Елімізде қызылша ауруы әлі бәсеңдемей тұр. Бұл дертпен сырқаттанушылардың күрт өсуі Үкіметте күн тәртібінен тыс жиын өткізуге түрткі болды. Бүгінде жұқпалы дерт еліміздің барлық аймағына таралып үлгерді. Соның ішінде ауруды ең көп жұқтырғандар – Шымкент пен Алматы қалалары.
Шымкентте қазір де жағдай мәз емес. Дертті ауыздықтаудың жалғыз жолы – екпе салдыру. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетованың айтуынша, бұл жұмыстар тұрақты жалғасып келеді. Осы ретте маман халықты иммундау әрекеттеріне тұрғындардың белсене қатысуын өтінді.
«Қалада қызылшаны туындатқан эпидемиялық ахуал қолайсыз болып жатыр. Бүгінге дейін қызылша жұқтырған 6 мыңнан аса жағдай тіркелді. Оның тең жартысы зертханалық сынама арқылы расталып отыр. Ауырғанның көпшілігі жасөспірімдер, олардың ішінде 6 жасқа дейінгі бала көп. Жалпы, қызылша – адамға тез жұғатын ауру. Бұрын вакцина болмаған уақытта бұл дерт тез таралатын және оны тоқтатуға адамда ешқандай қауқар болмады. Тек халық түгел қызылшамен ауырып болған соң ұжымдық иммунитет қалыптасқан. Алайда оның жанама әсері ауыр. Өкпе, мидың қабынуынан адамдар қатты зардап шекті, әсіресе жаңа туған жас нәрестелердің қызылшадан аман қалғаны аз болды. Жоғарыда айтқанымдай, бұл жұқпалы дерт өте тез таралады. Халықтың арасында ұжымдық иммунитет болмаса, адамдардың қызылша жұқтыру қаупі де жоғары болады. Керісінше, екпе салдырғандар қатары артса, аурудың таралу деңгейі де әлсірей түседі», деді А.Тұрымбетова.
Эпидемиологтің мәлімдеуінше, қызылшаның алдын алудың ең тиімді тәсілі сол бұрынғы күйінше қала береді. Бұл – дер кезінде екпе салдыру. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 6-11 айлық нәрестелер мен 6 жасар балалар жоспарлы түрде вакциналанады. Ал қазіргі ахуалға байланысты 12-15 айлық бөбектер де, 2-4 жас аралығындағы кішкентай балалар да ата-аналарының рұқсатымен қызылшаға қарсы екпе алады. Осыған байланысты бүгінгі таңда егу жұмыстары қалада қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар қызылша дерті өршіген 2019 жылдан бері вакцина алмаған медицина қызметкерлері де екпе салдыру міндетті болған азаматтар қатарына жатады. Дегенмен алдын қызылшамен ауырып шыққан адам қайта вакцина салдырмайды. Қазіргі уақытта мегаполистің барлық емханасы мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемесінде таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ақысыз әрі демалыссыз екпе егу жұмыстары жүріп жатыр. Медициналық және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қосқанда жалпы саны 187 егу бекеті іске қосылған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, шаһарға қызылшаға қарсы 34 050 доза вакцина әкелінді. Жалпы, Шымкентте қызылшаның жаппай белең алып кетуінің алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары түзіліп, арнайы штаб құрылған. Бүгінге дейін штабтың 9 отырысы өтті. Онда қабылданған шешімдерге сай, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының төсектік орын саны 120-дан 260-қа дейін ұлғайтылды. Егер қажет болса гипербариялық оттегімен қанықтыру орталығының базасында карантиндік емес инфекциялармен ауыратын науқастарды қабылдау үшін 60 төсектік орын тағы қосылады.
Осы ретте мегаполистің штаттан тыс бас инфекционисі, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Мұрат Ибишевтен жағдайды сұрап көрген едік. Маманның берген жауабы мынадай болды.
«Негізінен инфекциялық аурулар 5 жыл сайын өршіп тұрады. Бұл – табиғи құбылыс. Бүгінде шаһар бойынша қызылшамен ауырғандарды қабылдап жатқан жалғыз емдеу мекемесі – қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Ауруханада қызылша жұқтырып, мүшкіл халде түскен науқастарға 200-ден аса төсектік орын сайланған. Ахуалға байланысты төсектік орындардың 60 пайызы, кейде 70 пайызы науқастарға толады. Келіп жатқан аурулардың 80 пайыздан астамы – нәрестелер. Қызылшаның өзінен бұрын асқынуы қауіпті. Ол адамды пневмонияға, ми қабынуына немесе іштен қан кетуге әкеп соқтыруы мүмкін. Жеңіл және орта деңгейлі науқастарды медициналық кеңес беріп, үйлеріне қайтарамыз. Созылмалы аурулары бар және бір жасқа дейінгі сәбилерді осында алып қаламыз. Егер пневмония болмаса 5-6 күнде, өкпесі қабынғандарды 10 күнде емдеп шығарып жатырмыз. Жалпы, дерттің өршуі тамыз айының ортасынан басталды. Содан науқастар саны күрт өсіп кетті. Ауру басылды деп айту әзірше қиын. Күнде науқастар түсіп жатыр. Кейде азайып қалады. Енді бірде көбейіп кетеді. Сондықтан дөп басып айту мүмкін емес. Дерттің беті қайту үшін ұжымдық иммунитет қажет. Бұл вакцинамен және белгілі бір деңгейде халықтың осы кеселмен ауырып болған соң қалыптасады. Содан соң қызылшада нақты дәл соған бағытталған дәрі жоқ. Медицинаның қолынан келетіні – тек вирустың әлсірегенін күтіп, науқастың жағдайын бақылауда ұстап отыру. Ал адам бір ауырған соң, онда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет қалыптасады. Вирус ағзаға енген соң 28-30 күн бойы көбейіп, күш жинайды. Сосын ғана клиникалық белгілерін көрсетеді. Егер ауру жұқтырдым деп күдіктенген жағдайда 72 сағат ішінде вакцина салдырса, қызылша жұқтыру қаупі 70 пайызға төмендейді. Сонымен бірге дерт өршу жағдайында балалардың иммунитетін көтеру маңызды. Оған бір арнайы дәрі немесе витамин жоқ. Ең бастысы, баланың ұйқысы қанық, түрлі дәруменге бай тағам жеп, таза ауада көбірек серуендеуі керек», деді қаланың штаттан тыс бас инфекционисі.