• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Тұлға 05 Желтоқсан, 2023

Айтары мол Айталы еді...

213 рет
көрсетілді

Біртуар қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз Амангелді Әбдірахманұлы Айталыны мен 1999 жыл екінші шақырылған Парламент Мәжілісінің алғашқы отырысында көрдім. Бұрын атын естігенім болмаса, кездесудің реті келмеген еді. Осы отырыста Мәжілістің комитет төрағалығына ұсынылған кандидатуралар талқыланғанда, Әлеуметтік мәдени даму комите­тінің басшылығына ұсынылған екі-үш депутаттың ішінде Айталының да есімі аталды. Бірақ ол ұсынысқа ризашылығын білдіріп, лауазымнан бас тартты.

Амангелді Әбдірахманұлының бұл қадамын кейін түсіндім. Отыз жыл бойы тағдырын ғылыммен байланыстырған, қиыншылығы да, қызықшылығы да жетерлік жолда қажымай еңбек етіп келе жатқан Әбекең ғылыммен араға лауазымды тірлікті түсіргісі келмеген екен.

Ғылыми әлеуеті мол, әсіресе қоғам­дық қатынастар саласын жетік білетін Амангелді Айталы кәсіби Парламенттің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Ол заң шығарушы органның жұмысымен танысқан соң, оған мынадай баға да берген еді: «Қазақстан парламентаризмінің дамуы тың және тыңайған жерлерді игеру емес, бұл – коммунистік диктату­раның бульдозерімен қалың асфальт құйып, ауыр катокпен тегістеп тастаған топырағынан пайда болып келе жатқан парламентаризм». Бұл баға әлемдік парламентаризмнен кенжелеп қалған отандық заң шығарушы органның атқа­рушы билікті бақылау функциясына толық ие болуын, оның қызметінің күш­ті әрі тиімділігін, ел сенімі биігінен көрі­нуін ойлаудан туған еді. Бұл проблема Амангелді Айталының «Қазақстандық демократия ұлттық мұратты жақтай ма, әлде астамшылықты сақтай ма?», «Де­мократия – халық таңдауы», «Біздегі би­лік халықпен санаспайтын болып жүр», атты мақалаларында ашық айтылды.

Амангелді Айталының азаматтық ұстанымын негізінен айқындайтын мәселе оның ғалымдық келбеті мен ғылыми қызметі екеніне дау жоқ. Қазақ хал­қының патшалық Ресейден, одан кейінгі кеңес өкіметінен көрген зардабы оны ұлт ретінде даму жолынан айырды. Бұған «Ұлттану» атты оқулығынан бас­талған «Ұлт мұраты: депутат көзқарасы», «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес», «Қазақты намысы қамшыласын», «Ұлт пен дін – тәуелсіздік арқауы, Нация и религия – основы независимости», «Дін және діндарлық», «Рухани кемел­дік» атты ғалымның еңбектерінде көтер­ген тақырыптары дәлел бола ала­ды. Бұл бағыттағы Амангелді Айта­лы­ның жарты ғасырдан астам қажыр­лы шы­ғар­машылық жұмысы Алаш ар­дақты­ларының, әсіресе Ахмет Байтұр­сын­ұлының идеяларын еріксіз еске түсіреді.

Неге бұлай дейміз? Біріншіден, Әбе­кең сонау өткен ғасырдың 60-жылдары­ның аяғынан жоғары оқу орындары студент­теріне ұлт теориясы мен тәжірибесі жөнінен арнаулы курс жүргізіп, дәріс оқып, ұлт мұраттарын дәріптеді. Кейін осы материалдар «Ұлт­тану» атты оқу құралының негізіне алынды. Екіншіден, осы оқулығында көтерілген ұлт, мәдениет, ұлттық идеология, дін, тәрбие, ұлттық жаңару, тағы басқа мәселелер кейінгі еңбектерінде толықтырыла, байытыла түсіп, жақсы жалғасын тапты. Үшіншіден, «Рухани кемелдік»» атты кең мағынадағы ұлт және дін тақырыбындағы ғылыми пуб­ли­цистикалық мақалалар жинағының мазмұны да біздің сұрағымызға жауап беретіні айқын.

Ресей империясының шовинизмі де, кеңестік жүйе де сан ғасыр өмір сүріп келе жатқан ұлттық мемлекетті авто­но­миялық құрылымға айналдырып, хал­қымыздың ұлттық қасиеттеріне тұрақты шабуыл жасағаны белгілі. Сол себепті Амангелді Айталының ойынша, бұл сая­сат қазақтарды бағындырып, көндіріп қана қойған жоқ, жартылай жұтып та алды, орыстандырды, ұлтсыздандырды, дінсіздендірді. Тарихи жадынан айыра­ бастады. Қазақты жалтақ, айтқанға көн­гіш, айдауға жүргіш, дегенге сенгіш ұлтқа айналдыруға тырысты. Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы өз кезінде: «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп жазды.

Рас, Ақаң заманынан бері, құдайға шүкір, көп нәрсе өзгерді. Ең бастысы – еліміз тәуелсіздік алды, өз тізгіні өзіне тиді. Өзге елдің тікелей ықпалынан құтыл­дық. Жер үстіндегі адамзат қауым­дастығында өзіндік орны бар екі жүздей мемлекеттің біріне айналдық. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық арманы мен азаттық үшін тынымсыз күресінен туған теңдесі жоқ өзгеріс, бағасы жоқ байлық.

Дегенмен тәуелсіздік жылдары кең мағынадағы ұлттық ұғым төңірегінде жұмыс толыққанды жүзеге асқан жоқ. Ең бастысы – нарықтық экономиканы тарихи, ұлттық ерекшелігімізді ескере отырып қабылдай алмадық. Ұлттық құндылықтарымызды рухани капиталға айналдыра алмай, айрықша ерекшелігіміз имандылық пен адамгершілікті аяқ асты еттік. Қоғамның барлық саласында сыбайлас жемқорлық бой көрсетіп, қаржы мәселе шешудің басты көзіне айналды. Осындай қордаланған проблеманы ойлай отырып, ұлт мәселесінің майталман тамыршысы Амангелді Айталының қазақ Арал апаты сияқты мәдени апатқа ұшыраған ұлт деуінің де, «Ұлтсызданған, пәрменсіз қазақ қайтіп күн көрер» деген идеямен мақала жазуы да жайдан- жай емес еді. Ең қиыны өзіміздің ұлт ретінде дамуда кенже қалғанымызды терең түсінбеу, осы бағытта мақсатты да жүйелі жұмыстың әлсіздігі дер едік. Сондай ақ Алаш ардақтылары кеңі­нен пайдаланған, өз ұлтына шексіз берілген­дікті айқындайтын, бірақ кешегі кеңестік жүйеде үрей туғызған, ұлттық рухтың көрінісіндей болған «ұлтшыл» деген ұғымға еліміз тәуелсіздікке ие болғанда да үрейлене қараймыз.

Ұлттық мәселені ешуақытта діннен бөліп қарауға болмайды. Ислам діні де басқа діндер сияқты ғасырлар бойы қалыптасқан, оны ұлттық құндылық­тардан ажыратып алу мүмкін емес. Өйт­­кені дін ұлттық мәдениетке сүйен­се, ұлттық мәдениет діннен сусын­дай­ды. Амангелді Айталының әлем­дік дін­дерге, әсіресе оның ішінде ислам­ға қа­тысты ойлары өзінің парасат­ты пайым­дылығымен, толымды толға­нысы­мен құнды. Дінді, ислам дінін саясаттанушы, әлеуметтанушы ретінде ғылыми философиялық көзқараспен танып, терең сезіне білген Әбекеңнің үш жүз жылдай отарлықтың бар қасіретін, кеңестік қырғынның талай ойранын көріп, бірақ беріспей бүгінгі күнге аман-есен жетсек, ол біздің ұлттық мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің әлеуетті тірегі саналатын ислам дінінің арқасы деуі негізсіз емес. Дін тек ұлтты рухани таным, мәдени дәстүрлер негізінде ғана біріктіріп қой­май, бұқара халықты әлеуметтік негіз­де де ұйыстырып отырғанын жақ­сы та­ны­ған Амангелді Айталы: «Біз­дің зама­нымыздың маңызды талабы өрке­ниет­тер арасындағы ынтымақтастық пен өза­­ра байланыстарды қолдау, әсіре­се дін­­ара­лық қарым-қатынастарды ізгі­лік жо­лы­на, өзара сыйластыққа, толерант­ты­лыққа тәрбиелеу, зорлық-зомбылық, күш қолданудан бас тартып, бейбіт, па­ра­­сат арнасына бейімдеу болып отыр», дейді.

«Халықсыз мемлекеттің болмайтыны сияқты мемлекет те дінсіз болмайды. Ал халықтың сана-сезімін, ар-ожданын, салт-дәстүрін қалай мемлекеттен, діннен бөле аламыз? Мемлекеттің дінді реттеушілік рөлін қайда қоямыз? Адамның тәні мен жаны сияқты ел халқының болмысына етене жақын, сіңіскен дінді мемлекеттен түгел ажыратуға болмайды», дейді тағы Амангелді Айталы.

Бүгін, өкінішке қарай, діннің рухани мәніне жете көңіл бөле алмай, дін­ді ақыл-оймен танымай, сыртқы фор­ма­сына еліктеп, жат ағымдардың жете­гіне ерген жастар көбейіп барады. 2017 жылы жарық көрген «Дін және діндарлық» атты арнау­лы курсын­да ға­лым-дінтанушы: «Ислам діні ұлт­тық мүд­дені қорғаудың негізіне айналып, ұлт­тық бірлікке, отаршылдыққа қарсы кү­реске жұмылдырушы күш болды. ...Діннен айырылған халық ұлттық қасие­тінен де ажырайды, ұлтсызданған халық дінінен де айырылады» деп жазды. Бұл – дінтану, дін әлеуметтануы мен педаго­гика пәндерінің оқытушылары мен магистранттарына, дін мәселесіне қызығушылық танытатындарға арналған іргелі еңбек.

Амангелді Айталыны ғылым мен білімнің еліміздің рухани һәм мәдени күш-қуатын, экономикасын арттыра­тын бірден-бір фактор бола алмай отыр­­ғаны да аз ойландырған жоқ. Оның «Соңғы жылдары ғылым, білім сала­сындағы бірізді саясаттың болмауы, бұл саланы басқарудағы қисынсыз өз­ге­рістер, нарық деген желеумен ғы­лым мен білімге дүңгіршектегі тауар ре­тінде қарау, зиялы топ саналатын ға­лым­­дарды қайыршылық деңгейге түсі­ру­дің астарлары тереңде жатыр», деуі тегіннен-тегін емес. Білім, әсіресе гуманитарлық-әлеуметтік білім елдің тарихына, өркениетіне негіз­делмесе, ұлтымызға қауіпті, қатерлі сипат­ алады. Білімнің этностық тамырдан айрылуы салдарынан оның мазмұны да ұлттық болмысқа қайшы сипатқа көшеді. Қазір жоғары және орта арнаулы оқу орындарын былай қойғанда, жарты миллиондай қазақ баласының орыс мектептерінде оқып жүргені де білім саласының басы-қасында жүргендерді ойландырмай отыр. Бұл сәтте Амангелді Айталының «біз Ресейдің ақпараттық отарындамыз» деуінің реті бар. Кезінде Абай айтқандай, орыстың тілін, оқуын, ғылымын білуде «пайдасына ортақ болумен қатар «зарарынан қашық болуға» деген көреген қағидасының зардабын әлі көретін сияқтымыз. Өйткені ұлтсыздық қасиеттер белең алып, халқымыздың рухани кедейшілікке ұшырауы жалғасып келеді. Бұл туралы сөз қозғағанда А.Ай­та­лыны ерекше толғандыратын мәселе – ұлттық тіліміздің бүгінгі күйі.

Амангелді Айталы қазақ мемлекет құраушы ұлт ретінде елдегі тұрақты­лыққа, татулыққа тарих пен ел алдында жауапты деп санайды. Оның ойынша, мұның барлығы мемлекетіміздің ұлттық сипатын жетілдіре түсуді, шынайы ұлт­тық мемлекетті құруды қажет етеді. Оның бірнеше саяси және әлеуметтік себебі бар. Біріншіден, бас-аяғы үш ғасырға созылған Ресей империясының отарлық саясаты, соның жалғасындай болған кеңестік кезеңде қазақ ұлт ретін­де толыққанды қалыптаса алмаса, мем­лекет те өзінің ұлттық сипатына толық ие бола алмады. Оның зардаптарын қазір қатты сезініп отырмыз. Екіншіден, бүгінгі жаһандану заманында халқымыздың ақыл-парасаты мен санасына жат өмір үлгілерін енгізілу үшін күрес жүріп жатыр. Үшіншіден, егемен елдің декларациясында атап көрсетілген маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті қорғау және нығайту сияқты идеялар көп ұзамай ұмы­тылды. Тіпті ресми құжаттарда «ұлт­тық мемлекет» дегенді атай бермей­міз. «Мақсатымыз – Түркiстанда түрi жағы­нан да, мазмұны жағынан да ұлт­тық болатын мемлекеттiк құрылымға қол жет­кiзу. Сонда ғана халқымыз өз жерi­нiң нағыз қожасы бола алады», деген Мұс­тафа Шоқайдың асыл ойынан хабардар Амангелді Айталы қазақ халқының ұйымдастырушылық күші басым болуға тиісті, онсыз ол басқа этнос мүшелерін топтастыратын көшбасшы бола алмайды деп санады.

Ұлттық мемлекет дегенге тиісті көңіл бөлмеу салдарынан халқымыздың ұлтсыздануын, ұрпағымыздың ата-баба салтынан алыстап бара жатқанын аңғару қиын емес. Амангелді Айталы қазақ қоғамының қазіргі дамуына талдау жасай отырып, «ұлтаралық бәсекелестікке дайынбыз ба?» деген сұрақ қояды да, оған өзі жауап берген еді. Бүгінгі алып көршілердің ықпалы бәсеңдемей отырған тұста әлсіз, әлжуаз, еліктегіш ұлттың қарқынды өркендеуін былай қойғанда, рухани экспансия жолымен жұтылып кету қаупі де жоқ емес деді.

Қазақ қоғамына бүкіл адамзаттың табысы да әсте жат емес. Озық үлгідегі бас­қа­лардың мәдениетін, әдебиетін, тарихын білу керек. Өркениеттен тәуелсіз елі­міз сырт қала алмайды. Әлемдік рухани бұлақтан сусындап отыру қажет. Алай­да жаһанданудың қаупі де күшті. Мұ­ның жалғыз амалын Амангелді Айталы ұлттық иммунитетті күшейте түсу деп тани­ды. Әңгіме сол батыстық тәжі­рибе­лерді ұлттымыздың тарихи, өзіндік ерек­шеліктерін ескере отырып, ұтымды пайдалана білуде болып отыр. Әсіресе қазақтың «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп малды жаннан, жаннан арды жоғары қойып, рухани байлықты басты мұрат етуінің жөні бөлек.

Тәуелсіздік жылдары қазақ сан жағы­нан да, сапа жағынан да өзгерді. Рас көп нәрсе жүзеге асты. Бұл үдеріс әсте тоқ­та­ған емес. Бірақ бұл көпшілікті қанағат­тандырып отыр ма? Кезінде ұлы ғалы­мымыз Шоқан Уәлиханов қазақ халқы­на әлеуметтік және экономикалық рефор­ма керек, сонымен қатар оны жүзе­ге асырудың құралы ретінде сая­си реформа да қажет деген еді. Осы тұрғыдан бүгінгі саяси өзгеріс халық­тың әлеуметтік және экономикалық ­ахуалын жақсартуға бағытталуы қажет. Ең бас­тысы – халық барлық реформаның негізгі пайдаланушылары болғаны жөн. Ал Амангелді Айталыны соңғы кезде ұлттық құндылықтар мен ұлттық идео­логиядан қазақтың санасында ең алдымен, баю идеологиясының басым ­болып бара жатқаны қатты ойландырды. «Біреулер байлығын ойлап, енді біреулер шайлығын ойлап ұлттық құндылықтарға салқындықпен қарайды», деп қазақтың материалдық игілікке деген ұмтылысы ұлттық идеологиясына айналып бара ­жатыр ма деп қауіптенді.

Бүгінде ұлт қайраткері Амангелді Айталының қоғамдағы орны ойсырап тұр. Тәуелсіздіктің тұғырлы болғанын, халқымыздың рухани кемелдікке жетуін армандаған, қазақ қоғамында нағыз демократия орныққанын, елінің әлемдік өркениеттен ойып тұрып орын алғанын қалайтын ғалым кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды. Санаткер тұлғаның ұлт тағдырына қатысты парасатты пайымдары – темірқазық «Ұлттану» оқулығындағы тұжырымды санасына сіңірген жастардың елінің өркендеуіне қызмет ететіні сөзсіз.

 

Әбдіжәлел БӘКІР,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы