Ақтөбе облысында тіркелген волонтерлік ұйымдардың саны 200-ден көп. Солардың арасындағы ең танымалы – жоғалып кеткен адамдарды іздестіруге көмектесіп жүрген «Зелло» іздеу тобының еріктілері.
«Зеллоның» қыз-жігіттері адасып кеткен қарттарды, түрлі себептермен үйінен кетіп қалатын жеткіншектерді уақыт жоғалтпай тауып беруге жақсы машықтанған. Осы арқылы олар қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда жергілікті құқық қорғаушылардың жұмысын жеңілдетіп жүр.
«Біздің волонтерлік тобымыздың әлеуметтік парақшасындағы 70 мыңдай жазылушы – жоғалған жандарға іздеу салған кезде көмектесетін үлкен күш. Адамның жоғалуы туралы полициядан хабар түскен бойда оның суретін, байланыс телефондарын әлеуметтік желіге саламыз. Мұнымен бір кезде тобымыздың қыз-жігіттері өздері бекітілген ауданда іздестіру шараларын жүргізеді. Соның арқасында жыл басынан бері хабар-ошарсыз кеткен 150 адамға іздеу салып, көбін аман-есен тауып бердік», дейді іздеу тобының ұйымдастырушысы Екатерина Голотина.
Облыстық полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше үлес қосып жүрген 16 еріктіні құттықтады. Марапатқа ие болғандардың алдыңғы қатарында «Зелло» іздеу тобының белсенділері де бар.
Елімізде кейінгі жылдары волонтерлік қоғалыс кең жайылып, волонтердің қатарына қоғамдағы күйіп тұрған мәселелерге бейжай қарамайтын жастар көп қосылып жатыр. Қазір волонтер сапында кәсіпкер, құрылысшы, медицина қызметкерлері, инженер, зейнеткерлікке шыққан мұғалімдер де көп. Олар көбіне бала тәрбиесі, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау ісінде белсенді.
Ақтөбе облысы