Қысқы мейірімділік аптасы жалғасын тапты. Қоғамға ізгі ниетті жандардың еңбегін насихаттауды көздеген науқан еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылып жатыр. «Жастар рухы» жастар қанаты астаналық ардагерлерге, тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына жәрдем беріп, елордада «ТазаLike» акциясын өткізді.
Асылында, волонтерлердің ерікті ерлігін ұдайы насихаттауымыз қажет. Өйткені әлем әбігерге түсіп, көптің көңілі күпті болғанда бір-біріне көмектесіп, барымен бөлісетін осы жанашырлар. Төл генетикадағы жіпті үзбей, қоғамның мейірлене түсуіне сеп болып жүргендердің бірі – Ақерке Искандерова.
«Волонтерлікке өмірлік ұстанымым мен кез келген ортадағы белсенділігім жол ашты. Мектеп кезінен еріктілікті серік еттім. Әрдайым экологиялық науқандарға қатысып, қарттарға көмек көрсетіп жүретінбіз. Кейін студенттік шақта түбегейлі волонтерлікке кірістім. «ЭКСПО» халықаралық көрмесінде, қалалық еріктілер штабында болып, дәрігерлерге, полицейлерге, кеден қызметінің өкілдеріне, мәдени ұйымдардың қызметкерлеріне белсенді түрде қолғабыс еттім. Артынша «Жастар рухы» жастар қанатына қосылдым. Орынбасарлық қызметке көтерілдім. Күнделікті өмірде, қоғамдық қызметте волонтерлер тарапынан көрсетілетін көмек үлкен рөл атқаратынын есімізден шығармауымыз керек. Жастар қанатының кез келген өкілі немесе белсендісі мен секілді қызмет жолын еріктіліктен бастады десем, қателеспеймін. Мектеп оқушысынан бастап қарияларымызға дейін әрқашан қолұшын созуға ұмтылып тұратын біздің азаматтар бойына мейірімділік, адалдық, еңбекқорлық сынды қасиеттерді жинаған. Біздің топ еліміздегі ең үлкен әрі ең көп жастың басын қосқан ұйым ретінде өз қатарындағы рухы биік волонтерімен мақтанады. Волонтер болу оңай, ол біздің әр пайдалы әдетіміз бен өнегелі ісімізде көрініс тапқан. Әрі еріктілік – жас талғамайтын, сауапты іс», дейді «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары.
Бүгінде «Жастар рухы» сапындағы бір топ волонтер ардагерлерді ардақтап, көше сыпырушы азаматтарға көмек көрсету, төтенше жағдай кезінде алдыңғы қатардан табылу, халыққа гуманитарлық көмек үлестіру немесе апат болған орынды қалпына келтіру, вандалдар қалдырған суреттерді жойып, тарихи ескерткіштерді тазалау, полиция қызметкеріне серік болып, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақыру, қараусыз қалған жануарларға пана табуға жәрдемдесіп жүр.
«Біз қандай жағдайда да көппен бірге болдық. «Amanat» партиясының жанындағы жастар елімізде орын алған төтенше жағдайлар кезінде алдыңғы шептен табылды. 2019 жылда Арыс қаласында жойқын жарылыс болып, ел дүрлікті. Оқыс жағдай болған күннен бастап барлық аймақта гуманитарлық көмек қабылдау пункттерін аштық. 750-ден аса ерікті Арыс қаласының эвакуацияланған тұрғындарын тіркеу және орналастыру, жоғалған балаларды іздестіру, гуманитарлық көмекке жататын тауарларды түсіруге қатысты. Волонтерлер көлемі 450 тонна гуманитарлық көмекті қоймаларға жайғастырды.
Әлемді есеңгіреткен індет тұсында Қазақстанның оңтүстік аймағындағы Мақтаарал ауданында бірнеше елді мекенді су алып, республикалық көлемнен бөлек, өңірлік техногенді төтенше жағдай жарияланды. Осы сәтте жастар қанатының 500 волонтері Мақтаарал ауданында тұрғындарды эвакуациялауға қатысты. Су астында қалған үйлерді қалпына келтіруде еріктілер аудан халқына көмек көрсетті. Құрылыс материалдарын жеткізіп, 1000 тоннаға жуық гуманитарлық көмекті халыққа таратты.
Қостанайда болған өрт кезінде де шетте қалмады. Төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, олар 3 қала мен 17 облыста гуманитарлық көмек қабылдау орталықтарын ашты. Еліміз бойынша 1300-ден аса волонтер Әулиекөлге көмек көрсету үшін жұмыс істеді. Апат болған аймақта Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облысы мен Алматы, Астана қаласынан 300-ге жуық волонтер гуманитарлық көмекті қоймаларға жайғастырды. Азық-түлік пен қажетті заттарды тұрғындардың үйлеріне жеткізіп берді. Волонтерлердің күші 1200 тоннадан аса жиналған тұрмыстық қажеттіліктер, азық-түліктер, құрылыс материалдары мен техникалық жабдықтарды тұрғындарға үйлестіруге жұмылдырылды», деді А.Искандерова.
Қазақ «Көп түкірсе – көл», «Сауапты істің үлкен-кішісі болмайды» деп жатады. Бірақ ірілі-ұсақты шаруаның көптің көмегімен бітетіні тағы бар. Осы орайда Ақеркенің рухтастары былтыр қытымыр қыста жылусыз қалған Екібастұздағы отандастарымызға азық-түлік пен 1700-ден аса электр жылытқыш таратты.
Елді есеңгіреткен Абай облысындағы алапат өрт кезінде 500-ден аса волонтер халықты эвакуациялау, зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізу, құтқарушыларға ыстық тамақ, дәрі-дәрмек және киім-кешек жөнелтуде жұмылды. Бас-аяғы бес күнде еліміздің бірқатар өңірінде 126,5 тонна гуманитарлық көмек жиналды.
«Жастар рухының» тұрақты өткізіп тұратын науқандары да бар. Мәселен, «Қауіпсіз қоғам» акциясы аясында полиция департаменттерімен бірлесе құқықтық тәртіпті сақтау бойынша 374 бірлескен акция мен рейд өткіздік. Нәтижесінде, 8 300-ден аса құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ 500-ден аса тарихи, мәдени және табиғи мұраны, ескерткішті вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды науқан ұйымдастырдық. Оған 1500-ден астам волонтер қатысты. Қазіргі таңда қала, аудан ішінде вандализммен күресу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында синтетикалық есірткі жарнамасы бар 5000-нан астам граффитиді жойдық. Оған 1000-нан астам ерікті жәрдемдесті. Сондай-ақ «ТазаLike» экологиялық жобасы барысында да қоғамдық орындарды тазалауға көмектестік. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы «Biz birgemiz!» жалпыұлттық акциясы басталды. Оған республика бойынша 5 мың волонтер жұмылдырылды. 320 мыңға жуық отбасы азық-түлік себеттерімен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Тұрмысы төмен 100 мың отбасына 5 миллион маска тегін таратылды. Бұл – волонтерлер атқарып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Елім деп еміреніп, халқым деп қызмет етіп жүрген волонтерлер еңбегі еленіп, азаматтардың алғысына бөленетініне сенімдіміз. Бастысы – бәрі отансүйгіш, адал ниетпен жүзеге асып жатыр», деді волонтер.
Жалпы, адамзат бойында жүректің орны бөлек. Ізгі ниетпен, ақ пейілмен жасалған жақсылық жүректерді жылытып, жақындастырады. Демек бүгінгі еріктілік жастарды ертеңгі елдік тұлға деңгейіне көтеретіні анық.