Моңғолияның Баян-Өлгей қаласында Халықаралық ақындар айтысы өтті. Айтыс ақыны, қоғам қайраткері Мұрат Пұшатайұлының 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Қытай және Моңғолия елдерінен барлығы 22 айтыскер ақын қатысты.
Аламан айтысқа Баян-Өлгейдің тұрғындары мен қонақтары ерекше ықылас білдіріп, екі күн бойы театрдың түндігі желпілдеп тұрды. Адам өте көп жиналды. Бұл айтысты өткізуге Мұраттың зайыбы Шайзада мен ұлдары Әмір мен Ғалымбек тікелей атсалысты. Іс-шараның барлық шығынын өздері көтеріп алды. Сөз сайысының тізгінін белгілі айтыскер ақын Жарқын Жұпарған ұстады. Аймақтық хұралдың төрағасы Қабыл Шәріп айтыскерлерге сәттілік тіледі. Аймақ әкімі Кәмилят Ақмедиұлының құттықтауы оқылды. Айтыс ардагері Қабдыжәлел ақындарға арнау өлеңімен шашу шашты. Қазылар алқасының құрамында Дәулеткерей Кәпұлы (төраға), мен, Мәшүр Құдысұлы, Шынай Рахметұлы, Зарқұм Баймергенұлы, Съезд Абайқызы, Бақытхан Қаңтарбайұлы, Құрманай Байжұмаұлы, Тәукей Тәйіп болды.
Сахна шымылдығы «Ел көшкенде» әнімен (сөзі Мұрат Пұшатайұлынікі, әні Бержан Файзулланікі) ашылды. Бұл ән сонау 90-жылдары шығып, әлемді шарлап кетті. Атажұртқа бетбұрған, туған жерімен қимай қоштасқан, ақ тілеу мен сағынышқа, аңсау мен мұңға толы, алабұртқан көңіл күйдің нәзік пернелерін басатын тағдырлы ән. «Керей, уақ, найманым, // Сүт бетінде қаймағым, // Кімге тастап барасың // Баян-Өлгей аймағын?!.» деп бір толқытса, «Көшуге бел байлаған, // Көліктерін сайлаған, // Ағайынға ақ сапар // Ұрпақ қамын ойлаған!» деп екі жұбатады. «Қия алмайсың, қимайсың сүйікті елді, // Мөлдір бұлақ, қарлы тау, биіктерді. //Неге ғана мен ылғи көше беремін //, Көше беру еншіме тиіп пе еді?!» деп және шер қозғайды. Бұдан басқа Мұрат ақынның өлеңіне жазылған «Ақ сапар», «Толғау», «Жаңа ауылым» т.б. әндер бар.
Мұрат осы Баян-Өлгей аймағының тумасы еді. Осыдан тура 50 жыл бұрын (1973) ҚазМУ-дың филология факультетіне Моңғолиядан бір жігіт (Мұрат) және бес қыз (Ботагөз, Ғибадет, Күнішай, Аралхан, Дәметкен) келіп оқуға түсті. Мұратпен бес жыл бірге жүрдік. Сырлас дос болдық. Сиясы кеппеген өлеңдерімізді жарыса оқыдық, тұсауын кестік. Ол оқуын бітіріп, еліне қайтарда Торғайдың аруы Шайзадаға үйленетін болды. Шекара жабық кез. Туыстарынан ешкім келе алмады. Қыздың әке-шешесінен рұқсат алу үшін бас құда әрі күйеу жолдас болып мен, қыз жолдасы болып Ботагөз Арқалыққа барған едік. Туыстары үш күн бойы келіссөзге келген мені қабылдамай, сөйлеспей қойды. Қыз шекара асып кетпекші... «Бұдан соң көреміз бе, көрмейміз бе?» деп қатты толқыды. Заман ол кезде басқа еді ғой. Әзер дегенде келісімдерін берді. Зымыраған уақыт-ай десеңші! Бәрі күні кеше болған сияқты... Тұңғышымның атын Мұрат деп қойдым, ол Әділ деп атады... Одан соң олардың отбасында Әмір, Ғалымбек және Ақбота атты қыз дүниеге келген.
1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойын Бай өлке қазақтары кеңінен атап өтті. Қазақстаннан Қалдарбек Найманбаев бастаған бір топ ақын-жазушы барғанбыз. Ортамызда Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Уақап Қыдырханов, Серік Тұрғынбекұлы, Бақыт Сарбалаұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Тұрсынжан Шапай, Гүлнәр Салықбаева, Ботагөз Уатқан бар. Сол тұста Мұрат Пұшатайұлы Аймақтық хұралдың төрағасы, қазіргі Халықтық партияның бірінші хатшысы еді. Елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан Мұрат шығармашылықпен айналысуға уақытын аз бөлді. «Студент дәптері» атты тұңғыш кітабынан кейін «Ел көшкенде» атты өлеңдер жинағы өзі өмірден өткеннен кейін (45 жыл ғана ғұмыр кешті) 2016 жылы ғана Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан жарық көрді. Кітапқа алғы сөз жаздым. Құрастырған Б.Уатқан. Мұрат досым туралы «Қамал бұзар қалпында көрем» атты естелік мақалам «Түркістан» газетінде (2014), «Мұрат Пұшатайұлы» атты зерттеу мақалам «Шетелдердегі қазақ әдебиеті» деп аталған ұжымдық монографияда (Алматы, 2014), өзімнің 10 томдық шығармалар жинағымның 7-томында жарияланды.
Сөз сайысы аса тартысты әрі тартымды, қызықты өтті. Айтыс Мұрат Пұшатайұлына арналғандықтан, айтыскерлер оның елге, жерге деген махаббатын, қоғамдағы атқарған қызметін, өлеңдегі өрнектерін тілге тиек ете отырып, қайраткер тұлғасына тағзым жасады. Қазақ сөз өнерінің барлық бояуы ашылатын айтыс жоғары дәрежеде өрістеп, тыңдармандарына рухани ләззат сыйлады. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Мөлдір Айтбайға (Қазақстан) бұйырды. 1-орын екеу: Ақтілеу Кеңшілікұлы (Баян-Өлгей) және Жәмиға Дәулетқызы (Қытай Халық Республикасы), 2-орын екеу: Іңкәрбек Әділханұлы (Баян-Өлгей) және Шұғайып Сезімхан (Қазақстан), 3-орын екеу: Нұрайым Бақтиярқызы (Қырғызстан) және Қанатбек Зәйтоллаұлы (Қытай Халық Республикасы) жүлдегер деп танылды. Барлық айтысқа қатысқан ақындар сый-сияпат алды.
Ал енді кейінгі кезде айтыс өнеріне қатысты кейбір кереғар пікірлер де естіліп қалады, оқып та жүрміз. «Дайындалып келіп айтысады», «Жаттап алғандарын айтып, жұртты жалықтырады», «Келісіп алып айтысады» деген сияқты... Халық нағыз суырып салма айтыстың тамаша үлгілеріне куә болып жүрсе де мұндай пікірлердің орын алуына не себеп? Айтыс шынымен арзандап барады ма? Айтыс ақындары жүлде үшін, бәйге үшін арзан сайысты машыққа айналдыра бастады ма? Бұл үлкен сауал! Бірақ біз куә болған Баян-Өлгейдегі халықаралық айтыста «Бір таудың қуысында, бір Алланың уысында» жатып айтыс өнерінің тамаша үлгісін көрсеткен шопан Ақтілеу Кеңшілікұлының, сөз өнерінің сиқырына аса сезімтал Шұғайып Сезімханның, қарсыласының әр қадамын ойлы шумақтармен орап отыратын Қанатбек Зәйтоллаұлының, тағы да басқа айтыскерлердің өнеріне халық ерекше риза болды, тәнті болды. Біз соған куә-дүрміз. «Айтыс – сөз барымтасы» деген екен Мұхтар Әуезов. Сөз барымта болса, оның сөз қарымтасы да болады ғой. Айтыстың табиғаты сонда ашыла түспек.
Осы іс-шара аясында бірнеше азаматқа «Баян-Өлгей аймағының құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында Мәшүр Құдысұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Жарқын Жұпархан және мен бармын.
Моңғолияның Баян-Өлгей қаласындағы Ахтан Бәбиұлы атындағы кітапханада менің сыр-сұхбат кешім өтті. Кеште курстас досым, ақын, қоғам қайраткері Мұрат Пұшатайұлының өмірі мен шығармашылығына тоқталып, естеліктеріммен бөлістім. Өлеңдерімді оқыдым және қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап бердім. Кешке Моңғолияның Халық жазушысы Шынай Рахметұлы, Монғолия Жазушылар одағы сыйлығының иегері Зарқұм Баймергенұлы, «Баян-Өлгей аймағының Құрметті азаматы» Мәшүр Құдысұлы, жұбайы Рая, Мұраттың жары Шайзада Сақтағанова, Әмір Мұратұлы, Ғалымбек Мұратұлы, Алматыдағы «Мазмұндама» баспасының редакторы, зайыбым Гүлнәр Құдабаева, Моңғолия білім саласының озат қызметкері, ақын, жазушы Съезд Абайқызы, кітапхана меңгерушісі Алтынкүл Дәлелқызы, Мұрат Пұшатайұлының дос-жарандары, №6 балабақшаның тәрбиешілері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Мұраттың соңында қалған «Тіршілік» базарына ұлдары Әмір мен Ғалымбек жаңа тыныс беруге ұмтылып отырғаны да қуантады. Ескі базардың орнына қазіргі талапқа сай үлкен сауда орталығының ғимараты бой түзеп келеді екен. Қазақ «Орнында бар оңалар» деген. Жеке байлығын еселеуді ғана місе тұтпай, халықтың рухани байлығын дамытуға да жұмсап отырған жас кәсіпкерлерге халық дән риза. Біз бұған да куә болып қайттық.
Осы сапарда мен «Үш дос туралы элегия (Біржан, Мұрат, Тілеухан)» атты балладамды жиі оқыдым. Онда: «Жастық шақта жолықты Мұрат ақын, // «Гүлдариға» – әні еді ұнататын. // Домбыраға қосылып қоңырлатса, // Тыңдағанды еріксіз жылататын. // Бай Өлкенің қазағы, керей еді, // Бедел еді ортада, мерей еді, // Бес жыл бойы жұбымыз жазылмады, // Болжайтынбыз: жолымыз кеңейеді... // ...Оны да ерте тағдыры сынаған-ды, // Алтай тауда жүрегі тына қалды, // Композитор Файзулла екеуінен // «Ел көшкенде» дейтін ән – мұра қалды!» деген шумақтар бар. Айтпақшы, Мұраттың бір немересінің атын «Гүлдариға» деп қойыпты...
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ
АЛМАТЫ – ҰЛАНБАТЫР – БАЯН-ӨЛГЕЙ – АЛМАТЫ