• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Желтоқсан, 2023

Екі еларалық құжатқа қол қойылды

163 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш пен «Узархив» агенттігінің директоры Ұлықбек Юсупов архиваралық байланысты нығайту, түрлі зерттеу жұмыстары үшін өзбекстандық архивте мүмкіндік қарастыру, құжаттамалық мәселелерді оңтайландыру тағы да басқа маңызды мәселелер бойынша өзара келісім құжатына қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Жыл өткен сайын Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы архиваралық байланыс артып келеді. Айтар болсақ, екі ел арасындағы өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан арасында архивтік құжаттарды толықтыру, кітаптар шығару, зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша мүмкіндіктер қарастырылған.

Сондай-ақ «Архив-2025» кешенді жоба аясында 2022 жылы еліміздегі мемлекеттік архив қызметкерлері 14 елге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ол жақтан 7000-нан астам ел тарихына қатысты құжат жеткізілген көрінеді. Бұл құжаттар қазіргі таңда ғылыми айналымға енгізілу үшін әзірлік жұмыстар атқарылуда. «Еліміз үшін аса жоғары маңызға ие бұл істер ғалымдар мен түрлі зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», дейді мамандар.

Кездесу барысында екі еларалық келісімнің маңызы жайлы көпшілікке таныстырып, сөз сөйлеген Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылы Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитінде сөйлеген сөзінде «Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар», деген тапсырмасы бәріңізге белгілі. Биыл Қазақстан делегациясы Өзбекстанға сапар жасап Узархив басшылығымен бірлескен іс-шаралар бойынша келісім жүргізген болатынбыз. Нәтижесінде бүгін аталған келісімді іске асыруды құжат жүзінде бекіттік. Бұл - тарихи сәт. Бүгінгі шара Мемлекет басшысы ТМҰ отырысында белгілеп берген басым міндеттердің уақыт оздырмай алғашқы болып нақты орындалып жатқанының айғағы», деді.