• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Алматы 04 Желтоқсан, 2023

Сән үлгісі қымбат па, арзан ба?

274 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда қатып қалған сән үлгісі жоқ екендігі баршаға аян, бүгінде мынау «мода» екен деп, елдің бәрі бірдей киінбейді. Себебі алуан, біреуге жарасатын түс, екінші адамға үйлеспейді, біреуге арзан дүние екінші адам үшін тым қымбат. Оның үстіне қазір жұрттың таңдау еркі мен талғамы бар.

Сонымен Алматыда Kazakhstan Fashion Week Ұлттық сән апталығы­ның 33 маусымы да мәреге жетіп, сән мін­берінде 20-дан астам отан­дық және шетелдерден арнайы шақырыл­ған дизайнерлер салтанат құрды.

Әдетте авторлық сән үлгілерінің, топтамалардың ұсақ-түйегіне дейін ойластырылады. Дегенмен дизайнерлерге сән апталығына қатысуға, жұртқа көрсететін киім үлгілері топтамасын жобалау мен жүзеге асыруға қанша қаражат керек? Бұл сұраққа танымал дизайнерлеріміздің жауаптары төмендегідей болды.

Назым Қарпықова, «Arunaz» марка­сының иесі: «Осы маусымда KFW-ке арнап 23 дайын образ бен алғаш рет ер-азаматтарға арналған сән үлгілерін ұсындық. Топтаманың орташа құны – 10 млн теңге. Біздің сән үйі эксклюзивті киімдерге маманданғандықтан, әдетте бір немесе екі данада ғана тігіледі. Құны таңдалған үлгісі, пішімі мен күрделі элементтерінен құралады. Оған матаның бағасы, фурнитурасы, конструктор мен тігіншілердің еңбегі мен басқа да көптеген фактор кіреді. Маталарды әдетте Париж, Милан, Монакодан сатып аламыз. Әшекейлеріміз бен қажетті ұсақ-түйектеріміздің орташа құны – 100 мың теңгеге дейін барады».

Ал Аида Қауменова баға ауқым­ды­­лы­ғының арқасында авторлық киім әртүрлі аудиторияның сұранысына ие екенін айта келе: «Бұйымдардың орташа құны – 80 мың теңге. Бірақ бізде үш киім желісі бар,  қолжетімді киімдерге футболкалар мен аксессуар­лар кіреді, олардың орташа құны шамамен – 20 мың теңге. Екінші қатарға – дизайнерлік ерекшелікке ие күнделікті киімдер кірсе, оның орташа құны – 70 мың теңгеден басталады. «Haute couture», яғни үшінші қатарлы киімдер жеке тапсырыс бойынша тек бір данадан тігілетіндіктен, тиісінше ол орта есеппен – 200 мың теңгеге бағаланады. Ал биылғы  KFW мау­сымындағыдай ерекше жағ­­дайларда әріптестерімізге жүгіне­тін кездер болады. Осы жолы «Медиатекс»  компаниясының Анна Баск брендімен бірге жұмыс істедік. Бұл бренд бас киімдер мен трикотаж­дан жасалған аксессуарлармен, әшекейлермен айналысады. Мұның орташа құны әлі анықталған жоқ», дейді.

Дизайнер Айдана Омарова киім үлгілерінің құны шығын материалдары мен қол еңбегінен басқа, ав­тордың шеберлігіне, әрбір бөлшекті жасауда қолданылатын бірегей техноло­гияларға тәуелді екендігін баяндай отырып: «Баға дизайнер­дің шығармашылық үлесінен, әр дизайнға салған қайта­лан­бас идеясынан, тұжырым­да­ма­лары мен талантынан, өзіндік қолтаң­басынан құралады. Симбиозда жұмыс істейтін бұл факторлар жоғары сән топтамасының құнын қалыптастырады және оның құнын сән саласының білгірлері мен өнерді бағалай білетіндер асыра алады. Ал Қазақстанның сән на­ры­ғында ұсыныстардың алуан түрлі­лігінің арқасында қолжетімді бағамен киім таңдау мүмкіндігі қалыптасып келеді», дейді.

Дегенмен, дизайнерлер еңбек шығын, маталар мен аксессуар­лардың бағасын қоса есептегенде, авторлық киім өз құнын ақтайтынын айтады.

Мәселен, Қиыр Шығыстан арнайы келген KFW қонақтары – «Крылья» студиясының дизайнерлері Денис Бурлаков пен Татьяна Васильева Қазақстанға жалпы құны 10 мың доллар тұратын 40-қа жуық бұйым әкелсе, оның әрқайсысы орташа есеппен 200 долларға бағаланды, аксессуарлардың құны 20 доллардан 300 долларға дейін барады.

Татьяна Васильева «Авторлық үлгілер қымбат па, жоқ па?» деген сұрақ әрдайым жеке көзқарасқа байланысты дейді. Біз ерекшеленуді, дараланауды бағалайтын адамдарды киіндіреміз, олар бізге эмоция тудыру үшін келеді, сондықтан олар біздің шығармашылығымызға тек көйлек, шалбар деп емес, құндылық, бірегейлік деп қарайды, яғни бұл – адамның көңіл күйі мен ішкі әлемі».

Мәселен, еліміздегі тапсырыс берушілермен жұмыс істейтін француз дизайнері Наз Маер өзінің авторлық көйлектерінің орташа құны неге 1200 еуро тұратынын түсін­діре келе: «Қазақстандағы автор­­лық киім нары­ғында ұстам­ды­лық бар. Меніңше, қазақ дизайнер­лерінің киім­дері­нің бағасы әлемдік дизайнерлік киім­дер­дің бағасына сәйкес. Табысы орташа адам­дарға қолжетімді casual стилін­дегі топтамалар бар, ал салта­нат­ты кеш­терге арналған киімдер әл­бет­те, арзан тұрмайды. Меніңше, тұ­тас ал­ған­да тиісті деңгейде теңдестіріл­ген».

Осы орайда отандық ди­зай­­­нер­­­лердің өздері де отан­дық бренд­тер­ді таңдау – ең оң шешім­дердің бірі екендігімен келіседі.

Дизайнер Назым Қарпықова жеке тапсырыстармен тігілген көй­лек-көншектер өз ақшасына тұра­тындығын, бағалар әрине, арзан болуы да мүмкін, бірақ елде жеке тоқыма бұйымдары өнеркәсібі әлі де дамымағандықтан, бұған осы мәселе де ықпал тигізіп отыр дейді.

Қысқасы, ешкімді қайталағыңыз келмесе, отандық дизайнерлерден киінген тиімді. Шындығында жерлестеріміздің қолынан шыққан дүниелер сапасы, сәні жағынан да әлемдік брендтерден кем түспейді. Жұртқа қымбат көрінгенімен, салыс­тырмалы түрде бағасы да бірнеше есе арзан. Оның үстіне қазіргі талғам­паз тұтынушыға ұлттық ерекшелікті ұсынып отырғанда да осылар, ал мұны отандық өндірушіден басқа ешкім жасай алмайды.

 

АЛМАТЫ