Медицина саласындағы мүмкіндіктерді ауыл тұрғындары да пайдалануы керек. Заманауи қондырғылар үлкен қалада ғана емес, аудан орталықтарында, не болмаса шалғай елді мекендерде қолжетімді болса игі. Қазір өңірде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Осы орайда Көксу аудандық орталық ауруханасында алғашқы медициналық әлеуметтік көмектің «Үздік тәжірибе орталығы» ашылды. Бұл шипа іздеген тұрғындарға сенім сыйлайды.
Көксу ауданының орталығы Балпық би ауылында ондаған мың халық тұрады. Маңайдағы ауылдарда аса алыс емес. Көбіне халық орталыққа келіп емделгенді жөн санайды. Осы ретте халықаралық стандартқа сәйкес аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында ашылған орталықтың халыққа тигізер пайдасы зор.
Іс-шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Шалқыбеков мұндай үздік тәжірибелік орталықтардың маңызы зор екенін айтып, аудан жұртшылығын саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.
«Біз халыққа қызмет етіп қана қоймай, денсаулық сақтау саласындағы білімін де арттыруымыз керек. Аудан тұрғындарының дені сау болуы үшін ақ халатты абзал жандарға артылатын жүк ауыр. Мұндай орталықтар бізде көп болуы керек. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Ең бастысы, ауырмайтын жол іздеп, саламатты қазақ санын арттырайық», деді Е.Шалқыбеков.
«Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Рахыпбеков мұндай орталықтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үздік әдістемесі бойынша іске асырылып жатқанын айтып, аудан жұртшылығын құттықтап, дәрігерлер жұмысына сәттілік тіледі.
«Қаладағы айтулы емханалардың ауылдық жердегі ауруханалардан айырмашылығы болмауы керек. Біз қазір сырттағы білікті мамандарға ұсыныс тастап, ісіне адал жастарды жұмысқа алдық. Емханамызда заман талабына сай түрлі дертті анықтайтын құрылғылар бар. Қазір халыққа шама-шарқымызша көмек көрсетіп жатырмыз. Жақында Ұлттық аккредиттің бірінші санатын алдық. Жаңа ашылған орталық халыққа да, ақ халатты абзал жандарға да жаңа мүмкіндік сыйлайды», дейді аурухана басшысы Жаннұр Сырымов.
«Үздік тәжірибе орталығы» ашылғалы емхана құрылымына көптеген оң өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, емханада өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, халық кеңесі, тренинг орталықтары, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті модель бөлмесі, денсаулық мектептері және отбасылық медицинаның жаңа моделі өз жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Орталық жұмысының нәтижесінде жаңа медициналық-әлеуметтік көмектің қолжетімділігі мен сапасы жақсармақ. Сонымен қатар аудан тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануын арттыруға зор ықпал етеді.
Іс-шара соңында жиналған көпшілік орталықтың жұмысымен танысып, арнайы ашылған кабинеттерді аралап, дәрігерлер жұмысымен танысты.