• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 07 Желтоқсан, 2023

Егізі көп ерекше ауыл

1208 рет
көрсетілді

Қазалы ауданында кеңес одағының батыры Үрмәш Түктібаев есімін иеленген ауыл бар. Әдепкіде іргесі қаланғанына келер жылы 85 жыл толатын осы байырғы жұрттың өзге елді мекендерден көп айырмашылығы жоқтай көрінетіні бар.

Сонау 1939 жылы Алға, Жаңабасшылық, Бозкөл және Жаңажол колхоздарын біріктіру арқылы құрылған ауыл 1956-1966 жылдары Карл Маркс атындағы колхоз болыпты. Елдегі ағайынның тірлігіне байланысты Октябрь күріш кеңшары атанған да кезі бар. 80-жылдардан бастап кеңес одағының батыры Үрмәш Түктібаевтың есімімен аталып келген мекен осы күні Алға ауылдық округінің орталығы саналады. Есімі елді мекен атауын иеленген Үрмәш Түктібаев – 1917 жылы осы топырақта дүниеге келіп, екінші дүниежүзілік соғыста 27 жасында Латвияның Лудзасында жан қиған батыр.

2 мыңға жуық тұрғыны бар бұл ауылда жастар көп. Жұмысқа жарамды жұрттың бәрі қол қусырып қарап отырған жоқ. Егін егіп, мал бағып, тіршілік көшіне ілесіп келеді. 400-ден аса бала №88 Байжігіт Әбдіразақов атындағы орта мектепте білім алады. Былтыр осы білім ошағын бітірген 21 оқушының 17-сі грант иеленіп, жоғары оқу орнына түсіпті. Мектеп ғимаратындағы №20 «Жайна» балабақшасына баратын сәби қатары қалың.

Бала демекші, егер осы ауыл­да дүниеге келген егіздерді топтаса, бір қауым елге айналар еді. Сонау 1973 жылы ауылдағы Орынбаевтар шаңырағында Асқар, Гауһар атты егіз дүние есігін ашыпты. Төрт жылдан кейін өзге де отбасыларда Айгүл-Нұргүл Бегалиевалар, Алтынбек-Болатбек Әләуовтер, Қанат-Жанат Жүгінісовтер дүниеге келіп, іңгәлап жатыпты.

Одан кейін де әр жылдарда қос-қостан туғандар аз емес. Ел тәуелсіздік алған 1991 жылы ауылдағы үш үйелменде Ержан-Нұржан, Жанарыс-Бекарыс, Алмат-Самат секілді егіздер дү­ниеге келіпті. Қазір бұл жігіттер әр салада жемісті еңбек етіп ке­леді.

Жалпы, қазақтың жан санамайтынын білеміз. Сол ырымға қырын келмес деп есептеп көр­сек, сонау 1973 жылдан бері осы ауылда 24 егіз туыпты. Ал­ды елудегі, соңы 5 жасқа енді іліге­тін сол егіздерді жинап, 48 адам қатысқан шеру өткізуге де болады екен.

Осыдан 4 жыл бұрын осы ауылдағы бес балалы Алтын­баевтар отбасына бірден 3 сә­би қосылды. Қызылорда қаласын­дағы Ана мен бала орталығында дүние есігін ашқан үшемдер – Айғаным, Айғанат, Асылым қазір аман-есен өсіп келеді.

Жалпы, осы уақытқа дейін елімізде бұл құбылыстың сырына бойлаған ешкім жоқ. Әлемдік зерттеушілер дерегінше, егіздер санынан Еуропа құрлығы көш бастаса, Қазақстан 48-орында тұрған көрінеді. Жер бетіне сыймай жатқан Қытайыңыз соңғы орында тұр.

Біздің білуімізше, Қызылор­дадан бөлек Ақтөбе облысындағы Алтай батыр, Қостанайдағы Тәгіл елді мекендері егіздерімен ерекшеленеді. Дегенмен де бұл тараптағы нақты көрсеткіштері бар мәліметтер жоқтың қасы.

 

Қызылорда