Осы жылдың қаңтар-қараша айларында отандық өнеркәсіп кәсіпорындарына 717,8 млн теңге көлемінде шығындардың бір бөлігі өтелді. Бұл кезеңде «Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ-ға еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерілету бағыттары бойынша жалпы саны 600-ге жуық өтінім келіп түскен.
Өңірлік бөліністе еңбек өнімділігін арттыру бағыты бойынша ең көп өтінім Алматы (75), Астана (65) және Шымкент (48) қалаларынан жолданған. Салалық бөліністе мемлекеттік ынталандыру шараларына өтініштердің басым бөлігі машина жасау (100), агроөнеркәсіп кешені, азық-түлік пен сусындар (61) және жеңіл өнеркәсіп (50) кәсіпорындарынан келген.
Өнімді ілгерілету бағыты бойынша ең көп өтінімді Қарағанды облысының (62), Алматы (35) және Ақтөбе облысының (26) кәсіпорындары, ал салалық тұрғыда жеңіл өнеркәсіп (72), машина жасау (68), химиялық және фармацевтикалық бағыттағы (51) кәсіпорын жіберіпті.
Есепті кезеңде QazIndustry мамандары кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін өтеу шарттары мен тетіктерін түсіндіру бойынша 550-ден аса ауызша кеңес берген. Сондай-ақ мамандар түрлі конференция мен форумға қатысып, ашық есік күндері, өндіріс өкілдерімен кездесулер және өңірлерде арнайы семинар-кеңестер ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, QazIndustry өнеркәсіпті ынталандыру және кәсіпорын шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша қызметтер көрсетеді.
Мұндай көмек кәсіпорындардың мүмкіндігін молайтып, өрісін кеңейте түсуге үлкен септігін тигізеді. Мысалы, орталық алматылық тігін фабрикасының үнемді өндіріс элементтерін енгізу үшін кеткен шығынының 40 пайызын өтеп берген. Компания мәліметінше, бұл көмек фабрика жұмысындағы кемістіктерді азайтып, тұрақтылық пен жұмыс үдерісінің жүйесін сақтай отыра еңбек өнімділігін 12 пайызға арттыруға мүмкіндік берген. Аталған алматылық тігін фабрикасы арнайы киімдердің 100-ден аса түрін шығарады. Киімдер заманауи қытайлық құрылғылардың көмегімен тігіледі.
Дегенмен компания басшылығының айтуынша, жүйелі проблемалар компания имиджіне ұзақ уақыт бойы кері әсерін тигізді. Өз кезегінде бизнес-стратегия сабақтары мен QazIndustry-дің ішкі нарықты алға жылжытудағы қолдауы кәсіпорындағы жағдайды айтарлықтай өзгерткен.
«Жұмыс киімін тігу цехында жапондық Кайдзен философиясының енгізілуімен жұмыс сапасы тұрғысынан болсын, жеке уақытын басқару тұрғысынан болсын әрбір қызметкер өзін-өзі тәртіпке келтірді. Жұмыстың мәні арта түсті. Еңбек өнімділігі күшейді және кемшіліктер азайды. Мемлекеттің біз секілді өнеркәсіптік өндіріс ошақтарына қолдау көрсетіп жатқаны қуантады», дейді компания басшысы Әділжан Тұрғанов.
30 пайыз көлеміндегі өтемақыны «Astana Ceramic» ЖШС да алған. Соның нәтижесінде кәсіпорындағы өндірістің тұрып қалу көрсеткіші 32 пайыздан 7 пайызға төмендеп, керамикалық кірпіш өндірісі 15 пайызға ұлғайған.
«Зауыт жылына 30 млн керамикалық кірпішті үш түрде өндіреді. 2018 жылы кәсіпорынға модернизация жасалды және біз белгілі функционалдық қызмет көрсету қиындықтарына тап болдық. Тезірек ретке келтірмесек, үлкен шығынға батып қалудың аз-ақ алдында едік», дейді кәсіпорын басшысы Серік Қожаханов.
Айта кетейік, шығындарды өтеу көмегі экономиканың басым секторларында индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға көрсетіледі.