• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Форум 11 Желтоқсан, 2023

Байланыс нығая түспек

139 рет
көрсетілді

Алматы облысында алғаш рет өткен «Amanat» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I өңірлік форумы халық қалаулылары мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы байланысты нығайтуға негізделді.

Депутаттардың қызметін жандандыру, халықтың партияға деген сенімін арттыру, мәслихат депутаттары мен мем­лекеттік органдар арасын­да­ғы ашық әрі тиімді диалог құру, осы және тағы басқа да мә­селелер Қонаев қаласында өткен «Amanat» партиясынан сайланған бар­лық деңгейдегі мәслихат де­путат­тарының І облыстық форумында айтылды. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ ардагерлер мен партия белсенділері, облыстық бас­қар­ма және департамент басшы­лары да қатысты. Форумның ашы­луында сөз алған Алматы облы­сының әкімі партияның сайлауал­ды бағдарламасы аясында өңір­дің әлеуметтік экономикалық дамуының 10 айына қорытынды жасады.

Оның айтуынша, биыл барлық са­лада өсім қамтамасыз етіліп, жыл соңына қарай жалпы өңірлік өнім көлемін 4,7 пайыз өсіммен 4,6 триллион теңгеге дейін жет­кізу жоспарланды. Бұл ретте пар­тияның 2023-2027 жылдарға ар­нал­ған «Халықпен бірге!» сайлауал­ды­ бағдарламасы шешуші рөл атқарады.

«Биылға жоспарланған 88 іс-шараның 42 пайызы орындалды. Жалпы, жол картасында көзделген 106 іс-шара кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қаражат көлемі 2 трлн 342,4 млрд теңгені құрайды. Партияның саяси бағытын орындау мақсатында өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Аталған фо­рум депутаттар мен жергілікті ат­қарушы органдар арасында Алматы облысының экономикасын дамыту мәселелерін талқылау үшін ашық диалог алаңына ай­налғанын қалаймыз», деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар мәслихат де­путаттарының рөліне тоқталған аймақ басшысы олардың халықтың өзекті мәселелерін шешудегі басым міндеттерін атап өтіп, өңірдегі оң өзгерістерінің бастамашысы болу маңыздылығын айтты.

Ал партия филиалының төрағасы Қуат Байғожаев бұл форум аманаттық депутаттарға мемлекеттік орган басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік жасалған іс-шара екенін айтты.

«Форумды өткізудегі негізгі мақсат – депутаттар мен жергілікті атқарушы орган арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Өйткені депутаттар тарапынан мемлекеттік органдарға көптеген сұрақ туындайды. Сол сұрақтарды бірлесіп талқылап, бірге шешу жолдарын қарастырдық. Мемлекеттік орган басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік жасалды. Маңызды мәселелер талқыланды», дейді Қуат Байғожаев.

Айта кетсек, Алматы облысында барлық деңгейдегі 228 мәслихат депутатының 190-ы «Amanat» партиясының мүшесі. Олар жыл басынан бері 517 қабылдау жүргізіп, 1 мыңнан аса адамды қабылдаған. Оның 817-сінің өтініші оң шешімін тапты. Қалғандарына заң аясында түсініктеме берілді.

 

Алматы облысы