Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылындағы Абай атындағы орта мектептің мұғалімі Темірхан Сағындықов – ағаш пен темірден түрлі ұлттық бұйымдар жасап жүрген нағыз шебер. Ертедегі ауыл ұсталарының кәсібін жаңғыртып қана қоймай, оны қазіргі заманға бейімдеп жүрген еңбекқор жан ауылдастарының үйінде сақталған ескі кебеже, сандықтарды қайта жөндеп шығады. Ол Абай мектебінде 1989 жылдан бері алғашқы әскери даярлық және дене шынықтыру пәндерінен сабақ беріп келеді. Әскери шені – запастағы аға лейтенант. Ескі дүниені жаңартуға әуесқойлықпен барғанын жасырмайды.
Ұстаз бос уақытын үйінің ауласындағы шағын шеберханада өткізеді. Ауылдастары әкеп берген кез келген затты кәдеге жаратып, темірден де, ағаштан да түрлі бұйымдар жасай береді. Оның қолынан шыққан тамаша мүсіндер Ақкөл мектебі мен балабақшаның кіреберісіне қойылған. Темірхан балабақша ауласын балдырғандардың ойнауына лайықтап безендіріп, әткеншектерді өз қолымен жасады. Кейінгі жылдары Ақтөбедегі мейрамхана, демалыс орындары Темірханға сәнделген сандықтар жасауға тапсырыс беріп жүр.
50-жылдарға дейін қазіргі Әйтеке би ауданы ауылдарында әйелдердің әшекей заттарын, сүйек пен ағаштан жасаған тұрмыстық бұйымдар, темірден шаруашылыққа қажет саймандар соққан ұсталар көп болды. Сол заманда әр үйде кебеже-сандық, ыдыс-аяқ жинайтын шкаф, сүйектен жасаған кереует болатын. Ауыл ұсталары соғыс жылдары, одан кейін де шаруашылықтың қажеті үшін соқа, тырма, күректі өздері ұстаханаларда соқты.
Шебер ұстаз қолөнер бұйымдарын жасаудан түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орын алып жүр. 2009 жылы Ақтөбе облысының ең үздік мұғалімі атанды, «Қазақстанның үздік ұстазы», «Озат педагог» медальдарымен марапатталып, республикалық озаттар энциклопедиясына енді, Білім және ғылым министрінің Алғысхатына ие болды. Қолөнерге бейім оқушыларын өз кәсібіне баулып жүрген Темірхан ұстаз ертедегі шеберлердің өнім жасау технологиясын тереңірек үйренгісі келеді. Ол үшін қолөнершілер өзара тәжірибе алмасатын орталықтар көбірек қажет дейді.
Ақтөбе облысы