Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалады. Жылды қорытып, он айдың есебін берген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артып, өсімнің 57 пайызға жеткенін айтты. Бірақ өңірдегі мұнай қорының сарқыла бастауы өнеркәсіпті дамытуға айрықша мән беретін кез жеткенін аңғартып тұр.
«Осы жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібі – 24 пайызға, ауыл шаруашылығы – 2,6 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 21,2 пайызға, тұрғын үй – 16,7 пайызға, сауда – 4,3 пайызға, көлік және қоймалау көлемі – 8,8 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция 27,7 пайызға артты, жеке инвестициялар 34,6 пайызға өсті», деді облыс әкімі.
Алдағы алты жылда бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Мәселен, өңірде құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылып, жоспарға сәйкес мұнда 9 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде құны 14 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылған. Қабылданған шаралардың негізінде өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30 пайызға ұлғайыпты.
Былтыр іске қосылған шыны зауыты тұрақты өнім шығарып, оның 70 пайызын ішкі нарыққа, 30 пайызын Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдеріне экспорттап жатыр. Зауыттың негізгі қуаттылығы 197,1 мың тонна екен. Кәсіпорын іске қосылғаннан бері жобалық қуаттылықтың 85 пайызы игеріліп, 167 мың тонна өнім шығарылған.
«Шыны зауытының аясында шағын және орта кәсіпкерліктің белдеуін дамытуға мүмкіндік мол. Зауыт жанынан құны 130 млрд теңгеден асатын 8 түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын құрылады. Жылына қосымша 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылып, бөтелкелер және алғашқы айна зауытының құрылысы басталады. Бұл үш жобаның жалпы құны – 32,3 млрд теңге. Құны 1 млрд теңгені құрайтын әк және құрғақ құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылады», деді облыс әкімі.
Сондай-ақ 2024 жылы аймақта құны 27,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылмақ.
Есептік брифинг барысында әкім облыста суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі жол картасы әзірленгенін де мәлімдеді. Аграрлық аймақ саналатын Қызылорда облысы үшін суармалы су мәселесі қашанда өзекті. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару әдістері кеңінен қолданылып жатыр дейді. Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі жол картасы дайындалған. Оның аясында облыста тасқын суларды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу үдерістерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру мен жаңғырту бастамалары қолға алынған.
«Суды бөлу мен есепке алудың заманға сай жүйелерін енгізу үшін халықаралық компанияларды тартып жатырмыз. Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай әрдайым өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 6,8 млрд текше метрге азайды. Өткен жылдан бастап 4,6 млрд теңгеге «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырылып жатыр», деді өңір басшысы.
Бұл жобаның келер жылы тәмам болуымен зақымдалған бөгетті қалпына келтіріп, теңізде су айналымын қалыптастыру арқылы тіршілік нәрінің тұздылығын төмендету жоспары күн тәртібіне қойылып отыр.
Өңір экономикасы дамуына үлес қосып келе жатқан негізгі салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес ауыл шаруашылығы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. Биылғы егін науқаны кезінде әр гектардан 56,5 центнер өнім алынып, қамбаға 503 мың тонна күріш жиналыпты. Салаға осы жылы 9,4 млрд теңге инвестиция тартылған.
«Су тапшылығына қарамастан күріш өнімділігі өткен жылмен бірдей болды. Облыстың ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде. Соңғы екі жылда құны 84 млн долларды құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Экспортталған өнімнің 96 пайызы – өңделген өнім. Суды үнемді пайдалану үшін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық беріліп жатыр», деді әкім.
2023 жылы су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 872 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары тасталған. Облыс басшылығы бұл игі үрдісті жыл сайын арттыра түсеміз деп отыр. Сонымен қатар жаңа агротехнологиялар да назардан тыс қалмайды. Аймақта күріштің, өзге де дақылдардың жаңа сорттарын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының қызметімен бірлесіп жұмыс атқару көзделген. Жақында Ауыл шаруашылығы ғылым академиясымен агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды.
«Өнімділігі жоғары, өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сұрыптарын өндіріске енгізудеміз. Ғалымдар бірнеше жаңа сұрыпты сынақтан өткізуге кірісті. Биылғы нәтиже жақсы. Қанатқақты жобадағы сұрыптар 10 центнерден жоғары өнім беріп, 10-15 күн ерте пісті. Келесі жылы да осы оң көрсеткіш сақталса, 2025 жылдан бастап жаңа сұрыптар қолданысқа енеді», деді облыс әкімі.
Егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары да жоспарға сай жүруде. 2025 жылға қарай күріш алқабы бөлінген су көлеміне қарай азайтылып, оның орнына суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемі 8,7 мың гектарға артпақ. Майлы дақылдар алқабы – 13 пайызға, мал азықтық дақылдар алқабы – 8 пайызға, картоп, көкөніс, бақша дақылдар алқабы – 0,5 пайызға, басқа дәнді дақылдар егісі 21 пайызға ұлғаяды.
Әкім ыстық су мәселесінің алдағы үш жылда шешілетінін айтты. Тиісті жобаны іске асыруға 1,1 трлн теңге қажет.
Ал 2025 жылы Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығы қолданысқа берілмек.
«Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес аймақта ірі жоба жүзеге асуда. Егемендік жылдарындағы инвесторлардың қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба – жылу электр стансасының құрылысы біздің аймақта бой көтеруде. Құны 215 млрд теңге болатын жоба 2025 жылы іске қосылады», деді.
Өңір басшысының айтуынша, осы жобаның жүзеге асуының арқасында электр энергиясын сырттан тасымалдау тоқтатылады. Тиісінше, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сату мүмкіндігі туады. Әкім сөзінше, қазір облыстағы жылу беру маусымы тұрақты сипатқа ие. Аймақтағы 1 067 әлеуметтік нысан мен 855 көпқабатты тұрғын үй толықтай жылу жүйесіне қосылған.
Көгілдір отынмен қамту шаруасы да талапқа сай атқарылып жатыр дейді ол. Қазіргі уақытта облыстағы барлық аудан орталығы мен 4 қала, 19 елді мекен табиғи газға көшірілген.
«Облысымыздағы барлық аудан орталығы мен 4 қала (Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы), 19 елді мекеніміз табиғи газдың игілігін пайдалануда. Биыл 12 ауылдық елді мекенімізге газ кіргізіліп жатыр. Осылайша, өңірімізде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді. Келер жылға жоспарланған 4 млрд теңгеге 12 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. 2024 жылдың соңында газдандырылу деңгейі 78 пайызға жетеді. Сондай-ақ облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 2024 жылы 4 млрд теңгеге ауқымды 4 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде, 2025 жылы облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі», деді баспасөз мәслихатында.
Биыл Қызылорда облысында 671 шақырым жол жөндеуден өткен. Нәтижесінде, облыстағы жақсы жағдайдағы жол үлесі 87,5 пайызға жетіпті.
«Қоғамда жиі қозғалған «Қызылорда – Жезқазған» автожолы Президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртылып жатыр. Жоба құны – 108 млрд 500 млн теңге. Облыс аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталды. Жалпы, биыл республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 38,5 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 671 шақырымды құрайтын жол жөндеуден өтті. Нәтижесінде, облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5 пайызға жетті. Ал 2024 жылы сапалы жолдардың үлесі 92 пайызға жетеді», деді облыс басшысы.
Әкімнің айтуынша, «Қызылорда – Жезқазған» жолын жаңғырту жобасы 2025 жылға дейін жоспарланған.
«Шынында да бұл өте өзекті мәселе болып келді. Қызылордадан шыққан азаматтарымыз сапасыз жолмен Астанаға бір тәулік бойы жүріп баратын. Келесі жылы бұл жұмыстар жалғасады. Мүмкіндігінше келесі жылы аяқтаймыз деп үміттенеміз. Осы жолды жаңғырту аяқталса, Астанаға жету уақыты 11 сағатқа дейін қысқарады. Сонда тек қызылордалықтар ғана емес, Түркістан облысы, Шымкент қаласы, ақтөбеліктер де Астана мен солтүстік өңірлерге осы жолмен қатынайтын болады. Бұл өңірлер арасындағы байланыстың нығаюына үлкен септігін тигізеді және біздің қатаң бақылауымызда», деді өңір басшысы.