Әскери қызметшілер кәсіби біліктілігін шыңдады. Атырау гарнизоны басқармасы Ақтаудағы теңіз жаяу әскерлері бригадасы базасындағы оқу-әдістемелік жиындарға қатысты.
Елдегі Қарулы Күштердің қуаты Отан алдындағы борышын өтеген барлық санаттағы әскери қызметшілердің қарым-қабілеті, білім-білігімен өлшенеді. Сондықтан сапта іркілмеу үшін жоспарлы жауынгерлік әзірлік маңызды. Осы орайда Ақтауда өткен кезекті жаттығуға әскери бөлімдер командирлері мен орынбасарлары, батальон командирлері мен бөлімшелердің сержанттары түгел қатысты.
«Мұндай жиындардың мақсаты – әскери бөлімдердің басқарма құрамының жауынгерлік және жедел даярлық іс-шараларын, әскерлер қызметін ұйымдастырудағы, құрамалар мен бөлімдерді жан-жақты қамтамасыз етудегі әдістемелік дағдыларын жетілдіру. Бағдарлама жаңа формалар мен жұмыс әдістерін үйретуге бағытталған әртүрлі форматтағы іс-шараларды қамтыды. Жиын барысында әскери бөлімдер командирлерінің баяндамалары тыңдалды. Бұдан бөлек, саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды», деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Дәулет Оспанов.
Бұл басқосудың ерекшелігі – Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуы болды. Іс-шарада екі саланың өкілдері жауынгерлік және денешынықтыру дайындығын ұйымдастыру, әскери тәртіпті сақтау, кезекшілік және қарауыл қызметін атқару ережелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Кезекті оқу-әдістемелік жиын көздеген меже үдесінен шықты. Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен тәжірибе алмасу ерекше әсер етті. Олардың қызметі – маңызды нысандарды үнемі қырағы күзету әрі кезекшілікте болу. Ал біз – жауынгерлік және денешынықтыру дайындығын қадағалаймыз. Егер мұндай іс-шараларды ұйымдастыруда басқа күш құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасасақ, отандық Қарулы Күштер жасағы барлық қызметтік бағыт бойынша деңгейді көтеретініне сенімдімін», деді 25744 әскери бөлім штабының басшысы, майор Сапаралы Қазақбаев.
Жиын соңында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қысқы оқу кезеңінің қорытындысында Қарулы Күштердің Құрлық әскерлері арасында үздік деп танылды. Жауынгерлерге Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ерекше ілтипат білдірді.