қалдырмау мәселесі әлі нақты шешілмеген. Алайда ол бұл бастама журналистердің құқығын бұзбайтынын алға тартты.
«Министрліктің 2024 жылғы жұмыс жоспарында медиа саласындағы барлық мәселені реттеу үшін медиаплатформа жасақтап, іске қосуды қарастырып отырмыз. Ол БАҚ-тың заңды есепке тұруы, есептен шығуы, газет-журналдардың түпнегізін сақтау, аккредиттеу мәселелерін автоматтандыру үшін құрылады. Бұл – журналистердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған норма. Бұл норма депутаттар корпусын да, журналистерді де екіге бөліп отырғанын ескеріп, екінші оқылымға дейін тағы да жан-жақты қарап, ортақ бір мәмілеге келсек болады. Белден басып, тек қана өз ұсынысымызды енгіземіз деген мәселе жоқ», деді А.Балаева.
Ринат Зайытов телеарналарда көрсетілетін бірқатар бағдарламаны жабуға қатысты сауал жолдады. Депутаттың сөзіне сүйенсек, «QosLike», «Қалаулым» секілді жобалар қоғам наразылығын туғызып отыр.
«Бізде қоғамның наразылығын тудырған бағдарлама көп. «QosLike», «Қалаулымды» айтпағанның өзінде одан басқасы да бар. Оның зардабын да халық тартып жатыр. Түрлі бағдарламадан танылған жастар онлайн ойын платформаларын жарнамалайды. Бұған дәлел жетерлік. Оның сыртында неше түрлі ток-шоу бар. Осыған мониторинг жасап, тоқтату туралы ұсыныс бердік. «Масс-медиа» туралы заңның аясында осыларды тоқтату туралы тетік бар ма?», деді Р.Зайытов.
А.Балаева аталған бағдарламаларға бюджеттен қаржы бөлінбейтініне назар аударды. Соған қарамастан министр заң жобасын екінші оқылымда қарағанға дейін бұл мәселені ескеретінін жеткізді.
«Сіз айтып отырған бағдарламалар көп пікірталас тудырып жатқаны анық. Ана ретінде, мемлекеттік қызметші ретінде мен сіздің жанайқайыңызды түсініп отырмын. Мемлекеттік орган ретінде мұндай бағдарламаларға қаржы бөлмейміз. Бұған мен кепілдік беремін. Оған ақша төленбейді. Ондай бағдарламалар бұқаралық ақпарат құралдарының өз табысына жасалады. Бұл мәселе жалпы қоғамның болашағына ықпалын тигізетіндіктен, осы мәселені екінші оқылымда қарауға дайынбыз», деді А.Балаева.
Мемлекеттік тілге басымдық беріле ме?
Қазыбек Иса бұқаралық ақпарат құралдарындағы контенттің қазақ тіліндегі үлесін арттыруды ұсынды. Оның айтуынша, қазақша хабарлар 70 пайыздан кем болмауға тиіс.
«Заң жобасында қазақ тіліндегі телерадиобағдарламалардың көлемі басқа тілдердегі бағдарламалардың жалпы көлемінің 50 пайызынан кем болмауға тиіс еді. Бірақ депутаттар 70 пайыздан кем болмауын ұсынды. Түзету Үкіметке кеткен, әлі жауап жоқ. Әлеуметтік желіні қарасақ, қазір қазақтілді дүниелерге сұраныс өте жоғары. Жақында Президенттің халықаралық жиында қазақша сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруі туралы қазақша жазбалар өзге тілдегілерден 10 еседей көп оқылып, резонанс жасады. Парламентте де жиынның 90 пайызы қазақша өтеді. Мәжіліс – министрлерден мемлекеттік тілді талап ететін жалғыз билік орны.
Елдегі қазақ халқының саны 70 пайыздан асып, қазақтілді мектеп бітірушілердің гранты 70 пайызға жетті. Ал қазақтілді әлеуметтік желілер мен ютуб арналардың жазылымдары өзге тілдерге қарағанда 10 еседей көп. Бір ғана «Оян, қазақ» фильмі миллиондаған көрермен жинап, рекорд жасады. Қазақтілді хабардың бәрі елдің жатып қалған уақытында – түн жарымда емес, жұрт оқитын уақытта болуға тиіс. Қазақтар түнімен ұйықтамайды деп ойлай ма, түн жарымда тікелей хабарлар беріліп жатады кейде. Қазақша хабарлар 70 пайыздан кем болмауға тиіс және ел көретін уақытта көрсетілуі қажет деген талап – халықтың талабы. Сіз бұл талапқа қалай қарайсыз?», деді Қ.Иса.
Сауалға жауап берген министр қазіргі таңда елімізде 5 459 медиа өкілі тіркелгенін атап өтті. Алайда соның 90 пайызға жуығы жекеменшік еншісінде. Сондықтан олардың ерекшелігін ескеру қажет.
«Қазіргі таңда Экономика министрлігі арнайы сараптама өткізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша сіздерге жауап беріледі. Екіншіден, қазақ контентін көбейту, оның пайыздық мәселелеріне келсек, маған салса 100 пайызға көшуге болатын еді. Алайда БАҚ-тың 90 пайызы жекеменшік болғандықтан, олардың мүмкіндіктері, ерекшелігі бар. Біздің ойымызша, бұл мәселе кезең-кезеңмен жүзеге асуға тиіс», деді А.Балаева.
Әуелі – мектеп, сосын тұрғын үй
Мәжіліс білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша заң жобасын қабылдады. Құжаттың мақсаты – білім беру саласындағы және жетім балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы кешенді жетілдіру. Онда сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салу, ата-аналарға электронды жүйелер арқылы бағалар мен үй тапсырмаларын тегін қарауға мүмкіндік беру, бірінші сыныпқа тестілеусіз қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезек жүйесін енгізу қарастырылған.
Білім сапасын арттыру мақсатында әкімдіктерге білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оларды 5 жыл сайын апаттық тексерістен өткізу сынды жаңа функциялар қосылады.
«Соңғы кезде мектеп ғимараттарының төбелерінің құлауы сияқты фактілер жиілеп кетті. Сондықтан біраз жылдар бойы жұмыс істеп тұрған ғимараттарды әр 5 жыл сайын тексеріп тұру өте маңызды деп санаймыз. Заң жобасында 30 жылдан көп пайдаланып келе жатқан мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттарын әр 5 жыл сайын апаттылық қаупі бойынша тексеру туралы норма ұсынылды. Тағы бір проблема – кішкентай балалардың терезелерден құлауы. Өкінішке қарай, кейінгі екі жылда жүздеген бала терезеден құлаған. Осыған орай заң жобасымен терезелерді арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құлыптарымен қамтамасыз ету міндеттеледі.
Бізде әлеуметтік нысандармен, мектептер мен балабақшалармен қамтамасыз ете алмай тұрып көпқабатты үйлерді салу проблемасы бар. Әсіресе мегаполистерде. Осының кесірінен жұмыс істеп тұрған мектеп үш ауысымға көшеді, балалардың денсаулығына қауіп төнеді, ал енді мектеп салайын десе жақын жерде бос жер де қалмайды. Осыған орай заң жобасына жаңа талап енгізілді. Енді мектеп, балабақша мен аурухананы салып алмай, көпқабатты тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат А.Аймағамбетов.
Түзетулерге сәйкес кәмелетке толған азаматтар жетім балаларға тәлімгер бола алады. Тәлімгерлердің талаптары, құқықтары мен міндеттері заң жобасында белгіленеді.
«Бұл институт 10 жастан асқан, балалар үйлерінде тәрбиеленетін жетім балаларды әлеуметтендіруге және өмір сүру жағдайларына бейімдеуге қосымша мүмкіндік береді. Тәлімгерлер, волонтерлік тәртіпте, яғни ақысыз, балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлығына алып, оларға қолдау көрсетуге, әлеуметтендіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады. Тәлімгерге, оларды бақылауға, олардың жауапкершілігіне қатысты нақты, әрі қатаң талаптар қарастырылды. Балалар үйі, білім басқармасы мен тәлімгер арасында барлық қарым-қатынастар шартпен реттеледі.
Заң жобасында полицияда девиантты мінез-құлық бойынша тіркеуде тұрған балаларды қолдау және оңалту бойынша арнайы норма ұсынылып отыр. Басты мәселе – осы санаттағы балалардың бос уақытын қамту. Осыған орай, енді осы оқушылар проактивті форматта, яғни ешқайда барып өтініш бермей-ақ, түрлі үйірмемен және секциямен қамтылады. Білім беру ұйымдарында діни және басқа да зиянды ақпаратқа жол бермеу туралы нақты міндет бекітілді», деді А.Аймағамбетов.
Мәжіліс 2021 жылғы 28 мамырда Минскіде қол қойылған ТМД елдері аумақтарын санитарлық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Құжат Достастық елдерінің аумағына жұқпалы аурулардың әкелінуі мен таралуының алдын алуды, сондай-ақ халықтың денсаулығына қауіпті тауарларды әкелу мен сатуды реттейді. Ол тараптарды тиісті аумақтарда санитарлық қорғау бойынша қажетті шараларды жүргізуге міндеттейді.
ТМД-ға мүше елдердің аумағына әкелінетін барлық тауар санитарлық-эпидемиялық және гигиеналық талаптарға сай болуы және тиісті құжаттармен бірге жүруі керек. Талаптарға сәйкес келмейтін өнім анықталса, тараптар оның импортын шектеуге құқылы.
Бұдан бөлек, депутаттар мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдап, Сенатқа жолдады. Түзетулерге сәйкес серіктестік ұйымдар мен келісімдер институты енгізіледі. Бүгінде қанатқақты режімде ауылдарда «Қазпошта» бөлімшелерінде фронт-офистер табысты жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік қызметтер банктік қосымшаларда қолжетімді.
Заң бойынша мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі екіге бөлінеді. Мемлекеттік қызметтерді тек мемлекеттік органдар ғана көрсетеді, ал нәтижелерді қабылдау мен беруді мемлекеттік органдар дербес немесе әріптестік ұйымдар арқылы жүзеге асыра алады. Құжаттарды алған кезде Қазақстан азаматтарының саусақ ізін тіркеу міндеттілігі алынып тасталады. Яғни олар тіркеуден өз еркімен өте алады. Бұл ретте саусақ ізі шетелдік азаматтар үшін міндетті болады. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін Қазақстан аумағындағы тіркеу органдарына жеке өтініш беру талабы енгізіледі. Бұрын олар мұны елге келмей-ақ сенімхат бойынша жасай алатын.
Мәжіліс «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына Сенат ұсынған редакциямен келісті. Сенат аталған заңға 180 түзету енгізді. Түзетулер республикалық бюджет жобасы параметрлерінің теңгерімділігін бұзбайды және ел экономикасын одан әрі орнықты дамытуға және Мемлекет басшысы қойған міндеттерді шешуге бағытталған.
Мәжіліс «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» заңға Сенат енгізген өзгерістерімен келісті. Сондай-ақ Мәжіліс бірқатар заң жобасын жұмысқа алды.
Жиын соңында депутаттар өздерін мазалаған мәселелер жөнінде тиісті мекемелер басшыларына сауал жолдады.