Арқаға сағындырып жеткен аязды күндерге ақ күріштің отаны – Сыр өңірінен келген өнер тартуы шырай кіргізгендей. Ару қала Астанамыздың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған Қызылорда облысының мәдени күндері шын мәнінде өнердің мәдени мерекесіне ұласты. Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры әкелген Ш.Айтматовтың «Жәмилә» мен Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» қойылымдары, сонымен қатар Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қызылорда облысы өнер шеберлерінің гала-концерті мен «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты тарихи танымдық көрме де мазмұнды іс-шараның мәнін аша түсті.
Өнер мерекесін Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры Астана қалалық Жастар театрында Ш.Айтматовтың «Жәмилә» қойылымымен ашты. Ұлы жазушының бұл драмасында адамзат өміріндегі қалыптасқан дәстүр мен өз тағдыр тақтасындағы таңдауға қарсы тұрған жас әйелдің нәубетке толы махаббаты бейнеленеді.
Жалпы, «Жәмиләнің» әдебиеттегі де, театрдағы да тағдыры әу бастан табысты болды. Оқырман әлі күнге дейін қайталап оқудан жалықпайтын туынды қазақ театрлары сахнасында да ең көп қойылатын спектакльдер санатында.
Н.Бекежанов театры әкелген бұл қойылым да өз ерекшелігімен дараланды. Оның үстіне облыстық театр әртістерінің әлеуетін тануға да тамаша мүмкіндік сыйлады. Алматыдан арнайы шақырумен келіп қызылордалық көремендерге арнап қойылым қойған халықаралық және республикалық фестивальдердің лауреаты, талантты режиссер Дина Жұмабайдың бұл жұмысы әдеттегіше өзіндік суреткерлік қолтаңбасымен ерекшеленді. Инсценировкасынан бастап символдық сөйлетулерге дейін сахнада сәтті оқылды. Қойылымды көркемдеген әуен де (композиторы – Нұсұлтан Төреәлі) өз әуезімен бірден көрерменін баурап алды. Бірақ театрдағы қандай сәтті жұмысқа да шырай кіргізетін сол ұжымның әртістері екенін де ұмытпауымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде Қызылорда театрында талантты сахнагерлердің өсіп келе жатқаны әлбетте қуантады. Әйтсе де біз тамашалаған қойылымда ойнаған актерлер Астана сахнасын жатырқады ма, әлде сақылдаған 40 градус аяз шабыттарын тежеді ме екен, әйтеуір күткеніміздей жарқырап көріне алмады. Кейіпкерлер желісінің жемісті сарапталуы мен жүйелі ашылуын, мінездердің мінсіз мүсінделуін былай қойғанда, жанды дауыста орындалатын Жәмилә мен Даниярдың әнін ести алмай пұшайман күйде тарқасқанымыз да көңілді күпті етті. Басты рөлде ойнаған Жәмилә – Жауһар Еркіноваға да, Данияр – Қанат Архабаевқа да әлі де тереңірек ізденістер, кейіпкерін бойға сіңірудегі салмақты сараптаулар жетіспей жатты. Сол секілді спектакль костюмі бойынша ізденген дизайнер Кәмила Дауылбаеваның жұмысы да қайта қарауға сұранып тұрғандай. Әсіресе бас кейіпкер Жәмиләнің костюмі көзіқарақты көрерменнің қабылдауын былай қойғанда, тым жұқа әрі шолтаң-шолтаң етіп актрисаның өзінің еркін ойнауына да көп кедергісін келтіргенін байқау қиын емес. Сейіттің анасы рөліндегі әртістің киімін де концерттік емес, дәуір үнін сезініп, сахнаға лайықтап қайта жасаса, спектакльдің қабылдануы да басқаша салмақ алар ма еді деген тілекте үйімізге тарқастық.
Екінші күні де қызылордалық театр ұжымымен Жастар театрында қайта қауыштық. Бұл жолы шығармашылық труппа мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклін ұсынды. Бұл спектакль кеңестік заманның бұлғақты кезеңінде халық ағарту комиссары қызметінде жүріп, ұлттың рухын оятуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің қилы тағдыры турасынан сыр шертеді. Қойылымның режиссері – театрдың ақсақалы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Хұсейін Әмір-Темір.
– Он жылға жуықтапты, Қызылорда облысы Астанаға өнер сапарымен келмеген екен. Осы олқылықтың орнын толтырайық деп облыс әкімі, өнердің үлкен жанашыры Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен елордамызға бар жақсымызды алып келіп қалдық. Біз енді театрда қызмет еткендіктен, әлбетте тартуымыз қойылым ғой. Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры астаналық көрермендерге арнап екі қойылым әкелді. Оның бірі – Ш.Айтматовтың «Жәмиләсі» болса, екіншісі – Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» тарихи драмасы. Өздеріңіз білетіндей, биыл ұлт қайраткері, алаш арысы Т.Жүргеновтің 125 жылдығы. Қазақ үшін өлшеусіз қызмет етіп, теңдессіз еңбек сіңірген тұлғаның мерейтойына қосқан біздің де бір үлесіміз болсын деп осы қойылымды алып келдік. Темірбектей нағыз ұлтжанды азаматтардың ерен еңбегі, тағылымды тағдыры қойылымды тамашалаған әр көрерменге ой салады, жастарымызды рухтандырады деп сенеміз, – деді спектакль режиссері Хұсейін Әмір-Темір.
Қызылорда облысының Астанадағы мәдениет және өнер күндері «Бейбітшілік және келісім» сарайында өткен «Сұлу Сырдан – Ару Астанаға» атты гала-концертпен қорытындыланды. Сыр өнерінің салтанатын көруге Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қырымбек Көшербаев, Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері арнайы келді.
Салтанатты кеш алдында елордалық көрермен «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесімен танысты. Көрмеге аймақтың жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуын суреттейтін құнды экспонаттар қойылған. Атап айтсақ, айтулы көрме Сыр өңірінің тарихын баяндайтын 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көрмеге археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан апасиак сақтарының астанасы болған ежелгі Шірік-Рабат қалашығы (б.з.д. ІV-ІІ ғғ.), Дәшті Оғыздың саяси орталығына айналған ортағасырлық Жанкент қалашығы (VІІ-ХІ ғғ.), Қыпшақ мемлекеті, Ақ Орда және Қазақ хандығының астанасы дәрежесіне көтерілген ортағасырлық Сығанақ қалашығынан (Х-ХVІІІ ғғ.) табылған алтын жапсырмалар, әшекей бұйымдар, баламасы жоқ керамикалық бұйымдар және тағы да басқа бірегей археологиялық жәдігерлер және биыл еліміздің тарихына үлкен ғылыми жаңалық болып енген «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары алғаш рет қойылды.
Екінші этнографиялық бөлімде ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойындағы қазақтар пайдаланған құнды этнографиялық бұйымдар, оның ішінде музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы, үй жиһаздары, киіз үй интерьері орналастырылған. Сонымен қатар Сыр өңірінде өмір сүрген белгілі тарихи тұлғалардың – Бұқарбай батыр Естекбайұлы, Қалмұхаммед ишан Маралұлы, Ер Сейітпенбет әулие, Сердалы би Бекшораұлы, Құлболды ишан Сұлтанұлы пайдаланған қару-жарақтар, мөрлер, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар, шежіре сынды құнды жәдігерлер де көпшілік назарына ұсынылды.
Ал үшінші бөлімде ХХ-ХХІ ғасырларда аймақтың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы дамуының жетістіктері баяндалды. Көрмеге Қызылорда облысының ауыл шаруашылығындағы негізгі өнім – күріштің түрлері, аймақтағы Құмкөл мұнай кеніші, Аралтұз, т.б. өндірілген табиғи байлықтың түрлері қойылған. Сонымен қатар адамзат тарихындағы ғылымның жетістігі саналатын Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы туралы мәлімет беретін экспонаттар – ғарыш кемелері, скафандра, зымырандардың макеттері де мазмұнды көрменің көркін ашты.
Көрмеге қойылған осынау тарихи да, танымдық та мәні зор осынау бай мұраның ішінде, әсіресе археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, жаңғыртудан өткен «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» мүсіндерін, айтыс өнерінің ақтаңгері Мұхтар Ниязовқа берілген «Алтын домбыраны» және өзге де жәдігерлерді тамашалаушылар легі көпке дейін толастамады.
Қызылорда облысы мәдениет күндерін «Сұлу Сырдан – Ару Астанаға» атты өнер шеберлерінің гала-концерті сәтті түйіндеді. Айтулы өнер кешінде Сыр бойынан шыққан танымал эстрада жұлдыздары – Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова, Ғалымжан Нарымбетов, Құралай Мейрамбек, сондай-ақ Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, биыл алғаш рет құрылған симфония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, Сыр өңірінің жыраулық өнер өкілдері және тағы да басқа таланттар өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаны елімізге танымал тележүргізушілер Айкерім Есенәлі, Ғалымжан Кеңшілік және жергілікті концерт жүргізушілері Қанат Әбдіқадыров мен Мереке Жалғас тізгіндеді.
Өңірдің өнер мейрамы Сыр елінің гимніне айналған Елена Әбдіхалықованың орындауындағы автордың «Сыр елім» әнімен ашылды. Одан әрі Қызылорда өңірінің тума таланттарының репертуарындағы әндер мен белгілі ақындардың сөзіне жазылған туындылар орындалды. Атап айтсақ, Роза Бағланованың орындауындағы «Іңкәрім-ай», Ибрагим Исаның сөзіне жазылған «Отандастар» және Батырхан Шүкеновтің «Сағым дүние» әндері жас өнерпаздар орындауында тыңдарман көңілін тербеді. Ал бір дәуірде жасасқан Сыр мақтаныштарының топтамасы Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел!» композициясымен түйінделді.
Сонымен қатар Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Арал ауданының тумасы, күйші, композитор Мұрат Сыдықовтың «Батыр баба» күйін орындады. Экранда шежірелі өңірде тарихи төрт астананың болғандығын баяндайтын бейнетуынды көрсетілді. Сондай-ақ Сыр бойындағы Нұртуған, Жиенбай, Сәрсенбай жырау, Нартай ән-жыр мектептерінің мақам-саздары домбырамен, сырнаймен, қобызбен орындалды. Нұртуған жыр мектебінің өкілі Шолпан Бимбетова, Жиенбай жыр мектебінің өкілдері Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, Нұрай Ерталапқызы, Сәрсенбай жыраудың ұрпағы Майра Сәрсенбаева, Нартай ән мектебінің өкілі Ақмарал Ноғайбаева және Марат Сүгірбай, бала жырау Нөсер Айдосұлы Астанаға жыр шашуын арнады.
Түркітілдес елдерге ортақ Қорқыт бабамыздың қобыз сарынын бүгінге жеткізген қылқобызшылар Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындаса, әнші, «Қазақстан дауысы» мегажобасының және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Құралай Мейрамбек жергілікті ақын Оңталап Нұрмахановтың сөзіне жазылған Рамазан Таймановтың «Қорқыт-қобыз» әнін шырқады.
Бұл концерттің тағы бір жаңалығы – астаналық көрермен өнер мерекесінде тұңғыш рет екі оркестрдің айтысын тамашалады. Кәсіби өнер иелерінен құралған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен жақында тұсауы кесілген симфония оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындады.
Көрермен ретінде көңіл марқайтқан тұс – Сыр бойында дәстүрлі өнермен қатар классикалық музыка жанрының да жанданып, өз биігінде бедер салуы дер едік. Оның тамаша мысалы – концерттің классикалық бөлімінде солистер 5 тілде әлемдік туындылар шеруін жасады. Қазақтың ән өнерін әлемдік сахналарда насихаттаған Мағжан Аманжолов, Мақсат Мақұлбеков, Ақылбек Табынбаев, Сымбат Тасбергенова және есімдері елге белгілі талантты әншілер – Бибігүл Жанұзақ, Ұлпан Әбдікәрімова, Алмат Ізмәнбетов, Асхат Бөлебай классикалық шығармаларды шарықтата шырқаса, «Сыр сандуғаштары» балалар тобы Ринат Гайсиннің «Астана» әнімен елордалық көрермендердің құрметіне бөленді.
Сондай-ақ өнердің үлкен мейрамына ұласқан бұл кешке түрлі жанр, заманауи коллаборациялар, этно-модерн стилінде өнер көрсетіп, қазақ күйлерін басқа аспаптармен сүйемелдеп, кеңістігін кеңейткен баянист-аккордеонист, халықаралық байқаулардың лауреаты, Сыр елінің тумасы Ғалымжан Нарымбетов те шақырылыпты. Ол симфония оркестрінің сүйемелдеуімен француз композиторының туындысын орындады.
Ал мерекелік гала-концерттің эстрада бөлімінде Сыр бойынан шыққан танымал эстрада әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова бастаған өнер майталмандары репертуарындағы елордаға арналған әндерін шырқаса, жергілікті өнерпаздар Жалын Жүсіпов, Айсұлу Әбді, Аружан Төреғали, Ерлан Садықов оркестрлер сүйемелдеуімен Елена Әбдіхалықованың «Қазақ елі» туындысын асқақтатты.
Астана аспанын әуезді ән мен күмбір күйдің мейрамына ұластырған ауқымды кешке жалпы саны 250-ге жуық өнерпаз қатысты. Ал одан бірнеше есе көп көрермен Сыр таланттарының концертін үлкен құрметпен қабыл алды. Дәстүр мен классиканы, эстрада мен эстетиканы қатар ұштастырған ерекше кештен Астана халқы айрықша көңіл күймен тарқасты. Ілтипатын шапалақ үнімен білдірген көрермен қошеметі көпке дейін толастамады.