Бүгінде Алматы қаласында 30-дан аса волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олардың құрамында 5 мыңнан аса ерікті бар. Қаланың қоғамдық өмірі – осы еріктілер тобының үнемі назарында. Олар күнделікті болып жатқан қала тірлігіне бейжай қарай алмайды. Әсіресе қоғамның әлеуметтік мұқтаж өкілдеріне әрдайым көмекке дайын.
Жыл басынан бері волонтерлер 600-ден аса іс-шараның, акцияның өтуіне мұрындық болған. Еріктілер осы мерізмге дейін 60 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинап, 200-ден астам қан донорын тартып, мыңнан астам отбасына қажетті азық-түлік қорын жеткізген. Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Бағдат Анарбаеваның айтуынша, еріктілер қиын жағдайда қалған адамдарға және аз қамтылғандар отбасыларға қамқорлық жасап, қоршаған ортаны қорғауда, мұқтаждарға көмек көрсетуде үнемі алдыңғы шепте келеді.
Еріктілер ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды оқыту, жалғызбасты зейнеткерлерге арналған пансионаттарда шығармашылық кештер ұйымдастыру ісінде белсенді болса, енді бірі жан-жануарларға немесе қоршаған ортаның тазалығын сақтауға атсалысып жүр.
Еріктілер қала тұрғындарына үнемі қуаныш сыйлауға әзір. Олар қаланың барлық ауданында елімізде түсірілген фильмдердің тегін көрсетілімдерін өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл тұрғындарға қызықты демалыс сыйлап қана қоймай, киноиндустрия жаңалықтарынан хабардар болып отыруға ықпал етеді. Ал барлық ауданда жұмыс істейтін тілдер саябағында қалалықтар үшін қазақ тілімен қатар шет тілдерін де тегін үйренуге қолайлы жағдай қарастырылған. Тілдер саябағына келушілер еріктілердің әр қадамына үнемі ризашылығын білдіріп отырады.
Өткен жылы еріктілер елмен бірге бар қиыншылықты еңсере отырып, Түркияның зардап шеккен тұрғындарына – 51,5 тонна, Сирияға 3 тоннадан астам гуманитарлық көмек және Абай облысының тұрғындарына 5 тонна көмек жинаған. Қандай қиындықта да бірге болып, мұқтаж жандардың жүрегіне үміт пен жұбаныш, айналаға қуаныш пен мейірім сыйлауды мақсат етеді.
АЛМАТЫ