Елордада «Жыл волонтері» сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Халықаралық волонтерлер күні аясында ұйымдастырылған іс-шарада еліміздің әлеуметтік, қоғамдық өміріне белсене араласып, мұқтаж жандарға қолұшын созып жүрген 47 волонтер мен волонтерлік ұйым үздік деп танылды.
Осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылған сыйлық волонтерлер қозғалысын дамытуға және қолдауға, әлеуметтік және қоғамға пайдалы міндеттерді шешуге елеулі үлес қосқан отандық және халықаралық волонтерлер мен волонтерлер топтарын, волонтерлер ұйымдарын көтермелеуге және ынталандыруға бағытталған.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров волонтерлерді халықаралық мерекемен құттықтай келе, бүгінде елімізде волонтерлік сала өте қарқынды дамып келе жатқанын атап көрсетті. Бұл қызметке атсалысып жүрген азаматтар мен ұйымдар санының тұрақты артуы қалыпты жағдайға айналғанына тоқталды.
– Кейінгі он жылда, – деп жалғастырды сөзін вице-министр. – Еріктілер қатары 4 есеге өсті. Қазір республикада 600-ден аса волонтерлік ұйым, 250 мыңнан астам волонтер бар. Сәйкесінше, волонтерлердің қатысуымен іске асырылатын бағдарламалар мен жобалардың ауқымы кеңейді. «Жыл волонтері» сыйлығына жеңімпаздарды іріктеу екі саты бойынша жүргізілді. Бастапқыда тәуелсіз сарапшылар өтінім бергендерді қоғамға маңызы мен әлеуметтік желідегі белсенділігіне қарап, келесі кезеңге өткізді. Ал екінші сатыда министрлік жанынан құрылған комиссия мүшелері ашық дауыс беру арқылы шешім қабылдады.
Мерекелік кешке республиканың түкпір-түкпірінен волотерлікті серік еткен белсенді волонтерлер арнайы келді. Бұл жолы қоғам белсенділері 15 әлеуметтік маңызы бар аталым бойынша іріктелген. «Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін» Өзбекстан мемлекеті Ташкент қаласынан Жасурбек Камилов, Қазақстанның Жетісу облысынан Қазына Орынбекова мен Байғалық Биахмет марапатталды. Ал «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін» павлодарлық Венера Смағұлова мен астаналық Диана Мырзағалиева, «Төтенше жағдайларды жоюға белсене қатысқаны үшін» Жетісу облысынан Холида Кусанова, Екібастұз қаласынан Самал Дүйсенбаева, Шымкент қаласынан Абай Сырлыбаев, Петропавл қаласынан Абдин Дамир, Түркістан облысынан Ақмейір Нармұратова жыл үздіктері атанды. «Саламатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін» Абай облысынан Руслан Бутанаев, Астана қаласынан Дана Тәкенова, Павлодар қаласынан Виктор Карягин, Жетісу облысынан Жансерік Байденов арнайы сыйлық иеленді. «Із-түссіз жоғалған адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін» аталымымен марапатталған үздіктер қатарында қостанайлық Олеся Логошиновачевская, Талдықорғаннан Екатерина Середина, астаналық «Qanat» волонтерлік қозғалысы» бастамашыл тобы, Екібастұз қаласынан Олеся Воликова да бар.
«Үздік волонтерлік ұйым» аталымы бойынша «Lider.kz», «Астана ақпейілділер клубы» волонтерлер қоғамы, «VITA» Павлодар қаласының іздеушілері» қоғамдық бірлестігі, «Шымкент қалалық ACCESS түлектері «ASAA»» жастар қоғамдық бірлестігі жеңімпаз болды. «Үздік әлеуметтік көмекші» аталымында жыл волонтері Тараз қаласынан Азамат Намелбек, Көкшетау қаласынан Ербол Амантаев, Қостанайдан Анастасия Пушкарева атанды.
– Әлеуметтік бағыттағы волонтерлікпен айналысып жүргеніме 14 жылдай болды. Былтыр «Жеңіс» жобасын да қолға алдық. Игі іс аясында жалғызбасты немесе аз қамтылған ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көмек қолын создық. Пандемия тұсында да халықтың осал топтарына жәрдемдестік. Дәрі-дәрмек, азық-түлік үлестірдік. Сол белсенділігіміз үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған «Халық алғысы» арнайы медалімен марапатталдым. Қазір топта 55 волонтер бар. Басым көпшілігі студенттер. Қатарымызда жасы 55-тен асқан азаматтар да бар. Біз бұл қайырымдылық шараларын алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз, – деді волонтер А.Пушкарева.