Қызылордада «Анаға тағзым» атты үшінші республикалық Аналар форумы өтті. Үшінші рет ұйымдастырылған форумға жан-жақтан жиылған қонақтар жуырда ғана ашылған «Анаға тағзым» орталығында бас қосты.
Форумға Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен көпбалалы аналар қатысты. Барлық өңірдегі Аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері, аудандардағы әйелдер кеңестерінің мүшелері онлайн режімде қосылды.
Орталық ғимаратында аймақтың өнерлі қыз-келіншектері жасаған өнімдерден көрме ұйымдастырылып, түйе және ешкі сүтінен жасалған табиғи сабын, ұлттық киімдер мен әшекейлер, түрлі техникалармен салынған картиналар және өзге де ерекше бұйымдар қойылды.
Форумда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жуырда ғана Қызылорда қаласында қолданысқа берілген заманауи әрі көпфункциялы «Анаға тағзым» орталығы қыз-келіншектердің рухани ордасына айналғанын атап өтті. Облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салт-дәстүрімізді насихаттап, ұлттық құндылықтар қадірін айқындайтын орталыққа жоғары баға берген.
– «Анаға тағзым» орталығы – балауса қыз баладан ардақты асыл әжеге дейін бас қосатын тәрбие мектебі. Осы жерде ақылды да парасатты аналардың, инабатты келіндердің өнегелі ісінен, салмақты сөзінен үлгі алатын жастар қатары көбейері сөзсіз. Бүгінде тұрмыстық қиындыққа тап болған аналар мен балаларға қолдау көрсету мақсатында 7 аудан мен Қызылорда, Байқоңыр қалаларында «Бақытты отбасы» бөлімдері ашылды.
Орталықтарда заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуден бастап, кәсіпкерлік негіздерге оқыту, бизнес-жоспар құруға, грант немесе шағын несие алуға құжат рәсімдеуге жәрдемдесу, жұмысқа орналастыру және өзге де бағыттарда қызметтер көрсетіледі. Оған қосымша 114 жедел әрекет ету тобы құрылды. Бұл топ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға дер кезінде жәрдем беру үшін жасақталды, – деді аймақ басшысы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жалпыұлттық жобасы туралы баяндап, оның ерекшеліктерін таныстырды.
Маңызы ерекше іс-шарада Павлодар облысы әкімінің әйелдер істері жөніндегі кеңесшісі, ұлағатты ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Бақытжамал Максилова, Түркістан облысындағы Ата-аналар одағының төрағасы Ақбаян Жақыпова, «Қазақстан барысы-2022» жеңімпазы Мақсат Исағабыловтың анасы Роза Қуаңбаева, Қызылорда облысының құрметті азаматы Алмагүл Божанова тақырып аясында ой-пікірін білдірді.
Республикалық форумда әлемдік додаларда ел намысын қорғаған спортшыларды, өнер байқауларында дара шыққан дарындарды дүниеге әкелген аналар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан қыз-келіншектер түрлі аталымдар мен марапатталды. Үш дүркін «Алтын домбыра иегері» Мұхтар Ниязовтың анасы Жұмакүл Оңғарбаеваға, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевтың анасы Ұлбосын Алыпқашоваға, «Қазақстан барысы-2022» Мақсат Исағабыловтың анасы Роза Қуаңбаеваға көп алдында осындай құрмет көрсетілді.
Екі күндік бағдарлама аясында форумға қатысушылар «Анаға тағзым» орталығымен танысып, түрлі кездесуге қатысты, тәжірибе алмасты.
Қызылорда