• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 06 Желтоқсан, 2023

Сенаторлар Түркі Академиясының жұмысымен танысты

131 рет
көрсетілді

Бүгін Сенат депутаттары Түркі Академиясына арнайы барды, деп жазады Egemen.kz.

Жоғарғы Палатаның Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті делегациясын Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев қабылдады.

Келелі кездесуге Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының  депуттары Дархан Қыдырәлі, Ғалиасқар Сарыбаев, Алишер Сатвалдиев, Геннадий Шиповских, Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Академия президентінің кеңесшісі Тілеужан Сексенбай қатысты.

Кездесу барысында тараптар түркі дүниесіне ортақ мәселерді, атап айтқанда ғылым және білім, мәдени-гуманитарлық байланыстар, сонымен қатар, ғылыми инновация салалары бойынша пікір алмасты.

Академия басшысы Ш. Мұстафаев ұйымның қызметі мен жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ол Түркі Академиясының жұмыс бағытының гуманитарлық салада ғана шектелмей, ауқымын басқа ғылым бағдарларында кеңейту мақсатында жаңа бастамаларды қолға алғанын және аталған жобаларға қазақстандық ғалымдардың да атсалысып жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Комитет хатшысы Дархан Қыдырәлі өзара ғылыми интеграцияны дамытудың арқасында түркі халықтарының бірлігі нығайып, қазіргі таңда әлемдік қауымдастықта беделі артып келе жатқанын айтты.

Осы орайда ол бауырлас елдердің Мемлекет басшылары түркі әлемі ынтымақтастығының дамуына баса назар аударатын, сонымен қатар алдағы уақытта да Қазақстан тарапының Түркі Академиясының аталған бағыттағы бастамаларына қолдау көрсететінін жеткізді.

«Жуырда Астана қаласында өткен ТМҰ мерейлі 10-шы Саммитінде Мемлекеттеріміздің басшылары бауырлас елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдады. Бұл ретте Қазақстан Парламенті де өз тарапынан ғылыми интеграцияны нығайтуға заңнамалық және басқа тараптардан қолдау көрсетуге дайын», деді Д. Қыдырәлі.

Кездесу соңында Сенат депутаттары Түркі Академияның бұған дейін атқарған жұмыстарына және кейінгі кездері қолға алған жобаларына жоғары баға беріп, ұйым басшысына ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Академия басшысы Жоғары Палата делегациясына ұйымның 2023 жылғы атаулы даталар бойынша басып шығарған еңбектерін тарту етті.

Сонымен қатар мәртебелі қонақтар түркі мұражайы мен кітапханасын аралап, онда сақталған белгілі түркологтардың жеке заттарымен, қолжазба және кітап қорларымен танысты.