• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 06 Желтоқсан, 2023

Өнердің алтын ордасы

212 рет
көрсетілді

Қазақ даласындағы көмейіне бұлбұл ұялаған дүлдүл әншілер мен буынсыз бишілердің, қарасөздің қаймағын қалқыған жыршы-термешілердің басын біріктіріп, халықтық өнердің алтын ұясына, қарашаңырағына айналған Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының құрылғанына жарты ғасыр толып отыр. Ұлтымыздың ұлы мұрасы – дәстүрлі өнерді дәріптеумен қатар, көкжиегін кеңейтуді көздеген бұл өнер ұжымының қанатының астында мемлекет және қоғам қайраткері, өнер зерттеушісі Өзбекәлі Жәнібектің қолдауымен құрылған «Адырна», «Алтынай», «Сазген» сынды әйгілі ансамбльдер жұмыс істейді.

Елу жыл бұрын іргесі қалан­ған Алматы облыс­тық филармониясына 1990 жылы ха­лық ақыны Сүйінбай Аронұлының есімі бе­ріл­ген. Содан бері өнер ұжымының әр мү­ше­сі жыр сүлейінің есімін ардақтап, соған ла­йық қызмет етуге қарым-қабілеттерін жұ­мыл­дырылып келеді.

«Өнер де елмен бірге өседі, көктем сайын түлейді. Бүгінгі күнде филармония құрамы өнер­лі жастармен толыға түсті. «Жас келсе – іске» деп дарынды жастарға артар сеніміміз зор. Филармонияның өнер ұжымдары кәсіби орындаушылық шеберлік­терін көтеріп, жетілдіре түсуде және репертуарларын байы­ту жолында тынымсыз еңбек етіп жатыр. Қаймағы бұзылмаған төл өнерімізді насихат­тау, келешек ұрпақтың бойына сіңіруде филармонияның атқарып жатқан еңбегі зор. Ұлттық өнер мемлекеттің қамқорлығынан қалып көрген емес. Жыл сайын жаңа маман­дар жұмысқа тартылып, материалдық-техни­калық базаларымыз жаңартылып келеді», дейді Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының директоры, Мәдениет қайраткері Данияр Құрамысов.

Осы орайда айтар болсақ, ел ішіне, алыс-жақын шетелдерге гастрольдік са­пар­ға шығатын өнер ұжымына жуырда 50 орын­дық­ су жаңа автобустың кілті табысталып, зор қуанышқа кенелген болатын.

Қазақ өнерінің көгінде сәулелі жарық жұл­дызға айналған Сүйінбай атын­дағы Алма­ты облыстық филармониясының 50 жыл­­­­дық мерейтойына орай Алматы облысы әкі­мінің қолдауымен Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында «Өнердің алтын ұясы» атты мерекелік концерт өтті.

Концерттің ашылу салтанатында ұлттық саф өнерімізді сары алтындай сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу жолында тер төгіп жүр­ген өнер ұжымын 50 жылдық мерейтой­мен­ құттықтаған ақжарма тілектердің тиегі ағы­тылды.

«Сахна төрінде жемісті еңбек етіп, отан­дық ән және күй мектебінің үздік үлгі­лерін сақтап, одан әрі байыта отырып, көрермендерге әрдайым алуан түрлі, маз­мұнды репертуар ұсынып, толассыз шығармашылық ізденіс пен жоғары кә­сі­би орындау шеберлігін паш ететін қыз­мет­тері үшін алғысымды білдіремін», деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­тың­ өнер ұжымына арнаған Алғысхатын Пре­зи­дент кеңесшісі Мәлік Отарбаев филармония директорына салтанатты түрде та­быс етті.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қа­зан» дегендей, кезінде еліміздің өнер ма­­й­талмандары Алтынбек Қоразбаев, Нағи­ма­ Есқалиева, Мәдина Ералиева, одан ке­йін­гі буын Мейрамбек Беспаев бастаған бір­қатар өнер қырандары осы филармония­да еңбек етсе, бүгінде талантты жас­тар алдыңғы аға-әпкелерінің жолын жал­ғас­тырып жатыр. Ұлттың өнері ұлы болмай, өзі де ұлы болмайды. Филармония кезін­де Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тіке­лей басшылығымен құрылса, мұндағы этно­графиялық ансамбльдер­дің ашылуы­на­ Өзбекәлі Жәнібек ұйытқы бол­ған. Осын­дай киелі шаңырақта еңбек етіп, бүгінгі өнер­ді келешекке жеткізуде жан аянбай тер төгіп, халықтық өнерді насихаттап жүр­ген өнер ұжымына алғыс айтамыз», деді  Парламент  Мәжілісінің депутаты Жанар­бек Әшімжан. Мұндай жылы лебізді Мәде­ниет және ақпарат вице-министрі Арман Жүде­­баев та жолдады.

Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым өңір басшысының құттықтауын жеткізе отырып, бірқатар өнер майталмандарын облыс әкімінің Алғысхатымен марапаттады.

Айтулы іс-шара барысында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысының орынбасары Санжар Мүләзімоғлы ұжым өнерпаздарына шығармашылық табыс тілеп, төл мәдениетіміздің тасын өрге домалатып жүрген өнер саңлақтарына арнайы төсбелгілер табыс етті.

Бұдан әрі құлақтан кіріп, бойды алған концерттік бағдарламаға ұласты. Онда тыңдарман жүрегіне жол тауып жүрген жаңашыл жастардың ізденістері жарқырай көрініс тапты. Солардың қатарындағы Тілеубай Әнәпия, Жігер Омархан, Айдана Әнәпияева, Мағжан Сатыбалды, Нариман Әбдірахман, Ардақ Әмірқұлова, Алуа Қосановалар дәстүрлі әннен шашу шашты.

Филармонияның жарты ғасырлық тари­хында қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет еткен, өзі өлсе де, соңына өлмес өнерін қалдырған тау тұлғалы тарландар рухына арналған «Тұлғаларға арнау» атты Рахмет Қуаныштың күйін Абылайхан Сқақов жетекшілік ететін «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблі орындады. 1981 жылы Алматыдағы Ықылас атындағы рес­пуб­­­ликалық халық аспаптары музейі жаны­нан құрылған бұл ансамбль 1987 жылы филар­мония құрамына ауысқан.

Сондай-ақ Сүйінбай атындағы Ал­ма­­ты облыстық филармониясының құ­ра­­мын­дағы ұлттық өнеріміздің шоқ жұл­ды­зы­на айналған «Сазген», «Адырна» фоль­кло­р­лы­-этнографиялық ансамбльдері мен «Ақ­жауын» камералық оркестрінің орын­да­­уындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Көш-ке­­руені» тыңдармандарын тұңғиық ойға же­те­леді.

Келесі кезекте Қазақстанның еңбек сіңір­­­ген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кү­й­ші-композитор Секен Тұрыс­бектің «Кө­ңіл­ толқыны», «Қоңыр қаз» күйлерін өзі же­тек­шілік ететін «Ақжауын» камералық ор­кес­трі орындап, көптің ыстық ықыласына бө­ленді.

Ұлттық өнерде өзіндік тарихымен, құра­мы­мен танымал болған шығармашылық ұжымдар, атап айтсақ, Мәдениет қайраткері Марат Бердіғұловтың жетек­ші­лі­гіндегі «Адырна» фольклорлы-этно­гра­фиялық ансамблі, Мәдениет сала­сының үздігі Бекназар Какелеев бас­қа­ратын «Қобыз сарыны» фольклорлы-этно­графиялық ансамблі,  Мәдениет сала­сының үздігі Бекзат Ағиярдың жетек­шілігіндегі «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамбльдері өнер көрсетті.

Мерейтойлық концертте филар­мо­ния­да талай жыл қызмет еткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айткүл Құдай­бергеновтер, Өмірқұл Айниязов, Гүлнұр Оразымбетова, Шәба Әденқұл баста­ған жезтаңдай әншілермен қатар, күйші-композитор Ғаламат Бейсе­қожа, халықаралық, республикалық байқау­лар­дың жеңімпаздары Кенжекей Ақжолова, Қажы­мұрат Шешенқұлұлы, Сырым Жазылбек, Әзиза Әбілбашар, Медет Орынбаев, Балауса Самы­рыққызы, Айбек Жекенов, Нұрбол Сәдуа­қасов, Қуаныш Шәкіров, Бағдат Сейіт, Әділ Ахметжан, Мұса Сапарәлі сынды жас әншілер халық әндері мен қазақ компо­зи­тор­ла­рының шығармаларын жаңа лепте тамылжыта орындап, жүректерге жылу сыйлады.

Филармония әншілері Бибігүл Қилым­хан, Мәдина Әліпбекова, Кенжекей Ақжо­ло­ва­лар қазақтың «Ақбаяны» атанған Мәдина Ера­лиеваның әндерінен попурри шырқап, тыңдармандарын елтіп әкетті.

 Мерекелік концертті филармонияда ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан күміс көмей әнші Ұлжан Айнақұлова ақын Жамбылдың сөзіне жазылған композитор Жолдасхан Құрамысовтың «Менің пірім – Сүйінбай» әнімен қорытындылады. Көрермендер тік тұрып, ұзақ қол соғып, зор қошемет көрсетті. Кеш соңында аталған өнер ұжымына Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы облысы әкімдігінің атынан ықылас гүл шоқтары тарту етілді.

«Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филар­мониясында 1988 жылдан бастап­ қызмет етіп келемін. Міне, биыл 35 жыл толды. Тағылымды тарихы Алматы қала­сы­нан бастау алатын филармонияда аты әйгілі әнші, жыршы, күйші мен бишілер қызмет етті. Өнер зерттеушісі Өзбекәлі Жәні­бе­к­­тің қалдырған ізі бар. Сол жылдары филар­­мо­нияның директоры болған Қабиден Тұя­қаевтың да берген тәлімі мол. Соның арқа­сын­да кешегі «Адырна», «Сазгенде» жұмыс істеген біраз әртістер осы күні Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық етеді. Бірқатары әр сала­да басшылық қызметтер жасап жатыр. Мұның барлығы – алтын ұямыз үшін зор мақтаныш.

1980 жылдардан филармонияда еңбек еткен Мәдина Ералиева, Ақжол Мейір­бе­ков, Қаламқас Орашева, Жақсылық Сәр­сен­ғалиевтердің жарқын бейнесі көз алдымызда. «Арқас» ансамбілінің де дүркіреген кез­дерін қалай ұмытармыз? Майра Ілиясова, Жанар Айжанова, Бақыт Шадаевалар шың­да­лып, жемісті еңбек етті. «Қобыз сарыны» ансам­блін құрған Мұратбек Жүнісбековтің де филармония тарихында қал­дырған өзіндік қолтаңбасы бар.

Бүгінгі күні филармонияның құрамы 80 пайыз жастармен толықты. Жастардың барлығы шетінен талантты. Сол себепті Алатау­дың баурайына қоныс тепкен Сүйін­бай бабамыздың атындағы киелі өнер шаңы­ра­ғының өрісі кеңейіп, өрлей береріне кәміл сенеміз», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова.

 

Алматы облысы