Жердің көркі атанған Меркі ауданында еңбекпен есейген азамат аз емес. Туған жерге туын тіккен іскер азаматтар бүгінде ауылдың өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Олар алтын бесік ауылда толайым табыстарға жетіп, жергілікті жұртқа да мүмкіндігінше қолұшын беріп жүр.
Ол туған жердің саф ауасы мен кекілін тараған майда қоңыр желін ілкі сәтке де қаперінен шығармаған. Содан да болса керек, көңілге көп білім тоқу, Отан алдындағы борышын өтеу үшін ғана ауылынан алыстамаса, былайғы уақытта Аспарадан іргесін аулаққа салмаған. Ауылдастарының ортасында жүріп, еңбек майданына араласты. Ауылдағы ағайын Қалдыбай Алмабаевты «Аспара» өндірістік кооперативінің жүрегі деп таныды. Асыраушы саланың отымен кіріп күлімен шыққан еңбек адамы отыз жылдан аса уақытын ауыл еңбеккерлерімен тонның ішкі бауындай бірлесе еңбек етуге, жұдырықтай жұмыла іске кірісуге арнаса, жұрт оны неге мақтан тұтпасын?
Қалекең кіндік қаны тамған ауылы Аспарадағы орта мектепті үздік тәмамдаса да, Алматы аспады, басқа өңірге қашпады. Іргедегі Жамбыл зооветеринарлық техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітірді. Кейін замандастарымен бір қатарда екі жыл әскерде болып, Отан алдындағы борышын өтеді. Содан соң кіндік қаны тамған ауылына қайта оралды.
«Біздің ауыл Аспара астық кеңшары ретінде 1954 жылы құрылған. Уақыт өте келе қойдың саны қырық отарға жеткенде ауыл қой кеңшары атанды. Арада жылыстап жылдар өтіп жатты. Егемендікке қол жеткізген 1991 жылы біздің елді мекенді де айтарлықтай өзгеріс күтіп тұрды. Әрине, жергілікті жұрт үшін өзгеріс оңай соққан жоқ. Халық «Енді ертеңіміз не болады?» деп әбіржімесе де, кәдімгідей алаңдап жүрді. Сол уақытта ауылымызда «Аспара» өндірістік кооперативі құрылды. Айтып айтпай не керек, бұрнағы кеңшардың жүйесі сақталғандығына қарамастан, бәрі жекенің қолына өтті. Жер де, мал да халықтың игілігі үшін бөлінген болатын. Кооперативте түрлі бағыт бойынша өткен жылға дейін еңбек еттім. Кейінгі жеті жылда ұжымның төрағасы ретінде қызмет атқардым», дейді ол.
Әуелі кооперативте зоотехник болып еңбек жолын бастаған Қалдыбай Алмабаев кейіннен кассир қызметін атқарыпты. Уақыт өте келе ұжымның тауарлы сүт фермасының меңгерушісі, қойма меңгерушісі секілді жауапты қызметтер де Қалекеңнің мойнына жүктелген. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы барлық қиындықты жергілікті жұртшылықпен қатар бөліскен азамат 2015-2022 жылдар аралығында кооперативтің төрағасы қызметін абыроймен атқарған.
«Кеңшардың барлық жұмысы көз алдымда ғой. Ауыл еңбеккерлерінің мал қыстатуы, басқа да тынымсыз еңбегі жоғары бағаға лайық екеніне күмән жоқ. Әрине, әр дәуірдің өзіне тән тыныс-тіршілігі болатыны сөзсіз. Бүгінде ауылда ірілі-ұсақты 30-35 шаруа қожалық бар. Олардың дені уақытында кооперативпен малын, жерін басқа да қажеттіліктерін бөліп алған еді. Мен еңбек еткен жылдары кооператив құрамында шамамен 120-ға жуық үй болыпты. Ол кезде жұдырықтай жұмылып, 1 500 гектар шамасында астық егетінбіз. Қолдан келгенше кооператив техникасын уақтылы жаңалап отырдық. Шынын айту керек, 2015 жылы кооперативті қабылдап алған кезде 2 500-ге жуық қана қой қалған еді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде қойдың санын 7 мыңға дейін жеткіздік. Уақыт өте келе бөлініп шыққан 50 шақты үйге 2 мың қой, 42 бас жылқыдан бөліп бердік», дейді Қалдыбай Сәтінұлы.
Қалекең келтірген дерекке жүгінсек, кооперативті өзі басқарған жылдары ұжымда бірнеше «МТЗ» тракторы, «К 700», комбайн және басқа да түрлі техника болыпты. Бірнеше трактор мен өзге де техниканы қой жүнін сатудан және субсидиядан түскен қаражатқа сатып алыпты. Қазіргі кезде қой жүні мен терісінің түкке керексіз болып қалғанына қынжылады ол.
«Тауарлы сүт фермасында қызмет кеткен жылдарда да біраз еңбек сіңірдік. Ол кезде 700-800 шамасында сиыр болды. Он жыл бедерінде біздің ферма ауданға сүт өткізіп тұрды. Сауыншылар да, басқалар да тынымсыз еңбек ететін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көпшілік үшін қиын болғаны есте. Сол бір тауқыметке толы жылдарды ауыл халқы да бірлікпен, берекелі тірлікпен бастан өткізді. Айлап жалақы алмаған жылдар артта қалып, еселі еңбектің арқасында еліміз өркендеді. Ел өркендеген соң халықтың жағдайы да түзеле бастады. Ең бастысы, ауыл жұрты сол қиын кезеңде еш мойыған жоқ. Сол бізді қуантады. Кассир болып жұмыс істеген жылдары ақша ауысты. Сол кезде орталыққа қап-қап рубль апарып, дипломаттың шетіне сыйып кететін мөлшерде теңге әкеліп таратып бердік», дейді ол.
Ауыл мектебін үздік бітірсе де Аспарада туған азамат жоғары оқу орнында білім алу жолында жанкештілікке бармаған. Бірінші кезекте қара шаңырақтан алыстамауды жөн көрген. Содан да болса керек, жергілікті Жамбыл зооветеринарлық техникумында білім нәрімен сусындаған.
«Әкем өмірден қайтып кеткен еді. Мұндағы қара шаңырақ – маған аманат. Жасы біразды алқымдаған анама қарауым керек. Естияры болғандықтан, бес қарындасым мен ініме жүк артпай, жауапкершілікті өз мойныма алдым. Осылайша, ауылда өстім, ауылда жетілдім. Аспарадан ілкі сәтке де алыстаған жоқпын. 35-40 жыл бедерінде табан аудармай осында еңбек еттім», дейді кейіпкеріміз.
Кооперативті басқарған жылдары ұжымның өркендеуіне қолынан келгенше үлес қосқан азамат мал басын арттыру үшін аудан орталығындағы белгілі кәсіпкерден бір отар қой сатып алған. Қой малын асылдандыру үшін 50 бас қошқарды қоса әкеліпті. Осылайша, төрт түлікті асылдандыру жұмысына да елеулі үлес қосқан.
Қалай десек те Қалдыбай Сәтінұлының еңбегі ересен екені сөзсіз. Аспараның жұпар ауасын жұтып өскен азамат қандай да бір биікті бағындыруға, жоғары марапат алуға талпынбады. Ең бастысы, ол ағайынынан алыстаған жоқ. Ауылда жүріп отбасылы болды, ұл-қызын оқытты, немере сүйді.
«Кооператив тізгінін өткен жылы өткіздім. Адам дер кезінде тоқтай білуі керек. Қазір өзімнің шаруашылығым бар. Төрт түліктің төресі саналатын жылқыны жанымдай жақсы көремін. Одан өзге де хоббиім жеткілікті. Иелігімдегі төрт түлік малға қарап отырмын. Біз үшін немеренің маңдайынан иіскегеннің өзі бақыт қой. Соларды ермек қылып жүрміз. Ал өзге жұмысты белсеніп тұрған жастар істеуі керек. Өйткені болашақ солардікі ғой», дейді аспаралық азамат.
Өндірістік кооперативте ұзақ жыл еңбек еткен Қалдыбай Алмабаевқа деген жергілікті жұрттың құрметі де бөлек. Аспарадан алыстамаған азамат үшін ауылы – ауыспайтын астана.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы,
Аспара ауылы