Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) әлемнің ең үздік ойыншыларының рейтингін жариялады. Үздіктер тізімінде Қазақстанның да өкілдері бар.
Ерлерге қарағанда біздің қыздар әлдеқайда табысты өнер көрсетіп тұр. Әйелдердің рейтингінде Бибісара Асаубаев мен Жансая Әбдімәлік қатар тұр. Олар 16 мен 17-орындарды өзара бөліскен. Бибісара – 2 472 және Жансая 2 468 ұпайдан еншілеген. Динара Сәдуақасова (2 435) 35-орынды иеленсе, Меруерт Камалидинова (2 383) 70-сатыға жайғасты. Ал қытайлық Хоу Ифань (2 632) жеке-дара бастап тұр. Екінші орында оның отандасы – Цзюй Вэнцзюнь (2 560). Үндістандық Конеру Хампи (2 554), ресейлік Александра Горячкина (2 553) және Қытай елінің тағы бір өкілі Лэй Тинцзе (2 550) – озық бестіктің қатарында.
20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында Бибісара Асаубаева алдына жан салар емес. Ол 2 472 ұпайды олжалап отыр. Одан кейінгі орындарда – Велпула Сараю (Үндістан, 2 444), Нұргүл Салимова (Болгария, 2 426), Лея Гарифуллина (Ресей, 2 423) және Дивья Дешмух (Үндістан, 2 420). Сонымен қатар біздің Бибісара рапидпен (әйелдер) және блицтен (U-20) әлемдік рейтингте бірінші орында тұр.